Шығыста рекордтық аяз: -60 градус қай елді мекенде? (видео)
Алтайды аяз буып тұр. Бір жұма бұрын ақ түтек боранның соңы үскірік аязға ұласқан еді. Енді шыңылтыр аяз шығыс жұртшылығын шындап қыса түсті. Бүгін таңертең облыс орталығында ауа температурасы -39 градус болды. Ал редакцияға хабарласқан ауылдықтар сынап бағанасы алпыс градустан төмен болды деп жатыр. Бұл Глубокое ауданындағы Малоубинка ауылының тұрғындары еді.
Рекордтық аяз осыдан алты жыл бұрын да Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Ол кезде Бородулиха ауданындағы Новопокровка ауылында термометр бағамы -48 градусқа дейін төмендеп, әлем рекордын жаңартуға шақ қалған. Әлемдегі ең суық қала деп танылған Сібірдегі Оймякон аймағында 1926 жылы -50 градус температура, ал 1924 жылы -71,2 градус тіркеліпті. Осы оқиғаға байланысты, тіпті, мемориал тақта да қойылған.
Алайда Шығыстың бас шаһарынан жетпіс шақырым қашықтықта орналасқан Малоубинка ауылында адам айтса сенгісіз жағдай болып тұр. Тұрғындардың дәлел ретінде жіберген фотосуреттері мен бейнежазбаларын ұсынамыз.