Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 109 бала мектепте ақылы тамақтанған – ШҚО
Фото: egemen.kz
ШҚО-да ерекше білім беру қажеттіліктері бар 109 бала мектепте ақылы түрде тамақтанған.
Облыстық прокуратура ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқығын қорғау бойынша тексеру жүргізді, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Тексеру нәтижесінде мамандандырылған оқу орындарында тегін тамақтандыруға қатысты заңбұзушылық анықталған.
Заң бойынша осы санаттағы балаларды тамақтандыру ақысы мемлекет есебінен толық немесе ішінара төленуі тиіс. Алайда өңірде 109 бала мектепте ақылы түрде тамақтанып келген.
Мәселен, «Ғажайыптар әлемі» мектебінде 42 бала оқиды. Барлығының ерекше қажеттіліктері бар, ал оның 31-і – мүмкіндігі шектеулі бала. Мектеп оқушылардың тегін тамақтандыруын ұйымдастыру мәселесі бойынша ШҚО білім басқармасына жүгінгенімен, теріс жауап алған. Осылайша, олар ақылы тамақтануға мәжбүр болды.
Осыған байланысты өңір прокуратурасы басқарма шешіміне наразылық білдірді. Бүгінде наразылық толығымен мақұлданды.