Шығыстың белсенді жастары облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды
Халықаралық еріктілер күнін мерекелеу аясында облыс орталығында "Әділ Қазақстан — Адал азамат" жастар форумы өтті.
Форум аясында "Jastar Talks" диалог алаңының және "Jasyl El" еңбек жасағының отырысы өткен болатын. Ал қорытынды іс-шараның алдында 2,5 пайыздық жеңілдікпен шағын несие алған жас кәсіпкерлер көрме ұсынды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында ісін ілгерілеткен іскер жастың бірі — Саят Бауыржанұлы. Оның «ALTAY OUT WEAR» деп аталатын брендтік киімдері көрерменнің көзайымына айналды.
Сондай-ақ көпшілікке IT-жобалар, Қазақ мемлекетінің ежелгі карталарының экспозициясы таныстырылды.
Қорытынды іс-шарада "Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін" бірқатар белсенді жас облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды. Сондай-ақ "Jasyl El" еңбек маусымының жеңімпаздары анықталды.