28-шағын ауданда 300 балаға шақталған мектеп салу жоспарланған – Өскемен
Фото - автордікі
ШҚО-да 2020 жылдан бері «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.
Аталған жобаның аясында қазіргі таңда Өскемен қаласындағы 28-шағын ауданда 15 үй салынып жатыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Қазір «Бірқабатты Шығыс» жобасының аясында 30 пәтер салып жатырмыз. Ол 28-шағын ауданда орналасқан. 30 пәтерлі 15 үй. 20 пәтер – 85 шаршы метрді, 10-ы 65 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі таңда шаршы метрін 200 мың теңгеге салып жатырмыз, келесі жылы бағасын тағы қарастырамыз. Екі пәтерлі үйлер кірпіштен салынады. Су, кәріз желісі, электр желісі бар. Енді жол салынып жатыр. Үйлерді қазан айында бітіріп, қолданысқа береміз деп жоспарлап отырмыз. Қазір бордюр орнатылған. Тек жолға асфальт төсеу қалды. Сонымен қатар аталған ауданда 120 үй қолданысқа берілген, – деп түсіндірді Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Танекенов.
Әкімдік ұсынған дерекке сүйенсек, аталған ауданда су және электр желілері қосылған. Қазіргі таңда ішкі жолдар мен кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы 28-шағын ауданда салынатын 300 балаға шақталған мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап жатқан көрінеді.
Оқи отырыңыз