KZ
Өскемен
+9°
дождь жел 3,5 м/с, Ю
492.14 528.85 5.01

ШҚО-да Құтқарушылар күні мерекеленді

19.10.2023, 15:04 182

Құтқарушылардың апат болған, қиындық туған жерде жүретіні белгілі. Ал биыл олардың жұмысының қаншалықты ауыр екені ерекше байқалды.

Бүгін Шығыс Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Еңбегі ерен, күн сайын батылдық пен өз кәсібіне деген адалдықтың үлгісі болып жүрген мамандарға марапат табысталды.

Мерекеге орай облыстық драма театрының алдында арнайы техникалардың көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатысушылар қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан құтқарушыларды бір сәт үнсіздікпен еске алды.

– Шығыс Қазақстан төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің биыл жазда бастан өткерген қиындығы олардың жұмысының қаншалықты үйлесімді және жауапты екенін тағы бір мәрте көрсетті. Олардың қатарында Абай ауданындағы өрт пен облысымыздың таулы аймақтарындағы өрттер бар. Біз апаттық-құтқару қызметтерімен бірлесіп, қаржыландыруды ұлғайту және материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмысын жүргізіп жатырмыз, - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Аймақ басшысы оларға апаттық-құтқару техникасының кілтін табыс етіп, қызмет ардагерлері мен өз саласының үздік мамандарын марапаттады.

Айта кетсек, бұл мерекенің елімізде тойланып жатқанына биыл жиырма сегіз жыл болды. ШҚО төтенше жағдайлар департаментінде барлығы 1600-ден астам адам қызмет етеді.

– Биыл бізге әртүрлі төтенше жағдайлар бойынша 3300-ден астам шақырту түсіп, 180-ге жуық адам құтқарылды. 300-ден астам адам эвакуацияланды, зардап шеккен 200-ге жуық адамға көмек көрсетілді, - деді ШҚО ТЖД басшысы Ерғали Бахаев. – Жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында биыл 13-тен астам техника сатып алынды, оның екеуі – өрт сөндіру машинасы. Азаматтардың, еріктілердің, БАҚ және басқа да ұйымдардың көмегі де біз үшін өте маңызды. Қазір төтенше жағдайлардың алдын алуға және қауіпсіздік мәдениетін үйретуге бағытталған бөлімнің жұмысында біраз дүние өзгеріп жатыр.

Департаменттің басшысы осы саладағы мамандардың еңбекақысы 70 пайызға өсіп, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға бағытталған шаралар қабылданғаннан соң және заңнамаға өзгеріс енгізілгеннен кейін кәсіптің беделі көтеріле бастағанын тілге тиек етті.

              

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив