Самарда 2017 жылы басталған құбыр жөндеу жұмысы биыл аяқталмақ
Шартты сурет: egemen.kz
Самар ауданының әкімдігі аудан орталығында 2017 жылдан бері бітпей келе жатқан су құбырын жөндеу жұмыстары осы жылдың аяғына дейін аяқталатынын жеткізді. Су құбырын жөндеу 2017 жылдың қазанында басталған.
Аудан әкімдігі нысанды биыл 31 қазанда тапсыру жоспарланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
— 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Самар ауылындағы су құбырының желілері мен су жинау құрылысын салу және реконструкциялау жұмыстары басталды. Шарт бойынша жалпы құны — 2 млрд 488 млн теңгені құрайды. Мердігер — «КЕҰ» ЖШС, директоры — А. Абдулдин. Техникалық қадағалау — «VEHI.KZ» ЖШС, авторлық қадағалау — «Градопроект» ЖШС. Іске асыру кезеңі — 2017-2023 жыл. Құрылыс-монтаждау жұмысы басталғаннан бүгінгі күнге дейін орындалған жұмыс 96%-ды құрайды, — деп жазды әкімдік.
Осы уақытқа дейін 80 196 метр желі жүргізілген. Жалпы 1 535 метр су өткізгіш, 27 535 м (оның ішінде 24 000 м) тұтынушыға жеткізу желісі, 51 126 метр (100% орындалды) магистральдік желі жүргізуі қажет.
Көктемде аудан әкімдігі биыл жобаға тағы 693,9 млн теңге бөлінгенін, жұмыс кестеге сай жүріп жатқанын мәлімдеді.