Марқакөл қорығы жаңа 10 туристік бағытпен толықпақ
Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамыту мәселелері бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Құжатта инфрақұрылым мен бас жоспарларды әзірлеуден бастап, инвестициялық тартымдылық пен туризмдегі цифрлық технологияларды дамытуға дейінгі негізгі мәселелер қарастырылған, деп хабарлайды Altaіnews.kz тілшісі.
Биыл қолданыстағы туристік маршруттар мен соқпақтарға түгендеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа бағыттар әзірленбек.
Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келіссөздер нәтижесінде Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы аумағында 10 туристік соқпақ құру туралы келісімге қол жеткізілді. Алайда бұл мәселе 2024 жылдың тамыз айынан бері шешімін таппай келеді.
Кеңес қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала және аудан әкімдеріне қолданыстағы туристік соқпақтарды түгендеу және жаңаларын құру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.