KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Ольга Бабова: Біз салған ғимараттар әлі күнге ел игілігіне жарап тұр

14.09.2023, 12:03 1 434 Мадина Амангелдіқызы

«Еңбек – адамның көркі, адам – заманының көркі» дегендей, алтын уақыттарын адал еңбекке арнап, халықтың жылы ықыласы мен алғысына бөленіп, заманының көркі болып жүрген адамдар өте көп арамызда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде жас ұрпақты еңбекке баулудың маңыздылығына назар аударуға шақырып, еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс деген еді. 

- Халқымыз "Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы" деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан "толық адамның" еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет, – деді Президент.

Кеңес үкіметі жылдарында еңбекке ерекше мән берілді. Еңбек адамы қоғамда аса құрметке ие, басты назардағы адамдар болды. Олардың еңбегі жоғары бағаланды. Жастарды еңбекке баулу шаралары да көптеп жүзеге асырылатын. Ол заманда, тіпті, әдебиеттің өзінде еңбек адамдарының образы керемет жасалған. Жазушылар еңбек адамының күрделі өмірінің көркем көрінісін көрсете білді. 
Сол кезде әр ауылда, қалада құрылыс бригадалары жұмыс істейтін. Құрылыстың да қызып тұрған кезі еді, фермалар, түрлі кешендер, балабақша, зауыт, фабрика, жұмысшыларға арналған баспаналар үздіксіз салынып жатты. Бұл жұмыстарға жастар да белсенді араласып отыратын. Түрлі кәсіби-техникалық училищелер, техникумдар құрылыс саласындағы мамандықтарды оқытты: әрлеуші-сырлаушы, тас қалаушы, ағаш ұстасы және т.б. 
Әрлеу-сырлау жұмыстарымен әйелдер айналысатын. Бұл мамандық әйелдердің жұмысы болып саналған. Қабырғаны тегістеу, сылау, әрлеу, бояу және түсқағаз жапсыру – осы жұмыстардың барлығын қыз-келіншектерден құрылған шағын бригадалар атқаратын. 
Осындай бригадалардың бірінде еңбек еткен Ольга Бабова өз естеліктерімен бөлісті. 
Ольга Васильевна Бабова – Самар ауданы Миролюбовка ауылының тұрғыны. Ол 8 сыныпты тәмамдағаннан кейін Өскеменге оқуға түсіп, әрлеуші-сырлаушы мамандығын меңгеріп шығады. Ол кездері оқудан кейін бірден құрылыс бригадаларында іс-тәжірибеден өтуге жіберетін. 

- Біздің тобымызды құрылыс бригадасы етіп жасақтап, іс-тәжірибеден өтуге Күршім ауданының Шерікаяқ ауылына жіберді. Онда біз балабақша ғимаратын салдық. Одан кейін Зайсан қаласына жіберді, ол жерде байланыс орталығы, дәріхана мен орталық әмбебап дүкенінің құрылысы жүріп жатты. Екі қабатты ғимаратта орналасқан жатақханада тұрып, жұмыс істедік. Бұл ғимаратта құрылыс мекемесінің конторасы да орналасқан. Кейінірек тағы бір бригада келген соң, жатақханада орын болмай, бізді вагондарға ауыстырды, - деп есіне алды жастық шағын Ольга Васильевна. 

Айтуынша, олардың тұрып жатқан вагондары өте суық болған. Жылытқыш құралдарды құрылысшы жігіттер өздері қолдан жасап алады екен. Онсыз қиын. Десе де, жұмыстағы көңіл-күйге мұндай қиындықтар әсер етпепті. Ұйымшыл жастардың ынтымағы жарасып, жұмысты әндетіп жүріп, жылдам атқаратын. 

- Сенбі мен жексенбіні асыға күтетінбіз. Биге бару үшін. Құрбым Катя Полторанина екеуміз елдің алды болып биге шығатынбыз. Құрбыммен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Жастар көп еді. Би кешіне әскери бөлімнен, құрылыс батальондарынан жігіттер де келетін. Инабатты, әдепті жастар болды. Уақытымызды көңілді өткізетінбіз, - дейді Ольга Бабова. 

Самар ауданында белгілі ЖМБ (жылжымалы механикаландырылған баған) құрылыс ұйымы жұмыс істеді. Ол ең маңызды нысандардың құрылысымен айналысатын. Ольга Васильевнаның айтуынша, самарлық құрылысшылардың еңбегімен тұрғызылған ғимараттарды халық осы күнге дейін пайдаланып жүр. 

- Самардағы ЖМБ-да мен Әсия Манақанованың бригадасына түстім. Бригададағы қыздар ұйымшыл болдық, тез достасып, тіл табысып кеттік. Әлі де қарым-қатынасымызды үзген жоқпыз. Самарда байланыс орталығының ғимараты, «Заря» кинотеатр, 18 пәтерлі үй, Аққала, Құлынжон ауылдарында – балабақша, Миролюбовкада – Мәдениет үйі салынды, - дейді Ольга Васильевна. 

90-жылдардың ортасына қарай тұрғын үй құрылысының жүйесі ыдырап кеткен екен. 

- Кәсіби мамандардың көбі жұмыссыз қалды, басқа жұмысқа ауысып кетті. Дегенмен, сол кездегі ұжымшылдық пен нағыз достық қарым-қатынас әрқайсымыздың жадымызда қала бермек, кейінгі ұрпаққа да үлгі болса екен, - дейді кейіпкеріміз.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу