Жоғары білім мекемелерін мемлекетке қайтару талқыланды
Фото: primeminister.kz
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді.
Отырысқа орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, БҚДА, ҚМА және басқа да ведомстволардың басшылары қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі primeminister.kz ресурсына сілтеме жасап.
Қатысушылар жоғары білім саласындағы бұрын жекеменшікке өткен кейбір активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін талқылады.
Премьер-Министр құзырлы мемлекеттік органдарға тиісті құжаттар мен шарттарды тексеріп, олардың заңдылығына құқықтық баға беруді тапсырды. Бұл ретте Әлихан Смайылов аталған оқу орындарындағы оқу процесінің толық тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігіне тоқталды, өйткені басталған тексеру студенттерге де, университет қызметкерлеріне де қатысты емес.
Кеңесте Қарағанды облысының 30-ға жуық елді мекенін электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған жекеменшік энергетикалық компанияның жұмысы да қаралды.
Кәсіпорын меншігіндегі электр желілерінің әбден тозығы жеткені атап өтілді. Осы ретте жөндеу жұмыстары жүргізілмейді әрі апаттық бригадалар тапшы. Жалпы, тексеру барысында анықталған бұзушылықтар жойылмаған. Осыған байланысты жергілікті тұрғындар электр қуатының жиі себепсіз өшіп қалуына, электр қуатының тапшылығына, кері байланыстың толық болмауына және тағы басқа мәселелер бойынша шағымданған көрінеді.
Әлихан Смайылов талдау және қалыптасқан жағдайға құқықтық баға беру үшін кәсіпорынға қатысты жиналған материалдарды Бас прокуратураға беруді тапсырды.
Сонымен қатар кеңес барысында теміржол көлігі саласында да бірқатар монополияға қарсы шараларды жүзеге асыру мәселесі қаралды.