ШҚО-да Тәуелсіздік күніне орай 100-ден астам іс-шара өтеді
Фото Тілеубек Шаяхмет
Шығыс Қазақстан облысында Тәуелсіздік күніне орай 100-ден астам іс-шара өтеді.
Биыл естелік, танымдық-ағартушылық, қайырымдылық акцияларын өткізуге ерекше назар аударылып отыр, деп хабарлайды Altaynews.kz.тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ШҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Серік Жеңісов айтты.
Биыл еліміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 32 жылдығын атап өтеді. Сонымен, 16 желтоқсанда Өскеменде желтоқсандықтар, жастар және қала тұрғындарының қатысуымен «Желтоқсан алауы» ескерткішіне салтанатты гүл қою рәсімі өтсе, ал Зайсанда Қайрат Рысқұлбеков ескерткішіне гүл қою рәсімі өтеді.
11-19 желтоқсан аралығында өңірде «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары мен ашық сабақтар өтеді. Облыс қалалары мен аудандарында Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесулер жоспарланған.
Сондай-ақ өңірде бірқатар нысандар ашу жоспарланған. Тарбағатай ауданының Шеңгелді ауылында 100 орындық мектеп, Ақжар ауылында Street Work-out және балалар ойын алаңы, Ұлан ауданының Айыртау ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылады.
Бұл күндері облыстың барлық қалалары мен аудандарында дөңгелек үстелдер, сынып сағаттары, экологиялық және қайырымдылық акциялар, спорттық іс-шаралар өткізіледі.