KZ
Өскемен
пасмурно жел 2 м/с, З
494.87 520.65 4.91

Вера Правдина: «Рүстем Есдәулеттің қойылымдарын тамашалайтынмын»

2.05.2023, 11:07 2 952

Вера Правдина мен Фарид Исмаилов – отасқандарына бірқатар жыл болған жұбайлар. Дін мен ұлт айырмашылығы түсінісуге кедергі келтірмейтінін жеткізген ерлі-зайыптылар екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Балаларына Марлен, Валерия және Виктория сынды заманауи есім сыйлаған олар ешқашан екі ұлттың салт-дәстүрінің біріне басымдық бермеуге тырысатынын жеткізді. 
Вера Правдина – театр режиссері және актриса. Қазіргі таңда сахна тілі бойынша ұстаздық қызмет етеді және радио мектебінде сабақ береді. Одан өзге, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында риторика және шешендік өнер бойынша оқытушы, облыстық орыс ұлты мәдениет орталығының төрағасы, «Дикий кот`с» театрында режиссер және актриса. Вера одан өзге айналысатын хоббиінің жоқтығын, уақытының тығыздығын жеткізді. «Бүкіл өмірім хобби шығар», – дейді кейіпкер. Өскемен қаласының тумасы, 42 жаста. 
Ал 1976 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген Фарид Исмаилов – мамандығы бойынша вокалист, әнші. Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде өңірге жолы түсіп, тұрақтап қалған ол өзі аралаған өзге өңірлерден Өскемен тұрғындары қонақжайлылығы мен ашық-жарқын мінезімен ерекшеленетінін айтады. Қазіргі таңда Фарид те жарымен қатар аталған театр сахнасында өнер көрсетіп жүр. 

 
– Қалай таныстыңыздар?
–    Вера бастамашы болды, – деп әзілдейді Фарид. – Мен облыстық филармонияда (қазіргі «Ертіс концерт») жұмыс істейтінмін, ал Вера «Достық үйінде» еді. Бір мерекеде әріптестерімен әнгімелесіп тұрған Вераға көзім түсті. Маған қатты ұнап қалғаны үшін «бастамашы» болды деп санаймын. Алайда жанына барып, танысуға батылым бармады. Тек сыртынан тамсанып қарап тұрдым. 
–    Сол Наурыз мерекесінен кейін бір жыл өткенде Фарид жұмысқа шара суреттерін әкеліп берді. Кейін концерттерде бірге жүргізуші болдық. Бастапқы кезде әріптес, дос ретінде араластық. Кейін ол романс, махаббат тақырыбындағы әндерді арнай бастады, – дейді Вера. 
– Ата-аналарыңыз өзге ұлт өкілімен отау құру туралы шешіміңізге қалай қарады?
–    Ата-аналарымыз қарсы болмады. Керісінше, қолдау көрсетіп, қуанышымызды бөлісті. 
– Отбасыңызда қандай мереке тойлайсыздар? Қандай салт-дәстүрлерді орындайсыздар? 
–    Біз барлық мерекені тойлаймыз. Наурызда ет асып, «Пасха» кезінде жұмыртқа бояп, «Масленица» үшін құймақ пісіреміз. Тамақ ішкенді жақсы көреміз, сондықтан мереке атаулының бәрін атап өтеміз, – дейді әзілқой Фарид. 
–    Біз балаларымыздың тұсауын кестік, өйткені бұл – екі ұлтқа ортақ дәстүр. Бұл салтты көптеген ұлттар ұстанады. Сонымен қатар қырық шелпек пісіріп, балаларымызды қырқынан шығардық. Тойымызды да бір ұлтқа бұра тартпай, заманауи стильде өткіздік. Себебі біз Қазақстанда тұрамыз. Біз барлық салт-дәстүрді білеміз және қадірін түсінеміз, алайда бәрін орындаймыз деп айта алмаймын. Біздің отбасы орыс және қазақ ұлтының өкілдерінен құралғандықтан, осы екі ұлттың дәстүрлеріне басымдық береміз. Қоғамды біріктіріп, адами құндылықтарды бекем ету мақсатында орындалатын салт-дәстүрлер ғажап. Кез келген ұлттың дәстүрі адамгершілікке жетелейді. Біз олардың барлығын орындауға тырысамыз.  
– Дін тұрғысынан түсініспеушілік орын алмай ма?
–    Мұндай мәселе туған емес. Дінімізде де аса бір айырмашылық жоқ деуге болады. Түсінісу үшін тіл бар ғой. Егер біз дініміз бен ұлтымызға қарамастан бәрін талқыласақ, келіссек, өзіміздің дініміз бен салтымызды түсіндірсек, түсініспеушілік, араздық аз болмақ. Жалпы алғанда, кез келген түсініспеушілікті шешуге болады. Ең бастысы, келіссөз үстелінде уақтылы бас қосып, араздыққа жеткізбеу, – дейді Вера Правдина. 
– Отбасында қандай құндылық маңызды?
–    Меніңше, отбасында бәрі маңызды. Махаббат әрқашан сыйластықпен, түсіністікпен қатар жүреді. Біз балаларымызға махаббаттың, сыйластықтың үлгісін көрсетеміз. Аталғандардың бәрі отбасын құрайды, – дейді Фарид. 
– Елдегі ұлт пен ұлыстар қарым-қатынасы туралы не айтар едіңіз?
–    Елдегі сан ұлт арасындағы достық – ғажайып дүние. Басқалай болуы мүмкін емес. Бәріміз – бірдейміз. Бір-бірімізден теріміздің, көзіміздің түсімен ғана өзгешеленеміз. Бәріміздің жаратылысымыз бірдей. Талай ұқсастығымыз бар, сөйте тұра әрқайсымызды ерекшелейтін өзгешелігіміз де жетерлік. Бұл – дос болудың тағы бір себебі. Еліміз – сонша ұлт пен ұлыстың ынтымақ пен бірлікті ұстанып, қатар өмір сүруінің үлкен үлгісі. Сонымен бірге, ұлт пен ұлыс өкілдері бір-бірін құқығы мен салт-дәстүрі, діні және өзге себептер үшін кемсітпейтін жер. Бұл – таңғаларлық достық. Бұл – толеранттылық емес. Себебі толеранттылық – ол төзімділік, өзгеге немқұрайды, бейжай қарау. Ал Қазақстанда нағыз ұлттар достығы бар. Себебі жеке өзіме Пасха, Масленицада құттықтау жолдайтындардың басым көпшілігі – қазақтар. Біздің өміріміз соншалық тығыз тоғысқан. Біз мерекелерді бірге тойлап, дәстүрлерді қадірлейміз. Кейінгі ұрпақты, балаларымызды да соған баулимыз, – деп бөлісті Вера. 

 
– Әлемдегі ахуал Қазақстан халқына әсер етеді деп ойлайсыз ба?
–    Әсер еткенін қаламаймын және солай болады деп үміттенемін. Себебі ұлттық ерекшелік – адамдарды бөлуге болатын ең маңызы шамалы белгі. Ең маңыздысы – адамның пікірі мен ұстанымы, – деп ойын жеткізді Вера Правдина. – Мен елімізде қақтығыс ұстанымын қолдайтын орыс ұлтының өкілдері жоқ екеніне сізді сендіре аламын. Мен кездестірген орыс ұлты өкілдерінің баршасы – өз Отанын сүйетін, шетелге шықса, өзін қазақ ретінде таныстыратын жандар. Ұлттық ерекшелік тұрғысынан орыс болғаныммен, шетелге шықсам, өзімді қазақпын деп айтамын. Менің Отаным – Қазақстан және мен өзге елдің аумағында тұратын орыс ұлты өкілдерінен өте қатты өзгешемін әрі бұл қалыпты жағдай, себебі біз ұлтымызға қарамастан тұрған жерімізге тән менталитетті, мінезді бойымызға сіңіреміз. Біздің қоғамды араздастырып, елді кішкентай бөліктерге бөлгісі келетін сыртқы күштер бар. Ішіне іріткі кірген елді ыдырату оңай болмақ. 
– Вера, режиссер ретінде өзге ұлттардың мерекесін ұйымдастырып көрдіңіз бе?
– Әрине, көп ұлттың мерекелік кештерін ұйымдастырдым. Дәлірек айтқанда, корей халқының Жаңа жылын және өзге мерекелерін, қазақ халқына тән Наурызды, орыс халқы тойлайтын Масленицаны және өзге мерекелерді ұйымдастырдым. Тіл мен киім ауысқанымен барлық мерекенің айтары бір. Олардың бәрі жарық шашып, жақсылық әкеліп, жарқын болашаққа деген үмітті бекем етеді. 
– Сіз облыстық Драма театрында жұмыс істейсіз. Әріптестеріңіздің қазақ тіліндегі қойылымын тамашалаған сәт болды ма?
– Қазіргі таңда баратын мүмкіндігім болмады. Өнердің тілі жоқ, ол сол үшін де өнер атанбақ, – дейді Вера. – Бұрындары уақытым тығыз болмаған шақтарда қойылым көруге баратынмын. Рүстем Есдәулеттің кейбір қойылымдарын тамашалайтынмын. 
– Қазақстанның болашақта қандай болғанын қалайсыз?
– Көркем, жасыл, мықты. Яғни, қару-жарақ тұрғысынан емес, азаттық тұрғысынан мықты болғанын қалаймын. Еркіндіксүйгіш қалпымыздан таймасақ екен. Өйткені біздің тағы бір ұлттық қырымыз бар. Ол – жалпылдау мен жағымпаздыққа ұласатын қонақжайлылық. Қазақстан – бәрі танып, тамсанатын ел болса деймін. Халқымыз біздің елдің азаматы деген атты мақтана алып жүргенін қалаймын. Елімізге тартылатын инвестиция сауатты, ақылмен қолданылса деген де үміт бар. 
– Ел азаматтарын не ұйыстырады деп ойлайсыз? 
– Коммуникация. Түсінісе алу, өзгені тыңдау, қарым-қатынас жасау қабілеті – ең дұрыс жол, – дейді Вера Правдина. – Әрі ол барынша мүмкін дерек. Дұшпандық түсінбеушіліктен туындайды. Біз өзгені тыңдаған сайын ортақ дүние көп екенін ұғынамыз. 
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу