ШҚО-да шомылуға рұқсат етілген 22 учаске белгіленді
Жаз келсе бәріміз шомылу маусымын асыға күтеміз. Аптап ыстықта бір сәт салқындап, жан шақырудың амалы – суға түсу. Алайда көбі шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережесі мен көрсетілетін алғашқы көмек жайлы біле бермейді. Соның кесірінен қаншама адамның өмірі қиылып, қаншама адам жапа шекті.
Ресми деректерге сүйенсек, былтырғы шомылу маусымында ел аумағында 177 адам суға кеткен. Оның 53-і кәмелетке толмаған. Құтқарушылар 136 азаматты аман алып қалған, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
Ал биылғы шомылу маусымының алғашқы он күнінде тіркелген оқыс жағдайлар көңіл көншітпейді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы он күнде сегіз адам ажал құшты. Оның төртеуі кәмелеттік жасқа толмаған. Құтқарушылар 13 адамды ажалдан арашалаған. Оқыс оқиғалардың көбі жағажайлардағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау және рұқсат етілмеген жерге шомылу салдарынан болған.
Статистикалық мәліметке сәйкес, былтыр суға батқандардың 98 пайызы жабдықталмаған жағажайларда шомылған.
Облыста былтыр алты адам суға кеткен. Осындай оқиғалардың алдын алып, көңілді демалыстың арты қайғылы жағдайға әкеліп соқтырмас үшін сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Өңірде биылғы жаз маусымында демалушыларға суға шомылуға рұқсат етілген 22 учаске белгіленіп, 74 орынға тыйым салынды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары аталған 22 учаске бойынша тексеру жүргізіп, қауіпсіздік шараларын пысықтап шықты.
Шығыс десе ең бірінші еске түсетін демалыс аймағының бірі – Бұқтырма су қоймасының жағалауы. Мұнда келушілердің қарасы жыл санап артпаса кеміген емес. Оның үстіне биыл бұл жерде туристік бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осыған орай шомылу маусымы басталысымен Бұқтырманың жағасында құтқарушылардың мобильді бекеттері жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ құтқарушылар облыс бойынша полиция және көліктік бақылау ниспекциясының өкілдерімен бірлесіп, демалыс орындарындағы бақылауды күшейткен.
Бұқтырма су қоймасының Самар ауданындағы жағалауында да құтқарушылар бекеті жұмыс істей бастады. Жаз бойы мұнда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері мен жедел-құтқару жасағы кезекшілік ететін болады.
Департаменттің ақпараты бойынша, құтқарушылар бекеті қажетті құтқару жабдықтарымен, оның ішінде арнайы жүзу құралдарымен және өрт сөндіру автокөлігімен жабдықталған.
Құтқарушылар қайықпен патрульдейтін болса, өрт сөндірушілер ұзындығы шамамен 110 шақырым жағалау бойындағы демалушылар мен демалыс нысандарының өрт қауіпсіздігін сақтауын ұдайы бақылауда ұстайтын болады. Демалушыларға судағы қауіпсіздік жайлы жадынамалар тапсырылып, нұсқау жұмыстары жүргізіледі.
Жаз маусымында өзен жағасына барып демалған орынды, әрине. Дегенмен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн. Ол өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығы мен өмірі үшін өте маңызды. Сіз елемеген болмашы ереже әкімшілік жауапкершілікке де әкеп соғарын ұмытпаған абзал. Айыппұл көлемі жеке тұлғалар үшін жеті, ал заңды тұлғалар үшін он айлық есептік көрсеткіш көлемінде қарастырылған. Осыған орай өңірдегі төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына ескерту жасады. Ескертуде шомылу үшін тек жабдықталған жағажайларды таңдау керектігі, қайықпен, скутермен немесе катамаранмен жүзерде кеудеше киіп, ережелерге бағыну, қайық үстінде тұрып суға секіруге және үлкендердің көмегінсіз 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге жүзу құралдарына отыруға болмайтыны баяндалған.
Демалысқа отбасымен шығарда суға шомылардағы сақтық шараларын үнемі баланың есіне салып, оларды қараусыз қалдырмаған жөн. Мәселен, өткен аптада Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасында да оқыс оқиға тіркелген болатын. Абырой болғанда дер кезінде көмек жетіп, қараусыз қалған төрт бала құтқарылған еді.
Төтенше жағдай кезінде 101 немесе 112 нөмірі бойынша хабарласу қажет.