KZ
Өскемен
-2°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
492.22 529.38 5.03

Өскемен қаласының орталығында ретро-кеш өтті

Фото - автордікі

25.08.2023, 12:04 398

Өскемен қаласының орталығында 24 тамыз күні ретро-кеш өтті. Кеш тақырыбы ретінде өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші, 80-ші, 90-шы және 2000-шы жылдарда танымал болған стиль таңдалған.

Қала орталығына ағылған жұрт концерт тамашалап қана қоймай, тиындар мен төсбелгілер жәрмеңкесін аралап, ретро көліктерді қызықтай алды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

«Достық үйінің» алаңында ұйымдастырылған костюмді музыкалық кеште өткен ғасырда танымал болған әндер шырқалып, бишілер өнер көрсетті. Жиналған жұрттың ерекше қызығушылығын тудырып, назарын аудартқан – қаз-қатар тізілген ескі көліктер. Көпшілік жиналып, естелік суретке түскен көліктер алаңында 10-нан астам ескі көлік пен заманауи 2 көлік қойылған. Бұл жерде өткен ғасырдың 60-шы жылдары жасалған жәдігерлер де кезікті.

– Бұл екі көлік – біздің отбасымыздың жәдігері. Бұл көлік атамдікі. Қазір оны әкем жүргізеді. Бұл көліктің шығарылғанына 62 жыл болды. 61-ші жылы шығарылған. Ал менің көлігім 60-шы жылы шығарылған, 63 жыл болды. Өз көлігімді 1995 жылы алдым. Екі көлік те гаражға, көзден таса жерге тығып қоятын немесе мұражайға қоятындай жүруге жарамсыз күйде емес. Бүгін жұмыстан осы жерге дейін осы көлікпен келдім. Әкем қала тұрғындарын мерекеге орай құттықтап, шараға қатысу үшін саяжайдан өз көлігімен келді. Халыққа біздің көлігіміз ұнағаны көңілімізді марқайтып тастады. Жиналған жұртқа көлікті ұстап көруге, суретке түсуге тыйым салмаймыз. Екі көлік те «Волга ГАЗ-М-21И» маркалы, 2-ші сериялы. Екі көліктің бір-бірінен айырмашылығы жоқ деуге болады. Олар тіпті бір түске боялған. Атам көлігін 61-ші жылы Краснояр өлкесіндегі автодүкеннен сатып алған. Кейін көлікті әкеме сыйлағанда Өскеменге әкелген. Көлікке тағылған нөмірлер де ауыспаған. Әкемнің көлігіне Челябі облысында алынған нөмір, менің көлігіме оны ауыстырғанға дейін қолданған нөмір тағылған. Біз қалада осы нөмірді ауыстырмастан жүреміз. Полиция қызметкерлері бізді танып алғаннан болар, келеңсіз жағдай болған емес. Екі көлік те жүруге жарамды, бұзылмаған, еш бөлігі ауыстырылмаған. Кезінде атам әжем екеуі Челябі облысынан Өскеменге осы көлікпен келіп, қайтатын. Екі көлікті де жиі қолданамыз. Біз бұл көліктерді сатқымыз келмейді. Біздің екі көлік те сирек кездеседі. Алайда оларды сату ойға келген емес. Біз екі көлікті де шамамыз келгенше жақсы күйде сақтауға тырысамыз, – дейді сирек кездесетін көліктің иесі Денис Зудов.  

Шараға жиналған жұрттың арасында тақырыпқа сай киім киіп, дайындалып келгендер де бар. Ұйымдастырушылар қазылар алқасын тағайындап, үздік образды анықтады.

– Ретро-кешке биыл 2-ші рет қатысып тұрмын. Образым 60-шы жылдардағы стильге сай ойластырылған. Сол жылдардағы стиль туралы ақпаратты әлеуметтік желіден іздеп, зерттедім. Бұрын сұраныста болған дүниелер қазір қайта сәнге айналып жатыр, – дейді Айсана Қабдылсәметова.

Ретро-кешті екінші жыл қатарынан ұйымдастырудың да өз себебі бар көрінеді. Өскеменде алдағы күндері тағы бірқатар шара өтеді.

– Бүгін Қала күні мен Конституция күніне орай ретро-фестиваль өтіп жатыр. Бұл кеш – осы атаулы күндерді атап өтуге бағытталған шаралар легінің алғашқысы. Қала күні және Конституция күні бір апта көлемінде тойланады. Әр түрлі форматта ойластырылған 7 шара өтеді. Былтырғы шара қала тұрғындарының көңілінен шықты, сондықтан екінші рет өткізуді ұйғардық. Шара барысында ханзада мен ханшайым тағайындалып, үздік образ дайындап келген қала тұрғындарын марапаттаймыз. Ретро көліктерін көрмеге қойған тұрғындарға да демеушілер сыйлығы табысталады. Бұл шара 90, 80, 70, 60-шы жылдарға сай ұйымдастырылған. Жастарды, болмаса жастық шағы 90-шы жылдарға тап келген аға-әпкелерімізді ғана ескеріп қоймай, өзге тұрғындарға да ыңғайлы болуы үшін жастық шағын еске алуға мүмкіндік сыйлау мақсатында ретро бағытты таңдадық, – дейді қалалық Жастар орталығының директоры Айдос Әділбеков.  

«Достық үйі» ғимаратының алаңындағы жәрмеңкеде қолөнер бұйымдары мен түрлі тиын, төсбелгілер қойылған. Сонымен қатар жиналған жұрт суретке түсетін арнайы фотозона қойылған.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив