Өскеменде мерекелік жарыс өтті
Өскемендіктер бүгін «Oskemen Run» жарысына қатысты.
Облыс орталығында Республика күнін мерекелеу аясында «Oskemen Run» жарысы өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Іс-шара басталмас бұрын қала әкімі жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Осыдан кейін «Қазақстан» тауын қас-қағым сәтте бағындырамыз деген екі жүзге жуық желаяқ жарыс жолына шықты. Оларды мәреден облыс әкімі бастаған топ күтіп алды.
Әйелдер арасында Ангелина Кузьминаға тең келер ешкім болмады. Ол Қазақ-Американ еркін университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алып жүрген екінші курс студенті.
Мәре сызығын екінші болып – Лариса Переверзева мен Евгения Завьялова, ал үшінші болып Руфия Иманқұлова кесті.
Ал ерлер арасындағы бәсекеде 11 сынып оқушысы Аян Қасымов қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Екінші – Федор Сухоносов, үшінші – Данил Кузнецов.
Жеңімпаз Аян облыс орталығындағы №19 орта мектептің оқушысы. Төрт жылдан бері велоспортпен шұғылданады. Бүгінге дейін ел чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп үлгерген екен. Салауатты өмір салтына мықтап ден қойған жеткіншек небары 6 минут 8 секундта тау басына шығып, думанды қаланың төбесінен қарап тұрды.