KZ
Өскемен
+34°
переменная облачность жел 6 м/с, ОШ
479.83 528.82 5.39

Ермек Көшербаев, ШҚО әкімі: Жас мамандарға жағдай жасау керек  

14.07.2024, 11:29 755 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жұмыс сапармен Катонқарағай ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудан орталығы ретінде қайта түлеген Катонқарағай ауылында жыл басынан бері  таза ауызсу, жылу жүйесі, сондай-ақ, тұрғын үймен қамту бойынша бірсыпыра ілкімді істер атқарылып жатыр. Оларға бөлінген қаражаттың көлемі де аз емес. Жыл соңына дейін ауызсу, жылу, баспана мәселелері шешімін табады.

Аймақ басшысы ең алдымен жаңадан салынып жатқан орталық қазандықтың құрылыс алаңында болып, ондағы жұмысты көрді. Қазандықты қайта жаңғырту жобасын Ақжан Айтмұханбетовтің «Builder Gold» ЖШС-і қолға алып, бүгінде жұмыстың 90 пайызын орындап қойды. Жобаның жалпы құны – 915  млн теңгеден астам. Мердігерлердің айтуынша, бүгінде 500 млн теңгеден астам қаражат игерілген. Жобаға сәйкес қазандықтың жылу қуаттылығы 5,4 МВт-қа есептелген, үш қазандық орнатылған.  Біреуі қосымша резервте тұрады. Қазандықтар көмірмен жылытылмақ. Нысандағы құрылыс жұмысына бес техника, алты адам жұмылдырылған.

Жобаға жауапты мердігер компания өкілдері қазандықтардың қысымын тексеру жұмысын өткізгендігін айтады.

Қазандықтағы жұмыс барысымен танысқан аймақ басшысы жұмыстың сапалы орындалуы өте маңызды екеніне ерекше тоқталды.

Сонымен бірге өңір басшысы болашақта аудан орталығында халық саны өсетінін, сәйкесінше тұрғын үйлер де көбейетінін естен шығармауды ескертті. Демек алдағы уақытта қуаттылығы бұдан да жоғары қазандық салу қажеттігі туындауы мүмкін.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Расул Қарабалинов жаңа жылу жүйесіне елді мекендегі әкімшілік ғимараттар мен әлеуметтік нысандар, сондай-ақ төрт тұрғын үй қосылатынын жеткізді. 

А.Айтмұханбетов облыс әкіміне аудан орталығында тартылып жатқан су құбыры құрылысының барысы туралы баяндады. Бас мердігердің айтуынша, жобаға сәйкес ұзындығы 69 шақырым құбыр тартылмақ. Қазір жұмыстың жартысынан көбі аяқталған.

- Әрқайсының сыйымдылығы 500 текше литрден үш су қоймасы орнатылады. Су резервуары ауылдың жоғары жағында болады. Су қоры толығымен жетеді, - деді ол.

Орталық қазандықтың ескі ғимараты алдағы уақытта қазандық техникаларына арналған орын мен көмір қоймасы ретінде пайдаланылмақ.

- Сәулет, қала құрылысымен шұғылданатын қызметкерлер профицит, дефицит жағынан су, электр қуаты, жылуымен қамтуды зерттеп, зерделеп, есеп жүргізуі қажет. Содан кейін бұл жұмыстарды облыс әкімдігіне келіп бекітіп, қорғайсыздар. Соған сәйкес қаражат бөлінеді, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Бұдан кейін Ермек Көшербаев аудандық полиция бөліміне ат басын бұрды. Мұндағы қызметкерлер еңбе ететін бас ғимарат өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Пайдалануға берілген уақыттан бері нысанда бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ғимараттың жалпы аумағы – 649 шаршы метр. Қазіргі уақытта полиция ғимараты күрделі жөндеу жұмысын қажет етеді. Бұған бас-аяғы 8,2 млн теңге көлемінде қаражат жұмсау көзделген.

Аудандық полиция ғимаратының мүшкіл жағдайын көрген облыс әкімі алдағы уақытта бұл нысанның толық жөнделетіндігін жеткізді.

- Жақында тиісті қаражат бөлінеді. Барлығы ойдағыдай болса, ғимарат толық қалпына келтіріледі. Кетеуі кеткен ғимаратта қызметкерлердің жұмыс істеуі қиын. Сондықтан, орын алған мәселе оңды шешіледі, - деді Ермек Көшербаев.

Сондай-ақ облыс әкімі полиция бөлімінің қатарын жас мамандармен толықтыруды, ол үшін тиісті түсіндіру жұмысын жүргізіп, мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаздарды, қалалық жерден мамандарды қызметке тартуды ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Аудан орталығындағы көп жылдар бойы бос тұрған қосқабатты тұрғын үйлердің үшеуі биылдан бастап қалпына келтіріліп жатыр. Кеңестік заманда бой көтерген бұл үйлердің ішкі жобасы өзгертілді. Құрылыс барысын көрген облыс әкімі аудан басшылығына полиция, білім беру, денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Жауапты мердігерлер алдағы бір ай көлемінде қолға алынған жұмыстың толық аяқталатынына сендірді. Тұрғын үйлердің іші мен сырты ғана емес, оған тиесілі аумақ та абаттандырылып, ретке келтіріледі.

Бес жылдан бері құрылысы сағыздай созылған денешынықтыру және спорт кешенінің бүгінгі жай-күйімен танысқан аймақ басшысы нысандағы барлық жұмысты толық аяқтап, белгіленген уақытта пайдалануға беруді тапсырды. Расул Қарабалинов спорт кешенінің аумағы абаттандырылып, сыртында волейбол және спорттық жаттығу алаңдары болатындығын айтты. Спорттық алаңдарға жасанды жабын төселіп, жол жиектеріне бюрдюрлер қойылады. 

Өзінің жұмыс сапарын облыс әкімі аудандық ауруханада жалғастырды. Бұнда ол мекеме ұжымымен кездесіп, ауруханадағы науқастардың ем-дом алатын бөлмелерін аралап, медициналық қызмет көрсету жағдайымен танысты.

Гүлмира Сәкенова басшылық ететін аурухана 40 төсек-орынға арналған. Ауруханаға тиесілі бір жедел жәрдем бөлімі, үш дәрігерлік амбулатория, 18 медициналық пункт жұмыс істейді. Қазіргі таңда аурухананың штаттық кестесіне сәйкес 186 адам еңбек етеді.

Ермек Беделбайұлы жұмыс сапары барысында аурухана дәрігері Валентина Шершневамен жүздесті. Валентина Павловнаның денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқанына келер жылы 50 жыл толады. УДС дәрігер болғанына 20 жыл болды. Білікті дәрігердің айтуынша, маман тапшылығына байланысты ол зейнет жасына қарамастан жұмысына қайта шыққан.

- Валентина Павловна, мен сізбен алғаш рет жүздесіп отырсам да, сіздің өмір жолыңыз көп жандарға, әсіресе, жас буынға жарқын үлгі деп есептеймін. Сіздің қажырлы еңбегіңізге зор алғысымды айтамын, - деп аймақ басшысы тілегін білдірді.

Облыс әкімі ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау, тағы да басқа салалар бойынша жұмысқа жас мамандарды тарту үшін ең алдымен оларға тиісті жағдай жасалуы қажеттілігін атап өтті.

Сондай-ақ Ермек Беделбайұлы ауруханада ем алып жатқан науқастармен де кездесіп, қал-жағдайын сұрады.

-Ауданымыз жыл басынан бері қайта жанданып, бойына қан жүгірді. Оны біз, аға буын өкілдері әрі аудан тұрғыны ретінде осындағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардан көріп отырмыз. Аудан орталығы расымен де дамып келеді. Ауызсу, жылу тартылып, тұрғын үйлер салынып, жолдар жөнделіп, қыруар жұмыс атқарылуда. Оны көріп отырған халық та қуануда. Ауданымыз күннен-күнге, жылдан-жылға дамып, құлпыра берсе екен дейміз. Ауылдық жерлерге жастарымыз көптеп келіп, еңбек етіп, туған жеріміздің гүлденуіне өз үлестірені қосуына әрқашан тілекшіміз, - деді ауданның құрметті ақсақалдарының бірі, еңбек ардагері Жомартхан Абырайымов. 

Облыс әкімі бұдан былай да өңірде келелі міндеттердің қолға алынып, нәтижелі жұмыс атқарылатындығын жеткізді.

- Келер жылы аймақтағы шағын ауылдарға назар саламыз. Облыса барлығы 77 шағын ауыл бар. Солардың инфрақұрылымын, әлеуметтік жағдайын, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда бірсыпыра жұмысты қолға аламыз. Көшелеріне асфальт төсейміз, жарығын түзейміз, ауызсумен қамтимыз, - деді Ермек Көшербаев.

Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы аудан орталығындағы сауда орындарын аралап, әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерінің бағасын көріп шықты. Облыс әкімі дүкен иелеріне сөрелерде отандық өнімдердің молырақ болуына баса назар аудару қажеттігін айтты.

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив