KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
480.55 533.75 5.36

ШҚО-да қоныс аударушылар мен қандастарға қызмет көрсету бойынша қанатқақты жоба іске қосылды

Фото: Анель Абзалбекова

10.11.2023, 19:23 283 ALTAINEWS

Республикамыздың екі өңірі – Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушылар, қандастар мен олардың отбасы мүшелері үшін бейімдеу және интеграциялау қызметтерін көрсету бойынша қанатқақты жоба іске қосылды.

Оның шеңберінде республиканың солтүстік өңірлерінде қоныс аударушлардың бейімделуі мен интеграциялануына және жаңа тұрғылықты жерде қалуына ықпал ететін ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік, медициналық және білім беру қызметтері іске асырылатын болады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Еңбек министрі Светлана Жақыпованың жұмыс сапары аясында көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев ШҚО-дағы мансап орталығының қызметкерлері үшін пилоттық жобаны іске асыру бойынша оқыту өткізді.

- Бейімдеу және интеграциялау қызметтері ерікті түрде қоныс аударудың мемлекеттік шараларына қатысуға ниет білдірушілер тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтініш білдірген кезден бастап көрсетіледі. Мансап орталығының қызметкері қоныс аудару өңірлеріне қоныс аудару шарттары бойынша алғашқы консультацияны және қажетті құжаттардың тізімін ұсынады, - деді Асқарбек Ертаев.

Қоныстандыру өңірін айқындау алдында өңірлік квотаға енгізу туралы, қоныстандыру үшін қолжетімді өңірлер туралы, уақытша орналастыру орталықтарының қызметтері, бейімделу және интеграциялау қызметтері және басқа да қолдау шаралары туралы барлық қажетті ақпарат беріледі.

Құжаттарды қабылдау «Қандас» немесе «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйелері арқылы электрондық форматта жүргізіледі.

Одан кейін қоныс аудару өңірінің мансап орталығы қоныс аударушымен немесе қандаспен бірлесіп бейімделу және интеграциялау бойынша жеке жоспар қалыптастырып, оған сәйкес жаңа тұрғылықты жеріне көшу және қоныстандыру үдерісі өтеді.

Аталған жоспар мынадай іс-шараларды міндетті түрде регламенттейді: қоныс аудару өңіріне көшу және орналастыру, материалдық көмекті ресімдеу, тұрақты жұмысқа орналасу, қажетіне қарай кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру, отбасының тұруы үшін тұрғын үй іздеу және іріктеу, отбасы мүшелерін бейімдеу және интеграциялау.

Қоныс аударушының немесе қандастың, сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің тұрғылықты жері өзгергеннен кейін бес жыл ішінде мансап орталығының мамандары бейімдеу мен интеграциялау барысына мониторинг жүргізеді. Ол үшін Отбасының цифрлық картасынан алынған деректер және әлеуметтік әл-ауқатты қадағалауға арналған арнайы мобильді қосымша пайдаланылады.

 

Автор: Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив