10 млрд теңге: көше жуу жоспарға енбек – Өскемен
Фото: "Таза Өскемен" мекемесі
Өскеменде көше жолдарын жиі жуу қолға алынбақ. Мамандар осылайша шаңмен күресуді ұсынған.
Бұл туралы 2023-2025 жылдарға арналған облыстағы Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын талқылау бойынша ашық қоғамдық тыңдау барысында айтылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Тыңдауда, жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, облыс қарауында қалатын 10 млрд теңгені игеру жолдары талқыланған. Талап бойынша, қаржы тек экологияға қатысты шараларға ғана жұмсалуы тиіс.
Қала әкімдігі осындай жобалар жоспарына шаңмен күресуге бағытталған қала көшелерін жиі тазалау, тротуар, инфрақұрылым бөліктерін үнемі жуу сынды шараларды қосуды ұсынған.
Тыңдауға қатысқан жұртшылық пен сарапшылар қауымдастығы ұсынысқа оң баға беріп, құжаттың соңғы нұсқасында бұл тармақты бекіту ұсынылды.
Қазір қалада көше жууға 10 арнайы көлік жұмылдырылған.