KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 1 м/с, С
478.16 534.92 5.18

ҰБТ-ға дайындық: материалды қалай есте сақтауға болады?

Фото: depositphotos.com

23.05.2024, 19:16 123 Ержан Әбіш

Емтиханға кіретін оқушылардың басты көмекшісі – есте сақтау қабілеті. Алайда көмекшіміздің кейде шамасы жетпей жатады. Ұмытшақтық – адам бойында болатын табиғи процесс. Адам қазір алған ақпараттың 60 пайызын бір сағаттан соң ұмытып қалса, бір айдан соң тіпті 10 пайызы ғана есте қалады екен. Егер бұл процесс жүзеге аспаса, біздің ойымызда қажетсіз артық ақпараттар толып кетер еді. Негізі адамның жадын программалауға болады. Бізді ми басқарғанымен, біз де миға сигнал бере аламыз.

Адам миын қалай алдауға болады? Біріншіден, психолог Герман Эббингауз атап өткен «Ұмыту қисығынан» арылуымыз керек. Оны қалай жүзеге асырамыз? Уақыт өткен сайын ақпараттың жадымыздан өшуі ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

Эббингауз эксперимент жүргізіп, көлемді материалдарды ұзақ мерзімде есте сақтауға көмектесетін жолды ұсынды. «Ұмыту қисығынан» қайталау арқылы арыламыз. Схемасы келесідей:

Бірінші қайталау – бірден ақпаратты алған соң.

Екінші қайталау – алғашқы қайталаудан 20 минут өткен соң.

Үшінші қайталау – арада 8 сағат өткеннен кейін.

Төртінші қайталау – 24 сағаттан кейін.

Бірақ ақпаратты еш жерден қарамай, өзіңіз еске түсіруіңіз керек. Әрбір қайталау сайын миыңыз оянып, жаттыға түседі.

Қайталау барысында еске түсіру қиын болса не істеу керек?

«Чанкинг әдісін» пайдаланып көріңіз. Мәні – ақпараттарды блоктарға бөлу. Әсіресе сандық ақпараттарды, жылдарды жаттауда қолданған тиімді. Мәселен, 1465-1466 жылдарды 14-65-14-66 деп бөліп көріңіз. Қазақ хандығының құрылуына қатысты материалдарды бір бөлек, хандар жайлы ақпараттарды бір бөлек жаттасаңыз, еске түсіру барысында ойыңыз шашырамайды.

Келесі әдіс ғылымда «Локус әдісі» деп аталады.  Ол үшін ақпараттарды белгілі бір жермен, затпен, өзіңіздің айналаңыздағы таныс дүниелермен байланыстыру керек. Көз алдыңызға осы танымдар елестеген кезде керекті ақпарат өзі-ақ есіңізге түседі.

Құр жаттаудан пайда жоқ. Материалды түсініңіз, ассоциация жасаңыз. Тестілеу кезінде жауап нұсқаларын көргенде миыңыз таныс ақпаратты танып қояды. Ол үшін визуалды есте сақтау қабілетіңізді шындау керек. Оқиғаны елестетіңіз. Ақпаратты жақындарыңызбен бөлісіңіз. Бұл – сторителлинг әдісі. Фактілерді баяндаңыз. Сол кезде ол жадыңызда ұзақ мерзімге сақталады.

Жаттығулар мен әдістерді күнделікті қайталау арқылы жадыңызды өзіңіз басқара алатыныңызды ұмытпаңыз.

 Шұғыла Манафья

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив