KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОБ
518.57 566.59 6.05

ШҚО-ға 855 миллиард теңге инвестиция тартуға жол ашылды

3.04.2025, 20:00 169 Төлеуғазы Жансая

2024 жылы Шығыс Қазақстан облысының экономикасына 768,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, аймақтың даму қарқыны айқындала түсті. Жеке инвестициялар көлемі 9,6 пайызға артып, 545,9 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш - кәсіпкерлік белсенділіктің артуы мен инвестициялық саясаттың тиімділігін дәлелдейтін айшықты мысал. Инвесторлар үшін тартымды болып отырған негізгі бағыттардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау және жылжымайтын мүлікпен байланысты қызмет көрсету салалары бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2024 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша облысқа тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 646 млн АҚШ долларынан асты. Алайда, бұл сома жылдық жоспардың 26,3 пайызына ғана тең. Аталған көрсеткіштің жоспардан төмен болуына бірнеше факторлар ықпал етті. Атап айтқанда, барлық есептеулер мен жоспарлардың Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының әкімшілік бөлінісіне дейін жасалғандығы, сондай-ақ ағымдағы жылы шетелдік қатысуы бар ірі инвестициялық жобалардың жүзеге аспауы және Eco Meat Vostok компаниясының ет өндірісі бағытындағы жобасының тоқтатылуы.
ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиевтің мәлімдеуінше, 2024 жылы өңірде жалпы құны 45 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба іске асырылып, 381 жаңа жұмыс орны құрылған. Алдағы кезеңде жалпы сомасы 101,7 млрд теңгеге бағаланатын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға әлеует жеткілікті. Бұл өз кезегінде қосымша 688 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік бермек.
Облысқа тартылған инвестициялардың 90 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл көрсеткіш өз кезегінде өндірістік әлеуеттің зор екендігін көрсеткенімен, басқарма басшысы кейбір өңірлік әкімдіктердің жаңа өндірістік алаңдарды дамыту бағытындағы жұмыстарының жеткіліксіз екенін атап өтті. Аудандық деңгейде ұсынылып отырған жобалар саны өңірлік әлеуетке сай келмеуде. Әсіресе балық шаруашылығы, туризм және табиғи ресурстарды игеру бағыттарында іске аспаған мүмкіндіктер бар.
2025 жылы Шығыс Қазақстан облысына 855 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуға барлық алғышарттар қалыптасқан. Алдағы кезеңде қаржы ағындарын негізінен өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика және жабдықтарды жаңғырту салаларына бағыттауға басымдылық берілмек.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов инвестициялық саясатты іске асыруда нақты бақылау мен жүйелі сүйемелдеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, инвесторлармен жұмыс жүргізуді жандандыру қажеттілігін алға тартты.

- Мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен түсіндіру, шағын өнеркәсіптік аймақтардың дамуына жан-жақты жәрдем көрсету, жобаларды іске асыру барысында әкімшілік кедергілерді азайту – бұл бағыттағы басым міндеттердің бірі. Әсіресе жеңіл өнеркәсіп және халық тұтынатын тауарлар өндірісіне ерекше басымдық беру қажет. Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушыларды қолдау арқылы олардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін қалыптастыру аса маңызды, – деп қорытты өңір басшысы.


Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу