ШҚО турфестивальдері Дүниежүзілік туристік ұйым тізіміне енуі мүмкін
2029 жылға дейін Шығыс Қазақстан 650 мың турист тартуды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 200 мың адамға көп. Мұндай деректер облыстық әкімдікте өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы ШҚО-ға 428 мың турист келген, олардың 18 мыңы – шетелдіктер. Салаға 15 миллиард теңге инвестиция салынып, 5 люкс экоқонақүй мен туристік базаның құрылысы аяқталды. Демалыс орындарының нөмірлік қоры 500-ден астам орынға артты.Туристік бағыттарға апаратын 121 шақырым жол жөнделді, ал биыл танымал туристік нысандарға дейінгі кішігірім жол учаскелерін асфальттау басталады.
Мамыр айында Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежай құрылысын бастау жоспарланған.
Ауылдық туризмді дамыту мақсатында 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 27 жобаға 468 миллион теңге несие берілді. Биыл бұл жұмыс күшейтіліп, аудандық туристік жобаларды қолдауға 1,5 миллиард теңге бөлінеді.
Дегенмен, көптеген кәсіпкерлер салықтық және статистикалық есептіліктен жалтарып, көлеңкелі экономикада жұмыс істеуді жалғастыруда. Өткен жылы Ұлан, Алтай және Самар аудандарындағы туристік аймақтарда жүргізілген тексерістердің нәтижесінде 100-ден астам заң бұзушылық анықталып, олардың жартысынан көбі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кеңес қорытындысы бойынша ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов заңсыз жұмыс істейтін туристік нысандарды бақылауды күшейтуді және туризмді дамытуға бөлінетін қаржыландыруды ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.