KZ
Өскемен
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
485.04 525.98 5.04

Биыл елімізде қанша көмір өндіріледі

9.10.2024, 14:30 94 Төлеуғазы Жансая

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі елімізде көмір өндіру көлемі мен оның бағасына қатысты түсінік берді,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform порталына сілтеме жасап.

«Биылдың соңына дейін 112,7 млн тонна көмір өндіру жоспарланған. Көмір өндіруші кәсіпорындардың жедел деректері бойынша осы жылдың 9 айында 77,7 млн тонна көмір өндірілді. Бұл ақпарат статистикалық деректер жарияланғаннан кейін бекітіледі. Министрлік коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірмен қамтамасыз етуге жауапты. Коммуналдық-тұрмыстық секторға жіберілетін көмірдің бағасы екі кен қазбасында өсті. Егер былтыр «Шұбаркөл Көмір» кенішіндегі тоннасы 7100 теңгені құраса, биыл ол 8000 теңгеге дейін көтерілді. «Қаражыра» кенішінде 8500 теңгеден 8700 теңгеге дейін өсті. Ал «Майкөбе» мен «Шұбаркөл Премиум» кенішіндерінде былтырғы бағасы өзгеріссіз қалды. Кен орнында «Майкөбе» көмірі 7100 теңгені, «Шұбаркөл Премиумда» 9000 теңгені құрады», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.  

Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес, еліміздің әр өңірінде көмір бағасы 8000-нан 28000 теңгеге дейін ауытқиды. Себебі көмір кенішінен тым алыста орналасқан шалғайдағы өңірлер бар. Бағаның қалыптасуы көмірдің маркасына, тұтынушыға дейін тасымалдайтын қашықтыққа, көлік түріне, теміржол тарифтеріне және теміржол тұйықтарының орналасуына байланысты.

«Жылу беру маусымына елімізде көмірге қажеттілік шамамен 8,2 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке — 2,2 млн тонна, халыққа — 6 млн тонна. Биылғы 7 қазандағы жағдай бойынша өңірлерге теміржол және автомобиль көлігімен 3,3 млн тоннаға жуық көмір жеткізілді. Өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету көрсеткіші жылдық жоспарға қатысты 40,2% болды. Көмірді жеткізу жылу беру маусымы барысында жалғаса береді, яғни осы аралықта өңірлерде қажет отын көлемі қамтамасыз етіледі», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет басшысы Олжас Бектенов тұрғындар көмірді тұрақты бағамен сатып алуы үшін ешқандай қиындық болмауы керек екенін тапсырды. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив