Білімін елдің игілігіне жұмсап жүрген жас өнертапқыш
Облыста робототехника, IT-технология, цифрландыру саласына елеулі көңіл бөлініп жатыр.
Мемлекет басшысы бұл саланы дамыту маңызды екенін айтты. Бұл тұтас елдер мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын фактор болып тұр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Соған сай білім алып, аталған салаларда қабілетін танытып жүрген жастар бар. Қазір әлеуеті жоғары, білікті де дарынды жастарды қолдау маңызды. Жас болса да, қазірден қарым-қабілетін танытып, қатарластарына үлгі көрсетіп жүрген Иван Грибенщиков – сондай жастың бірі.
Жасөспірім мектепте оқып жүріп стартап-жоба әзірлеп, бәсекесі жоғары республикалық байқауда қаржылай жүлде алып үлгерген. Altaynews тілшісі Иван Грибенщиковпен сұхбат құрып, арман-мақсаты туралы білді.
8-10 қыркүйек аралығында Astana IT University-де орта және жоғарғы сынып оқушыларының арасында төрт айлық «Solve for Tomorrow» атты республикалық әлеуметтік жобалар байқауының финалы өтті. Жарысқа ШҚО атынан қатысқан құрама финалға өткен ондықтың қатарында бақ сынап, өз стартап-жобасын таныстырды. Нәтижесінде «Дезинфекциялаушы робот» жобасын жетілдіру үшін командаға 300 мың теңге табысталды. Екі оқушыдан құралған құрама 413 команданың ішінен озып шыққан.
Құраманың қатарында болған Иван Грибенщиков – Риддер қаласындағы №1 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы. Роботтың идеясы мен бастапқы еңбек Иванға тиесілі.
Дезинфекциялаушы роботтың идеясы COVID-19 пандемиясы өршіп тұрған 2021 жылы пайда болған. Робот тұрмыстық заттарды зарарсыздандырып, қолданылған маска мен қолғаптарды қауіпсіз жоюға қауқарлы.
Оның басты міндеті – қауіпті заттардың адам денесімен жанасуын болдырмау. Дерекке сүйенсек, бастапқы дизайнын әзірлеу мен роботты жобалауға алты ай уақыт кеткен. Картоннан жасалған бастапқы прототип арқылы роботтың кинематикасы, бағдарламалық бөлігі және іс-қимылы сыналған. Кейін прототипті пластиктен кесіп жасап, оған электроника орнатқан. Бұл нұсқаны 2022 жылы Иван Грибенщиков қалалық байқауларға алып шығып, кейін облыстық байқауда бас жүлде, “Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам”, “Зерде” сынды республикалық байқауларда жүлделі орын алды. Мектеп оқушысы онымен тоқтап қалмады. Халықаралық алаңға шығып, роботтың әлеуетін дәлелдеп, ел намысын қорғап қайтты. Өткен жылдың желтоқсанында инновациялық-ғылыми жобалардың «WISPO 2022» халықаралық олимпиадасына шақырту алып, Индонезияның Бандунг қаласына барып қайтқан. Сол сапарда халықаралық төрешілер жобаға жоғары баға беріп, өнертапқышқа алтын медаль мен арнайы премия табысталды. Ал биыл жобаны жетілдіріп, «Solve for Tomorrow» атты республикалық әлеуметтік жобалар байқауының іріктеуінен өтіп, финалға шықты.
Иван Грибенщиков робототехника, болашаққа жоспары мен армандары туралы айтты.
– 5-сыныпта робототехника мен 3D-модельдеу бағытының бірін таңдау керек болды. Мен ойланбастан робототехниканы таңдадым. Өйткені әкем – инженер. Бұл саладан шамалы хабарым бар еді. Біз оған дейін робот құрастырып жүретін едік. Бұл саланың мені қызықтырған тұсы – робот құрастыру, әсіресе роботты құрастырып, қалай жұмыс істейтінін тексеру. Тіпті қарапайым жарық диодты құрылғыны құрастырғаннан кейін оның жарық шаша бастағанының өзі қызық. Кейде сол құрылғыда жарықты реттейсіз. Дезинфекциялаушы роботты құрастыру, оның сәтті шығуы қызық болды, – дейді жас кейіпкер. Оның айтуынша, әр роботтың идеясы қажеттілікке орай туындаған.
– Жобамыз қажеттілікке қарай, сол дүниеге аса мұқтаж болған шақта туындады. Қандай да бір мәселе туындаса, соны шешетін жоба ойлап табуға тырыстық. COVID-19 пандемиясы жарияланғанда дезинфекциялаушы роботтың идеясы ойға келді. Болашақта робот-дезинфекторға бахила немесе фильм көруге арналған көзілдірік ұсыну қызметін қосуды ойластырып жатырмыз. Өйткені бұл да тиімді. Мысалы, оны кинотеатрдағы залдың кіреберісіне қойса, ол келушілерге көзілдірік таратып тұрады. Бұл робот елдің дамуына айтарлықтай үлес қоса алады. Себебі оның баламасын қарастырғанымызбен таппадық. Қазір патент алуға кірістік. Болашақта оны көшеден бастап, медициналық ұйымдарда, барлық жерде қолдануға болады.
Иван роботты құрастыру барысында түрлі кедергіге тап болса да, мойымай, ойға алғанын орындаудан бас тартпай, қиындықты еңсерді. Ол мақсатына білек сыбана кірісіп, табандылық танытты.
– Біз түрлі қиындыққа тап болдық. Дәл жарыс басталарда бірнеше датчик күйіп кеткенде не істерімізді білмедік. Бағымызға орай, байқау басталардан бір күн бұрын жаңа датчиктерді жеткізіп берді, – дейді Иван. Ол жеңіске жеткендерді хабарлағанда өз есімін естігендегі сезімін ерекше тебіреніспен еске алды.
– «WISPO 2022» халықаралық олимпиадасындағы сәт ерекше болды. Өйткені марапаттау кезінде финалға шыққандардың бәрі кем дегенде 3-орын алғанын естіп отырдым. Сондықтан енді менің атымды атамайтын шығар деп күдіктендім. Бірінші орынды, бас жүлдені алғанда қуанышымда шек болмады. Бас жүлдені тек үш адам ғана алды. Бұл – мен үшін үлкен құрмет.
Жас өнертапқыштың алға қойған мақсаты да нақты.
– Болашақта өзімнің жобаларымды жалғастырып, іске асыруды жоспарлап отырмын. Одан өзге, робототехника бағытында білімімді жетілдіріп, сол салада орнымды қалыптастырып, жаңа робот құрастыруды көздеймін. Келешекте программист болғым келеді. Менің тағы бір арманым жақында орындалып қалуы мүмкін. Ол – қандай да бір өнертабысыма патент алу, – дейді ол. – Құрдастарыма аянбай еңбек етіп, арманына қарай нық қадам басқан адамның қолынан бәрі келетінін айтқым келеді.
Суреттер кейіпкердің әкесі Виталий Грибенщиковтың жеке мұрағатынан алынды.