Динара Байғалиева – бастауыш сынып мұғалімі. Бүгінгі таңда Ұлан ауданының Қ.Қайсенов кентіндегі Мәрсеков орта мектебінде қызмет етіп жүр. Ұстаздар әулетінен шыққан оның осы салада еңбек еткеніне жиырма жылдан асты. Нағашы әжесінен бастап бәрі де ұстаздық жолды таңдаған.
Altaynews тілшісі Динара Байғалиевамен ұстаздар әулеті және осы мәртебелі мамандықтың қыр-сыры жайында сұхбаттасты.
Динараның апасы Марғума Байжүменова 1925 жылы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында туған. Екінші жүниежүзілік соғыс жылдарында аудандық білім бөлімінде хатшы қызметін атқарған. 1946 жылы жолдама алып, М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға түседі. 1948 жылы оқуын аяқтап, осы ауданның Сағыр ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі ретінде қызмет жолып бастап, сол жерде отыз жылдан астам уақыт табан аудармай еңбек еткен. Марғұма Байжуменова – сол мектепте қазақ тілінде сабақ берген алғашқы бастауыш сынып мұғалімі еді. 1979 жылы осы оқу орнынан құрметті еңбек демалысына шықты.
Марғұма Байжүменова әулетіндегі жалғыз ұстаз емес. Сіңлісі Мағзума жоғары оқу орнын тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Бозанбай ауылының С.Киров атындағы мектебінде әр жылдары тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші, директор қызметін атқарған
Одан өзге Марғұма Байжүменованың өз ұрпағы, яғни жеті баласының үшеуі, келіндері мен күйеу балалары, жиендері мен немерелері де ұстаздық жолға түскен. Динараның анасы Әлия Тілебалдинова – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін (ЖенПИ) бітіріп, Ұлан ауданының Мамай батыр ауылында балабақша меңгерушісі болды.
Сәния мен Ләйлә да осы саладан жырақ кеткен жоқ. Сәния Зәкенқызы 34 жыл ұстаздық етті, ал Ләйлә Райымбекова 30 жылға жуық уақыт балабақшада қызмет етті.
Бұл әулет ұстаздықты атадан балаға мұра етіп қалдырып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып отыр. Әже аманатын арқалап, мирасын сақтап келе жатқан әулеттің үш буынының жалпы еңбек өтілі 384 жылға жетеді. Жауапты қызметті өмірінің мәніне айналдырған бұл әулеттің балаларын кәсіби біліктілік, әр баланың ішінде уақытын күтіп, тыншып жатқан шырағын жағуды көздеген ізгі ниет пен оларға деген сүйіспеншілік, ел келешегі үшін жауапкершілік сезімі біріктіріп отыр.
– Байжүменовтер әулетінің әр өкілі «Біздің әулетте осынша педагог бар» деп мақтанышпен айта алады. Үш буындағы 14 педагогтың еңбек өтілі – 384 жыл. Ескі күндерден естелік болып қалған сарғайған суреттерге қарай бергім келеді. Сол ескі суреттерден мейірім мен жылу есіп тұрғандай, сыралғы достармен қайта қауышып, баяғы күндерді еске алып, шүйіркелесіп отырғандай марқайып қаламын. Суреттегі адамдарды танымасаң да онда таспаланған заманның тынысын, ырғағын, ерекшелігін сезесің. Тіпті ақ-қара фотосуреттер де жанның дархандығын, қайталанбас болмысын, қабағы қатулы тұлғалар мен өмірдің жарқын шақтарындағы қуанышты жасыра алмайды, – дейді Динара Байғалиева. – Биыл – біз үшін ерекше жыл. Апам Марғума Байжүменова оқуын тәмамдап, Сағыр ауылындағы орта мектепке мұғалім болып орналасқанына 75 жыл толды. Тынымсыз еңбек еткен 33 жылдың ішінде апам оқушысының көбінің есінде сүйікті әрі алғашқы ұстазы ретінде қалды. Апамның келіні Күлзия Тілебалдинова зейнет жасына жетсе де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Ол бүгінгі таңда «Асыл әжелер» вокалдық тобының құрамында өнер көрсетеді. Біздің әулеттің өкілдері Ұлан ауданының білім саласына елеулі үлес қосып отыр. Бұл елдің дамуына қосқан бір үлесіміз деп білемін. Менің екі әпкем де осы саладан алшақ кетпеді.
Әулеттің білім саласына сіңірген еңбегі ескеріліп, өкілдері атақ пен марапатқа ие болған.
– Төрт адамға ҚазКСР ағарту ісінің үздігі, бір адамға Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, үш адамға Еңбек сіңірген ұстаз атақтары берілген. Сонымен қатар бір ұстазға Ы.Алтынсарин төсбелгісі табысталды. Киелі Ұлан жерінде батырлар мен ғалымдар ғана емес, кәсібі мен отбасылық дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, шеберлігін жастардың бойына сіңіріп, баға жетпес мирас қалдырған талай еңбек адамы да дүниеге келген. Еңбекқорлықтың құпиясы текте жатқан болу керек. Бізді оқушының бойындағы білімге, кемелдікке, өзін тануға, асыл арманын орындауға деген ұмтылысқа қанат бітіріп, қолдауға үйретті. Тамырын тереңге жіберген ағаштың діңі берік әрі мықты болатыны сияқты, жапырақ жайып өскен, өткенінен өнеге алған әулеттің дәстүрі де көмескі тартпайды, сабақтастық үзілмейді, – дейді Динара. – Ұстаздық қызметте өзің қызығатын өзге дүниеге уақыт табыла бермейді. Біздің отбасының басты құмары кітап оқу еді. Апам кітапты көп оқитын, көп дүниені жатқа білетін, орайы келгенде классик жазушылардың сөзін айтып отыратын. Бізге бала кезімізден кітап оқуды үйретті. Кешке дастархан басына жиналып, түрлі кітапты талқылайтын кездер есімде қалыпты. Кітап оқуға деген құмарлық біздің бойымызға қанмен дарыған болса керек. Компьютер мен техника заманында кітап оқуға уақыт шамалы дегенмен, біз әлі де кітап оқуға құмармыз. Нағашы апам «Өмірді жаңадан бастап, мамандық таңдау мүмкіндігіне қайта ие болсам тағы да ұстаз болар едім» деп жиі айтатын.