Марқакөлде «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен екі пәтерлі 10 үй салынады (видео)
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Марқакөл ауданының тұрғындарымен кездесті.
Қазір мұнда ауданды қалпына келтіру бойынша дайындық жұмыстары республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кетейік, 1997 жылы Марқакөл ауданы тараған соң шаруашылықтар тоқтап, кәсіпкерлік нысандар жабыла бастады. Ел қалаға қарай үдере көшті. 1999 жылдан бастап бүгінге дейін Марқа өңіріндегі халық саны 11 мың адамға кеміген. Қазір ел Үкіметі мен облыс әкімдігі шекара маңындағы өңірлерді дамыту үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр.
Бұл өңірдің тағы бір артықшылығы – туристік әлеуетінің жоғары болуы. Рас, Марқаның табиғаты ерекше, айдынды көлі, ескі Аустрия жолы, Марқакөл қорығы бар, туризмді дамытуға өте қолайлы. Қазір Марқакөл көлінің жағалауында туристік қызмет жүргізуге арналған бес жер телімі белгіленіп, конкурс өткізілмек.
Жаңадан кәсіп ашқысы келетіндерге «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыз үстеме ақымен шағын несие беруге 428 млн теңге жоспарланып, 57 жоба бойынша құжаттар әзірленгенін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов айтып өтті.
Марқакөл ауылында күрделі жөндеу жүргізетін 10 ғимарат анықталды, сегіз нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын.
Сонымен қатар Қалжыр өзеніне ГЭС салуға инвестормен келісім жасалды. Айта кетейік, Марқакөл өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына 2020-2023 жылы 3,7 млрд теңге қаржы бөлінген болатын.
Жергілікті жұрт Марқакөлдің аудан болуын қайта ірге көтеруін жылдар бойы армандап келген. Сондықтан болар бұл өңірдің тұрғындары Мемлекет басшысының ауданды қайта құру туралы тарихи шешімін қуана қабылдаған.
Аудандық мәслихаттың төрағасы елдің көкейіндегі бірқатар мәселені тілге тиек етті. Айталық, ол шекаралық ауылдарға жұмыс істеуге келетін жас мамандарға берілетін жәрдемақыны үш есеге арттыру, шекаралық аймақта бала туғанда берілетін әлеуметтік көмек пен ай сайынғы жәрдемақының мөлшерін көбейту, шағын және орта бизнес субьектілеріне салық жеңілдіктерін беру сияқты ұсыныс-тілектерді елдің атынан вице-министрге жеткізді.