Елімізде 65 сүт өндіру фермасы салынады
ШҚО-ға ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы Серік Егізбаев келіп, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өңірдегі активімен, ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесті.
Парламент Мәжілісі аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің бір топ депутатының Шығысқа келуінің басты мақсаты – отандық сүт өндірісін дамыту мәселесімен аудандарды аралап, Шығыстағы шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысу, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
«Ауыл» фракциясы депутатының айтуынша, қазір ауылшаруашылығы министрлігі арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр. Соның аясында 100 млрд теңге қаражат бөлініп, елімізде 65 сүт өндіру фермасын салу жоспарланған. Осы сапардың нәтижесінде Комитет тарапынан нақты ұсыныстар дайындалады.
Сонымен қатар жиын барысында жайылымдық жердің жетіспеуі, субсидияны көбейту сияқты өзекті мәселелер де сөз болды. Депутат Серік Егізбаевтың сөзінше, жайылымдық мәселесі бойынша заң жобасы жыл соңына дейін Мәжілісте қаралып, Сенатқа жолданады. Сенат депутаттары мен Мемлекет басшысы қолдап, заң қабылданған жағдайда, болжам бойынша 20 млн гектар жер босап, мемлекет меншігіне қайтарылады.
Айжанат Бақытқызы