KZ
Өскемен
+14°
ясно жел 2 м/с, С
443.44 480.51 4.88

Әке-шешем депортация туралы көп айтпайтын – Павлина Пішімбаева

2.05.2024, 12:26 46 Ержан Әбіш

Сталиннің тұсында КСРО-ны мекендеген бірқатар ұлттар нақақтан-нақақ «сенімсіз» деп танылып, Орталық Азия республикаларына күштеп қоныс аударылғаны тарихтан белгілі. Депортацияланған халықтардың ішінде кәрістер де бар. Олар сонау Қиыр Шығыстан, Владивосток өлкесінен адам төзгісіз жағдайларда, жүк вагондарымен жеткізілді, жол бойы қаншама адам жан тапсырды. Алайда жергілікті халық оларды панасына алып, бауырына басты. Бүгінде кәріс ұлтының өкілдері өзге этностар секілді еліміздің өсіп-өркенуіне өлшеусіз үлес қосып келеді.

Шығыс Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы жетекшісінің орынбасары Павлина Пішімбаева (Цой) облыстық Достық үйінің негізі қаланған уақыттан бері осы салада еңбек етіп келеді.

– Біздер – кәрістер депортацияланған халықпыз. 1938 жылы менің әке-шешем де көптеген кәріс ұлтының өкілдерімен бірге сонау Қиыр Шығыстан Орталық Азия республикаларына күштеп қоныс аударылады. Өзім Өзбекстанда туып, орта мектепті бітіргенше сол елде өстім. Ал Қазақстанға, оның ішінде Өскемен өңіріне 1973 жылы көшіп келдім. Содан бері, міне, Шығыс Қазақстан жерінде жарты ғасырдан астам уақыт өмір сүріп келемін. Алғашында Риддердегі Лениногор тау-металлургиялық техникумын аяқтадым. Кейін Өскемен пединститутында білім алдым. Еңбек жолымды комсомол, партия ұйымдарында бастадым, түрлі қоғамдық жұмыстарды атқардым. Кейін зейнеткерлікке шыққанша мемлекеттік қызметші болып істедім. Қазір Глубокое ауданында тұрып жатырмын. Мен үшін Шығыс өлкесі туған жеріме айналды, Қазақстанды жалғыз Отаным деп санаймын. Қазақ елінде білім алдым, еңбек еттім, осында тұрмыс құрдым. Екі қызымды дүниеге әкелдім. Табысқа осы киелі жерде, осы қастерлі топырақтың арқасында жеттім, – дейді ол.

Павлина Михайловна қазіргі атқарып жүрген қоғамдық жұмысын, этносаралық келісімді нығайтуға қосып жүрген үлесін Қазақ елінің өзіне жасаған барлық жақсылығына қайтарған азын-аулақ алғысы, жауабы деп санайды. Оның айтуынша, қазақ халқы кезінде депортацияланған барша ұлыстарға қамқорлық танытты, барынша қолдау көрсетті, тіпті өмірлеріне жол ашты деуге болады.

– Әке-шешеміз депортация турасында көп көсіле айта бермейтін. Айтқан күннің өзінде де там-тұмдап қана, тек кейбір жайттарды сөз қылатын. Кейін білдім, сөйтсем, кеңес өкіметі оларға депортация туралы айтуға қатаң тыйым салған екен ғой. Сондықтан қудалаудан қорқып, тіс жармаған. Шынын айту керек, бала кезімде біз тым жұпыны тұрдық. Ата-анам мақта мен күріш егістігінде күндіз-түні еңбек ететін. Отбасымыз үлкен еді, көпбалалы жанұя болдық. Әке-шешемнің алғаш жеке үй сатып алғаны әлі есімде, сөйтсек, ол бұрынғы мешіт екен. Коммунистер жартылай қиратып тастапты, біз жөндеп, соны паналадық. Біраздан соң кеңірек үйге көштік. Ол үй де бұрынғы мешіт болып шықты. Қазір ғана әке-шешемнің неліктен мешіттерде тұрғанын түсіндім. Ол үйлер арзан болатын, мешіт деген қасиетті орын ғой, бізге баспана болды, аман-сау ержеттік.
Соғыстан кейін туғандықтан, қатты аштықты бастан кешірдік деп айта алмаймын. Сонда да қиындықты көп көрдік. Кәдімгі кәмпиттердің өзі қат болатын. Мереке күндері шешеміз бір-бірден мұз кәмпит сатып әперетін, соған мәз болатынбыз. Атап өтерлігі, біздің көшемізде депортацияланған халықтардың өкілдері көп тұрды. Грузиндер, армяндар, әзірбайжандар, шешендер, гректер, қырым татарлары, әрине, жергілікті өзбек ағайындар да болды. Бәріміз тату-тәтті тұрдық, ешқашан бөлінген емеспіз, – дейді Павлина әжей.

Кейіпкеріміз аға-апайларымен бірге жаз бойы ата-анасына көмектесетін. Мақта, күріш алқаптарынан шықпайтын. Сол кезде ол ешқашан әке-шешем секілді өмір сүрмеймін деп өз-өзіне серт береді. Ол тек білім арқылы ел қатарына қосыла алатынын түсінді. Ол кезде Павлина екі тілді жетік білетін. Туған тілі – кәріс тілін және өзбек тілін. Өзбек мектебінде жергілікті балалармен бірге оқыды. Сол заманның ырқына қарай орыс тілі де қажет екенін ұғынып, ол тілді де бір кісідей меңгерді. Өмірлік жолдасы қазақ болған соң қазақшаны да игерді, бұл ретте өзбек пен қазақ тілдерінің жақындығы да көп көмегін тигізді.

Павлина Михайловна қазақ пен кәріс ұлттарының ұқсас тұстары жетерлік дейді.

– Қазақтар да, өзбектер де депортацияланған халықтарды құшақ жая қарсы алды, ең соңғы нанын бала-шағасының аузынан жырып тұрып берді деуге болады. Қай қазақтың үйіне бармасаң да, міндетті түрде дастархан басына шақырады, ең дәмді тағамын қонағының алдына қояды. Міне, осы бір мейірім, жанашырлық сезімі, қонақжайлық қасиеттер кәріс ұлтында да бар дер едім. Сосын түрлеріміз де ұқсас қой, мені, мысалы, көшеде бәрі қазақ деп қабылдайды. Қазақша сөйлесе кетеді, атыңыз неге орысша деп сұрайды, мен кәріс екенімді айтамын, – дейді қоғам белсендісі.

Павлина Михайловнаның ойынша, бұрынғы Кеңес одағын мекендеген кәріс этносы өз салт-дәстүрін толық сақтай алмады. Ол қазақтың келіні ретінде қазақтың әдет-ғұрпын көбірек ұстанатынын айтады. Аға буын өкілдері жақсы білетін дейді, алайда олардың да қатары жыл санап сиреп барады.

– Біз осында туып, осында өскен ұрпақпыз ғой. Ана тілімді де ұмыта бастадым. Бірақ кәріс ұлты өкілдерінде үлкенге деген құрмет сақталды. Біз баланың жасқа толғанын ерекше атап өтеміз. Қайтыс болған адамның мерейтойын атау деген де бар. Күзде бау-бақшадан мол өнім алуға орай Чхусок мерекесі тойланады. Кәрістің Жаңа жылын да ұмыт қалдырмаймыз. Кез келген мейрамда өмірден өткен ата-бабаларға, аға буынға құрмет көрсетіледі. Қазір біз қауымдастық болып ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртуға бар күшімізді салып келеміз, – дейді ол.

Иә, Шығыстағы кәріс қауымдастығы өз этностарының мәдениетін сақтауға, елдегі ұлтаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайтуға қомақты үлес қосып келеді. Тарихы терең, мәдениеті бай кәріс ұлтының өкілдері өздерінің қанға сіңген еңбексүйгіштік, тәртіп пен тәрбиелілік, шыдамдылық сынды қасиеттерімен көпке үлгі болып отыр. Қауымдастық Қазақстан мен Корея арасындағы байланыстардың беки түсуіне де атсалысуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив