KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 2 м/с, В
464.72 496.32 5.4

Катонқарағай ауданын көркейтуге халықаралық архитектуралық конкурс жарияланды

Фото: Тілеубек Шаяхмет

16.01.2024, 14:29 196 ALTAINEWS

Былтыр маусым айында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШҚО-дағы екі ауданды қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген еді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

26 жылдан кейін қайта аудан орталығы болған Катонқарағай ауылының халқы ерекше қуанышқа бөленді. Шекара шебіндегі өлкенің тұрғындары, әсіресе ақсақалдар Президент шешімін тарихи деп бағалады. 

– Ауданның келешегінен үмітіміз зор. Алдағы уақытта ертеде ауданнан көшіп кеткен жандардың біразы туған жеріне оралмақ. Әсіресе, жас мамандар келуге ниет білдіріп отыр. Халық саны өседі, аудан гүлденеді деп ойлаймын. Сонымен қатар «Катонқарағай аудынының тұрақты даму қоры» қаржы бөліп, халықаралық деңгейде архитектуралық конкурс жариялады. Мақсат – еліміз бойынша Катонқарағай ауданын үздік өңір ету. Бұл жерде тіршілік және экология стандарттарын қоса алып отыр, – дейді Катонқарағай ауылдық округінің тұрғыны Амантай Балтабаев ақсақал.

 

Катонқарағай өз алдына жеке аудан орталығы болғаннан кейін, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Мамандарды баспанамен қамту мәселесі де қарастырылып жатыр.

 

– Катонқарағай ауылы аудан орталығы болғаннан кейін жұмыс орындары ашылады. Қаншама отбасы көшіп келмек. Қоныс аударып жатқандарға үй салу, ғимараттарды қалпына келтіру бойынша тиісті басқармалармен жұмыстар жүргізілуде. Әрине, барлығы қалпына келгеннен кейін ауданда халық саны артады деген ойымыз бар, – дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан.
 


Журналист, жазушы, Катонқарағай ауданының құрметті азаматы Жәнібек Қызыр туған жері – Катонқарағай аудан орталығы мәртебесін алғанда арманының бірі орындалғанын айтып, ағынан жарылды.

 

– Өткен жылғы құрылтайда Мемлекет басшысы біздің көптен бергі арманымызға қол жеткізді, Катонқарағай ауылы аудан орталығы болсын деген шешімін қуанышпен қарсы алдық. Желтоқсан айының 28-і күні Президент Жарлыққа қол қойды. Аудан халқы дән риза! Енді шекара шебіндегі елді мекен одан әрі дами түседі, – дейді ол.


 

 

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив