ШҚО тұрғыны жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген
Фото: egemen.kz
ШҚО-да мас тұрғын полицияның “112” жедел арнасына жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген.
1 тамызда белгісіз ер адам қоңырау шалып, “Энергетик-2” саяжай бірлестігі учаскелерінің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы мәлімдеген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Дабыл түскеннен кейін бірден оқиға орнына мамандандырылған қызметтер жіберілді. Тексеру нәтижесінде қоңырау жалған екені анықталған. Тәртіп сақшылары қоңырау шалушыны тез арада анықтап, ұстады. Ол облыс орталығының 50 жастағы тұрғыны болып шықты.
Сараптама қорытындысы бойынша, ұсталған азамат алкогольдік масаңдықтың “орташа дәрежесінде” болғаны белгілі болды. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл жеке тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Полиция департаменті мұндай құқық бұзушылықтар үшін ҚР ҚК-нің 273-бабы бойынша қоғамдық резонанс пен ықтимал салдарларды ескере отырып, қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Оның санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғады.