KZ
Өскемен
-28°
плотный туман жел 1 м/с, С
520.02 608.79 6.57

Қысқы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жаттықтырушыларына қаржылай сыйақы берілді

10.08.2025, 09:00 226 Төлеуғазы Жансая

Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен 85 спортшы мен 32 жаттықтырушыға 372,6 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілді. Бұл – Мемлекет басшысының халықаралық додаларда табысқа жеткен спортшыларды ынталандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес қабылданған Үкімет шешімінің нәтижесі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазақстан құрамасы Қытайда өткен ақ Азиадада 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, 34 ел ішінде жалпыкомандалық есепте 4-орыннан көрінді. Ел қоржынына алтын жүлделерді биатлоншы Владислав Киреев, фристайл-акробатикадан жұптық секіру командасы, шорт-тректен 5000 метрлік эстафета командасы және шайбалы хоккейден ерлер құрамасы салды.

Спортшыларды марапаттау шарасы – еліміздегі спортты дамытуға бағытталған кешенді мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Соңғы алты жылда Қазақстанда 314 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 58 жүзу бассейні салынды. Бұл спортпен тұрақты айналысатын азаматтардың санын 5,9 миллионнан 8,4 миллионға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөлінуде. 2021 жылдан бері енгізілген жан басына қаржыландыру тетігінің арқасында бүгінде 250 мыңнан астам бала 7 мыңнан аса спорт үйірмесіне қатысады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны 481-ден 521-ге жетіп, бұл бағыттағы қамту көрсеткіші де айтарлықтай өсті.

Осылайша, мемлекет спортты қолдау арқылы дені сау, белсенді әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруды көздеп отыр.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу