Fly Arystan әуе компаниясына қатысты тергеу жүріп жатыр

gov.kz
Аталған әуе компаниясының билет бағасын негізсіз көтергені анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі kaz.inform.kz порталына сілтеме жасап.
Жуырда FlyArystan әуе компаниясына қатысты монополиялық жоғары баға мәселесі бойынша тергеу жүргізу басталды. Қазіргі уақытта тексеру жүріп жатыр, егер заңбұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қабылданады. Бұл туралы Болат Сәмбетов Сенат қабырғасында өткен іс-шарада хабарлады.
Агенттік өкілінің айтуынша, аталған компанияға қатысты бұған дейін де тергеу жүргізілген. Монополиялық жоғары баға дегеніміз – белгілі бір бағыт бойынша, мысалы, Алматы немесе Шымкентке билет бағасының басқа компанияларға қарағанда айтарлықтай жоғары болуы. Тергеу барысында компанияның нарықтағы үстемдік ету факторы анықталады, яғни оның әділ бәсекеге әсер ету мүмкіндігі бағаланады. Егер компания нарықта үстемдік етіп, негізсіз жоғары баға белгілегені анықталса, бұл монополиялық жоғары баға болып саналады.
Бәсекелестікті қорғау агенттігі басшысының орынбасары заңбұзушылық анықталған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылатынын да айтты. Егер әуе компаниясының билет бағасын негізсіз қымбаттатқандығы дәлелденсе, оған әкімшілік айыппұл салынады. Айыппұл айналымның 5%-ын құрайды, сондай-ақ негізсіз баға айырмасы тәркіленеді. Сонымен қатар, компанияға бағаны төмендету туралы нұсқама беріледі.
Бұл шаралар жолаушылардың құқықтарын қорғау және әуе тасымалы нарығында әділ бәсекені қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр.