KZ
Өскемен
-9°
туман жел 1 м/с, В
523.86 544.34 5.11

Өскемендіктер «Амал күнін» атап өтті

14.03.2023, 12:00 425 Оразай Жеңісұлы

Шығыстың бас шаһары – Өскеменде Наурыз мейрамы басталып кетті.

 Оралхан Бөкей атындағы орталық кітапханада «Амал күні» атап өтілді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Бұл күні халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.

Кітапхана қызметкерлері осы бір игі дәстүрді жалғап, қала жастарын Оралхан Бөкейдің төрінде қонақ етті. Қос тарап құшақтасып қауышты. Іс-шараны ұйымдастырушылар өскелең ұрпаққа ұлттық мейрамның мән-маңызын кезекті мәрте түсіндіріп өтуді жөн көрсе керек.

– Кеңес кезеңінде ата-баба дәстүрімен сабақтасқан ұлттық мейрам Наурызды тойлауға тыйым салынды. Тек араға 62 жыл салып қана 1988 жылы Наурыз мейрамы қазаққа қайта оралған еді, – деді жүргізушілердің бірі тарихтан сыр тартып.

Осы сәтте Алтайдың асқақ жыршысы Оралхан Бөкейдің Ұлыс күніне жазған тілегі оқылды. «...Бәр-бәріңізді құшақтар едім... құшақ жетпейді...» деген тебіреніс бар ол лебізде. Осы сөздер іс-шараның ажарын одан сайын аша түсті. Оған қоса әсем әуен әуеледі, жыр-терме де айтылды.

– Меніңше, бұл жылылық сыйлайтын мереке. Бұл күні адамдар бір-біріне ерекше мейірбан болып кететіндей көрінеді. Наурыздағы көңіл күй жыл бойына сақталса деймін. Бәлкім, ол үшін Наурыз мейрамын шын қуанышпен қарсы алу керек шығар, – дейді Алина есімді студент.

Иә, облыс орталығында ұлы тойдың дүбірі естілді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлыс күніне байланысты жоспарланған іс-шара көп.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу