Асық технологиясын қолданатын Зайсандағы балабақша (Фоторепортаж)
Бақыт Қалиасқарқызы өмірлік ұстанымын қаперден еш шығармайды. Еңбекқор зайсандық нәзік жанның кәсіпкерліктегі жолы сауда, туризм саласынан басталған. Алғашқы қадамдар тыңғылықты әрі тынымсыз жұмысты талап етті. Үш баланың анасы үшін үйдегі де, түздегі де шаруаларды дөңгелету оңайға соқпаған.
Әуелі отбасына арнап тұрғызылған үй балғындарды тәрбиелеу ордасына айналды. Келушілер көбейіп, сұраныс артқан. Кәсіптің тамырын дөп басқанын түсінген нәзік жан кейін оны кеңейтуге мықтап кіріседі.
Дүкеннен басталған кәсіп
Біз Зайсандағы "Балапан" балабақшасына табан тірегенде түскі уақыт еді. Бүлдіршіндер шырт ұйқыда. Тәрбиешілер аяғының ұшымен жүріп, ұйықтамаған балаларды тербетіп, олардың жайлы ұйқысы үшін бар қамын жасап жатты.
Мемлекеттің "Балапан" бағдарламасының шарапаты зайсандық балдырғандарға да тиіп отырғаны ерекше қуантты. Шаттық шаңырағы тура жаңа жыл қарсаңында ел игілігіне берілген екен. Дегенмен бұл іспен кәсіпкер 5 жыл бұрын айналыса бастаған. Мектепке дейінгі білім беру мекемесін ашудың басы неден басталды? Ол туралы кәсіпкерлдің өзінен сұрап көрдік.
- 2000 жылы қараша айында екінші қызыма 11 ай болғанда Заречный көпірінде жол апатына түстім. Қол аяғым сынып, сау жерім қалмады, - деп бастады әңгімесін тағдырдың тауқыметін тартқан кәсіпкер. - Осылай 2 жыл төсек тартып, жаттым. Жағдайымыз да нашарлай бастады. Кейін аяққа тұрып, түрлі-жеміс жидектерді егіп, өсіріп, саудаға шығардым. Өйткені балаларымды елден қалдырғым келмеді. Осылайша ептеп 2005 жылы "Айдана" азық-түлік дүкенін, ал 2007 жылы "Жібек жолы" деген туристік фирма аштым. Визасыз бір күндік тур болатын. Кейін серіктестік негізінде директорлар мен мұғалімдерді Қытайға апарып жүрдік. 2010 жылдары 3 күндік визасыз турлар ашылды. Осылай туризм саласындағы кәсібім дөңгелеп кетті. Ал бұл кезде, яғни, 5-6 жыл бұрын Зайсанда балабақша болмаған еді. Тек мемлекеттік қана болатын, ал оған кезек көп. Әкімдіктегілер маған осы балабақша ісімен айналысуыма қолқа салып, қолдай бастады. Оның үстіне өзімнің және үлкен қызымның педагогикалық біліміміз бар. Қызымызға арнап тұрғызған үйден балабақша ашайық деп шешім қабылдап, осы игілікті істі бастап кеттік.
Алғашқы балабақша 40 балаға шақталғаннан кейін кәсіпкер 2017 жылы тағы 60 балаға арналған балабақша салуды ұйғарған. Екінші ғимарат та балаға толып, 2018 жылы тағы бос тұрған ғимаратты сатып алып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізген.
- Қазіргі балабақшаның ғимараты бұрын адам көргісіз күйде болған, - дейді кәсіпкер. - Сенсеңіздер, бұл жерден 10 Камаз қоқыс шығардық. Жалпы жөндеу жұмыстарына 15 млн теңгедей қаражат кетті. Қазір осы балабақшаны ашқалы бері демеушілік жасауды да қойдым. Өйткені бұл басқа бизнес, тіпті, бизнес деуге де келмейді. Бұл - әлеуметтік кәсіпкерлік.
Осылайша адам көргісіз ғимаратты ретке келтіріп, ескі ғимарат 2018 жылы қыркүйекте балабақша болып ашылған. Алайда ол кезде мемлекет келісімді қаражатты бірден бере қоймаған. Бастапқы кезеңде барлық қызметкерлерді кәсіпкер өз қаражатына қамтамасыз етіп отырған.
- Шынымды айтсам, қаржыны әрең жеткіздім. Кейін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде қаржы бөлініп, келісімшарт жасалды, - дейді Бақыт Қалиасқарқызы.
Мектепке дейінгі мекемеге баласын берген ата-аналар айына 10 мың теңге төлейді. Қосымша осы көлемдегі қаражат мемлекеттен бөлінеді. Осылайша келісім негізінде мемлекет балабақша қызметкерлерінің жалақыларын төлеп береді. Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде балабақшалар 24 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы қызметкерлердің орташа айлық жалақысы - 60 мың теңге. Жалпы мекеме бөбекжайға арналған барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. 4-5 педагог-тәрбиеші кіші және орта топтарға бөлінген 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды тәрбиелейді.
Бақыт Қалиасқарқызы өзінің талмас талабының арқасында еңбегі еленіп, "Үздік кәсіпкер" атанып, облыс әкімінің алғыс хатымен де марапатталған. Ол мұнымен шектелмек емес. Енді нәзік жан үшінші балабақша ашуды жоспарлап отыр.
- Қазір осы ашылған балабақшада 25 баладан 2 топ бар. 3-ші топты ашу үшін ғимаратты жалғадық. Өйткені балалар көбейіп жатыр. Сұраныс көп, - деді Бақыт ханым.
Бүлдіршіндерді дамытуға бірегей методикалық құрал
Мектепке дейінгі кезеңнен бастап ұлттық тәрбиені қалыптастыру, баланың физикалық және ой-өрісінің дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологияларды іздестіру өте өзекті. Осы орайда Зайсандағы "Балапан" балабақшаларының ұжымы ұлттық кодты қалыптастырудың педагогикалық құралы ретінде қарапайым асықтың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отыр. Балабақшаның асық технологиясы - бүгінгі бүлдіршінді дамытуға қажетті бірегей методикалық құрал. Асықты бар ынта-жігерімен ойнаған балалардың жан-жақты дамитындығын дәлелдеген балабақша басшылығы бүгінде аудандық деңгейде семинарлар өткізіп, төл тәжірибелерімен бөлісуде.
- Сынбайды, қолға да ыңғайлы. Ал ойыншықтарды бір аласың, ертеңінде сынып жатады. Оның үстіне, қазір ойыншықтардың құрамынан түрлі химиялық заттар табылып жатыр. Ал асық технологиясында барлығы дәлелденген. Астана, Алматы қалаларында 20 балабақша осы технологияны қолданыпты. "Бізге де неге қолданбасқа?" деп ата-аналарға ұсындық, олар да технологияны енгізуге келісті. Асықты ойыннан бөлек оқу үдерісіне қостық. Бала асықты бояу арқылы түстерді ажырата білуді үйренеді. Яғни, бүлдіршін ақ парақтағы шеңбер ішіне асықты бояуға малу арқылы нүктелер түсіреді. Сөйтіп әр баланың қағазға түсірген бояуы түрлі кескінге айналып, бүлдіршіндерді қуанышқа бөлейді. Ал асықты ұяшықтарға салу баланың саусақ буындарына өте пайдалы. Әсіресе, 3 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға пайдалы, - дейді кәсіпкер.
Балалар боялып, тесілген асықты бір түстен кейін екінші түсті жіпке өткізіп, тізбектейді. Тізу арқылы бала түстерді бір-бірінен ажырата алады, қолының ұсақ моторикасы дамиды. Саусақтарымен жұмыс жасау арқылы саусақтары иілгіш болып жаттығады. Мұның бәрі баланың қиялы мен ойын, ұшқырлығын, зейінін жан-жақты дамытуға сеп. Асық терапиясы балалардың қимыл-қозғалысын реттеуе, кеңістікті бағдарлай білуге, сөздік-логикалық ойлауды сатылай қалыптастыруға, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауға, сабырға, бірлесе әрекет етуге тәрбиелейді. Сондықтан жаңа мазмұнды ойындар, жаттығулар құрастырып, оқыту барысында қолданылып отыр.
- Төсектердің жанына қоямыз. Асықтан құралған тақтайшалармен жүру арқылы балалардың аяқ, қол еті қатаяды, қабілеті артады. Табандағы жүйке нүктелері арқылы ойлау қабілетінің дамуына, жалпақтабанның алдын алуға болады. Жалпы балаларға қызық. Басқа ойыншықтармен бас салып бұлай ойнамайды, - дейді Бақыт Қалиасқарқызы.
"Балабақша - ігілікті іс"
Нәзік жанды кәсіпкердің арқа сүйер жары, қызығын көріп келе жатқан 2 қыз, 1 ұлы, немерелері бар. Үлкен қызы Айнұр өзінің өкшесін басып, кәсіпкерлікке бет бұрып жатса, ұлы аудандық ауруханадағы жан сақтау бөлімінде науқастардың өмірі үшін күресуде. Ал сүт кенжесі Айдана Алматыдағы Сулейман Демирель атындағы университетте ғылыми математика мамандығында білім алып, арман жолында жүр.
- Қам-қарекетсіз отырсаң, несібеңнен құр қаласың. Сондықтан тәуекелге бел буып, жеке кәсіппен айналысу - дұрыс шешім. Өз-өзіңе деген сенімділік пен қиындыққа мойымау табысқа жетелейтініне көз жеткіздім. Тек бастапқыда күні-түні дамылсыз еңбек етуге тура келеді. Сонда ғана оның жемісін көресің, - деп нәзік жанды кәсіпкер табыстың кілтімен бөлісті. - Ал балабақшамен ақша табасың деп айта алмаймын. Балабақша - игілікті іс. Қоғамға, туған еліңе пайдалы кәсіп. Ал ұлтымыздың болашағы бүлдіршіндердің тәрбиесіне үлес қосу - аса жауапты іс.