Аққайнар тұрғыны қолдан тоған жасап, балық өсіріп отыр
Катонқарағай ауданындағы Аққайнар ауылының тұрғыны Темірлан Жанболатұлы бұрнағы жылдың күзінде ауыл жанындағы Қарасу өзенінің бойынан аукцион арқылы жер телімін (пайдалану құқығын) сатып алған.
Өзен жағалауындағы жерді шұңқырлап қазып, оған Қарасудың суын бұрып әкеліп бөгеп, кішігірім көл жасап, балық өсіретін тоған шаруашылығын құрыпты. Темірланның бұл тірлігі ден қойса шалқыған шалқар көлі жоқ ауылдарда да шағын өзендердің суын пайдаланып, тауарлы балық өсіруге, балық шаруашылығын дамытуға болатындығын көрсетіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қарасуды бұрып, бақтаққа толтырды
Кәсіпкер өткен жылдың мамырында форель балығының бес грамдық майшабақтарын Бішкек қаласынан сатып әкеліп, жасанды көлге жіберген. Көрші елден әкелінген балықтардың жемі де өзімізде өндірілмейді. Көлдегі балықтар Дания елінде шығарылатын жеммен қоректендіріліп жатыр. Жемді Алматыдағы әріптестерінен сатып алуда.
Темірланның айтуынша, жасанды көлдің тереңдігі екі-үш метрдей екен. Судың температурасын, ауасын өзі бақылап, бірқалыпты ұстап отырады. Аязды күндері су беті қатып қалғанда қайықпен шығып, мұзды жарып, жем шашуға ыңғайлап қояды.
Темірлан тоғандағы бақтақ шабақтарын көктемге дейін өсіріп, бір бөлігін демалыс базаларының жанындағы тоған шаруашылықтарына сатпақ ойда. Қалған шабақ алдағы бір-екі жылда тауарлы балыққа айналғанша көлге тағы да майшабақтар әкеліп, жібермек.
Ертістің, Зайсанның жағасында тұрса бір сәрі, таулы өңірде тұрып, тәуекелге барып, балық өсіруге бел буған жастың басына мұндай идея, бастама қайдан келгенін сұрадық.
Енді оның жасанды көл жағасынан балық аулауға арналған демалыс орнын ашпақ ниеті бар. Өңірімізде жылдан-жылға спорттық, әуесқой балық аулау белсенді дамып келеді. Ал жер жәннаты Катонқарағай жақ – қандай демалыс орнын ашса да нағыз тынығып, тыныстап қайтатын тамылжыған мекен.
Темірланның тірлігі, ден қойса шалқыған шалқар көлі жоқ ауылда да өзен суын пайдаланып, балық шаруашылығын ашуға, дамытуға болатынын ұқтырды.
Табыс әкелетін тұрақты кәсіп
Қазір облыста жергілікті маңызы бар 61 балық шаруашылығы су айдынының 25-і 22 пайдаланушыға 20 жылға тауарлы балық өсіруге берілсе, 30 шақты су айдыны телімі резервте тұр. Резервте тұрған су айдындары Глубокое, Ұлан, Алтай, Шемонайха аудандары мен Өскемен қаласының маңында орналасқан. Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Талғат Рахымжанов халықтың облыстағы арнайы бекітілген балық шаруашылығы су айдындарында балық өсіріп, аулауына беріліп отырған мүмкіндікпен қатар, су көздеріне жақын орналасқан елді мекендер тұрғындарының да жыл он екі ай табыс әкелетін тұрақты бизнеспен – балық өсіріп, сатумен айналысуына су көздері жеткілікті екенін айтады. Шығыстағы тау өзендерінің таза да мұздай суы бақтақ тәрізді балықтарды өсіруге қолайлы.
Талғат Рақымжанов, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:
Облыста бүкіл Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасынан ауланған кәсіптік балық аулаудың жалпы көлемі 10 мың тоннаға жуық. Салыстыратын болсақ, қолдан өсіріліп отырған тауарлы балықтың өзі бүгінде 2 мың тоннадан асып кетіп отыр. Бұл тауарлы балық өсірудегі үлкен нәтиже. Халықпен, кәсіпкерлермен, соның ішінде Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Самар, Зайсан аудандарының халқымен кездесіп, тауарлы балық өсірумен қалай айналысуға болатынын түсіндіріп, ақпараттандырып келеміз. Мысалы, қазір Күршім ауданындағы Сарыөлең, Батырханкөл, Бұрмакөл, Арасан, Кемеркөл көлдері жергілікті кәсіпкерлерге 20 жылға тауарлы балық өсіруге берілді. Қазір Үкімет тауарлы балық өсірушілерге тек бір талап қойып отыр, «балық өсір» деп отыр. Бұрын тауарлы балық өсірушілерге қорықшы ұстау, балықты қайта өңдеу сияқты түрлі талаптар қойылатын. Қазір оның бірі де жоқ.
Көлдерді 20 жылға пайдалануға бергенде, осы уақыт ішінде балық өсірудің мөлшері бекітіледі, келісімде шаруашылықта әр жылда кем дегенде қанша балық өсірілетіндігінің көлемі нақты көрсетіледі. Көлдердің, су айдындарының бәрі балық өсіруге пайдалануға берілмес бұрын тереңдігі, көлемі, астындағы азық қоры, барлығы балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының «Алтай» филиалы мамандарымен зерттеледі. Қазір көлдерді пайдалануға алған барлық кәсіпкерлер міндеттерін орындап, балық өсіруді тиімді жүргізіп жатыр. Тауарлы балықтар майшабақ күйінде көлге жіберілген соң, үш жылдан кейін өсіп, өніп, ауланып, сатыла бастайды.
60 миллионға өткен көлдер бар
Балық өсіруге арналған су айдындарын 20 жылға пайдалану құқығын кез келген азамат конкурсқа қатыса отырып сатып ала алады. Пайдаланушыларға балық өсіруге берілетін су айдындары алдын ала зерттеліп, төлқұжаты дайындалып, тізімі бекітіледі. Одан соң www.gosreestr.kz. сайтында аукцион арқылы су айдындарын бекіту бойынша электронды форматта конкурс өтеді. Автоматтандырылған жүйе конкурс өткізуді жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді.
Аукционда су айдынын пайдалануға берудің алғашқы, бастапқы құны (көлдің көлеміне қарай) бекітіледі. Шамамен бір көл 100-150 мың теңге көлемінде. Аукцион бағаны көтеріп отыру тәсілімен өтеді. Облыста пайдалану құқығының құны 100-200 мың теңге болып тұрған жерінен, бағасы аспандап, 40-60 млн теңгеге дейін жетіп, сатылған көлдер де бар көрінеді. Мысалы, Тайынты көлінің бірі былтыр 62 млн теңгеге өткен. Абай облысында да биыл бір көлдің пайдалану құқығын сатып алуға 40 млн теңге салған кәсіпкер болған. Бұқтырма бойындағы су көздерін сатып алуда да бәсекелестік жоғары болып келеді. 20 жылға пайдалану құқығын осыншама миллиондарға сатып алған кәсіпкер бұдан бөлек тауарлы балықты өсіріп, көбейтуге қосымша қаржы салып отыруы керек.
Дегенмен мамандар балық өсіру мал мен құс өсіруге қарағанда арзанға түсетінін, шығыны аздау болатынын айтады. Балық шаруашылығында шығынның көбі балықтардың азығына кетеді. Оның үстіне елімізде балықтардың тамағын өндіріп жатқан ешкім жоқ. Балық жемі негізінен Еуропа елдерінен әкелініп жатыр. Осы мәселені шешу үшін жергілікті балық өсіруші кәсіпкерлер былтыр тауарлы балық шаруашылықтарында өсіріліп жатқан балықтардың азығын шығарып жатқан түркиялық компанияның өкілдерін Өскеменге шақырып, шаруашылықтарымен таныстырып, облыстан олардың өндірістік филиалдарын ашуға немесе оларда шығарылып жатқан жем қорын жинап, сақтап қоятындай қойма, дистрибьюторлық орталық ашуға орай кеңесіп, келіссөздер жүргізген. Балық өсірушілер алдағы уақытта қолжетімді бағадағы балық азығын табудың жолы шешіліп қалар деген үмітте.
Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары облыстағы тауарлы балық өсірушілерді, тауарлы балық өсірсем дегендерді қолдап, көмектесіп отыруға, жұмыс істеп жатқан шаруашылықтармен таныстырып, аталған кәсіппен айналысуға көмектесуге әрқашан дайын екендіктерін айтады. Облыстағы шағын су айдындарының көбі қатты аязда түбіне дейін қатып қалатындықтан, қыста балықтарға ауа жетпей, қырылып қалып жатады. Қазір мамандар су айдындарын пайдалануға бергенде қыста қатып қалу қаупі бар көлдерге көктемде балық жіберіп, күзде қайтадан аулап алу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Балық өсірушілерді ынталандыру мақсатында 2021 жылдан бастап балық шаруашылығындағыларға мемлекеттік субсидия беріле бастады. Былтыр бұл салаға бөлінген субсидия көлемі де әжептәуір көбейген. Облыстық бюджеттен өңірдегі балық өсірушілерге 180 млн теңге, республикалық бюджеттен 540 млн теңге субсидия бөлінген. Кәсіпкер балық өсіруге қажетті шабақ сатып алса, кеткен шығынның 25 пайызы субсидиямен қайтарылып жатыр, егер ғылыми ұйымдардың көмегімен су көзіне, балық шаруашылығына биологиялық негіздемелер жүргізілсе, оған кеткен шығынның да тең жартысы қайтарылып беріледі, балықты өңдесе, жұмсалған шығынның да 25 пайызы қайтарылуда, жем сатып алса 30 пайызы қайтарылады. Балық шаруашылығына қажетті техникалар сатып алынса, оның 25 пайызы қайтарылады.
Сымбат Ануарбеков, «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС-нің директоры:
Ойланып қарасақ, расында да, балық өсіру «оған ақша қайда?» дейтіндей шығынды көп қажет етпейтін кәсіп көзі екен. Тек бай-бағландар ғана инвестиция салатын сала емес екенін жоғарыдағы Темірландай қарапайым ауыл жастарының істерінен де көріп отырмыз. Балық өсіруді өркендетуге мемлекеттен қолдау көрсетіліп, салалық мекемелердің көмек, жәрдемі көбейген. Бизнестегілердің біздің өңірде өсіріп жатқан балығы болса, айналдырған екі-үш жылда екі мың тоннадан асып түскен. Бұдан түйетін түйін біреу – көп ұзамай Шығыста балық өсіру бизнестің табысты түріне айналары анық.
Жанаргүл Мұқатай