KZ
Өскемен
+23°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, З
459.75 494.14 5.54

ШҚО-да жол құрылысы тың әдіспен жүргізіледі

шартты сурет

12.05.2023, 20:30 463 Оразай Жеңісұлы

Биыл өңіріміздің өзен-көлдеріне апаратын көлік жолдары жөнделеді. Жаз шыға жағажайды бетке алатын туристер енді демалыс орындарына шалдықпай жетеді. Ең қызығы, облыста алғаш рет жол құрылысында бұрын-соңды болмаған тың әдіс қолданылмақ.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділовтің хабарлауынша, Ұлан ауданы аумағындағы Сібе көлдеріне апаратын жолдың 25 шақырымы жөнделеді. Сөйтіп, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында тартымдылығы жоғары туристік аймаққа жету жеңілдей түспек, деп хабарлайды Altaynews тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

– Сібе көлдеріне апаратын жолдардың жалпы жағдайы жаман емес, – дейді басқарма басшысы. – Бұрынғы аудан орталықтарын қолдау жөніндегі облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Бозанбай ауылының кіреберіс жолы орташа жөндеуден өткізіледі. Содан соң ары қарай Сібе көліне дейін барамыз. Бесінші көлден ары Тарғын ауылына дейінгі асфальт жабыны жоқ жол учаскесіне биыл алғаш рет эксперименттік жоба қолданбақпыз. Яғни, жол құрылысында төрт пайыз цемент пен арнайы сұйықтықты пайдаланып, тың әдіспен жол салып көреміз.

Бүгінде мұндай әдіс еліміздің Батыс өңірінде кездеседі. Мұнай скважиналарына апаратын жолдарды ол жақта осы әдіспен салады екен. Автокөлік комитетінің тапсырмасына орай мұны Шығыс өңірінде де қолданып көруге бекініпті мамандар. Цемент араластырылып құйылған жол бетон тәрізді қатып қалады екен. Бұл қысы қытымыр, жазы ыстық болып келетін біздің аймақтың жолдарын жөндеуде таптырмайтын әдіс болуы да мүмкін. Сондай-ақ эксперименталды жабынды Сібе көлдерінен Тарғынға дейінгі жол бөлігіне төсеудің бір тиімді тұсы – қалаға жақын. Сондықтан жөнделген жолдың жағдайын, сапасын жиі-жиі тексеріп тұруға ыңғайлы.

– Егер осы эксперимент сәтті өтіп, жол құрылысының сапасы ойдағыдай болса, аталған әдісті өңірдегі қиыршықтасты жолдарға кеңінен қолдана бастаймыз, – дейді Нұржан Жұмәділов. – Әсіресе өңіріміздің туристік аймақтарына апаратын жолдарды жөндегенде осы тәсілге сүйенеміз. Айталық, Марқакөл ауылынан Ұрынқайға дейінгі жолды осындай жабынмен төсесек деген ойымыз бар. Сонымен қатар Ұлан ауданының аумағындағы Дұбығалы және Шыбындыкөл сынды демалыс аймақтарына апаратын жолдарды жөндеу жоспарда бар.

Басқарма басшысының айтуынша, Ұлан ауданының әкімдігі Шыбындыкөлге апаратын жолды жөндеуге жобалық-сметалық жоба әзірлепті. Дегенмен бес шақырымдық жолдың бойы орман-тоғайлы болғандықтан жоба іске аспай, құжат ескіріп қалған. Орман қорына қарасты жерлердің мақсатын өзгерту заңнамалық тұрғыда тек республикалық маңыздағы жолдарды салу кезінде ғана рұқсат етілетінін алға тартқан ведомство басшысы аталмыш норманы өзгертуге қатысты министрлік тарапына қажетті ұсыныс жазылғанын атап өтті.

– Қандай маңыздағы жол болмасын, бірінші кезекте, халықтың қажеті үшін салынатыны белгілі. Таяуда осы мәселе көтеріліп, аудан әкімдігі мүмкіндігіне қарай қаржы бөліп, Шыбындыкөлдің жолын шама-шарқынша реттеп қоюға уәде берді.

Сондай-ақ жазықта тұрса да, Дұбығалы көлінде де осындай түйткіл бар. Оған апаратын жолдың бойында да бұта-қараған мен жасыл желекті аумақтар көп. Дегенмен біз қол қусырып, қарап отырған жоқпыз, аталған мәселелер бойынша қандай да бір шешім қабылдауға тырысып, әрекет етіп жатырмыз, – деді Нұржан Жұмәділов.

Өңірдің демалыс аймақтарына апаратын көлік жолдарын жөндеу арқылы біз облыстың туристік тартымдылығын арттырып, көлік қатынасының жақсара түсуіне мүмкіндік жасаймыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив