KZ
Өскемен
-15°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СШ
523.86 544.34 5.11

Көмір тұйықтарында   ұзын-сонар кезек

18.09.2024, 14:57 150 Айжанат Бақытқызы

Көмір дүрбелеңі тағы да туды. Қаладағы көмір тұйықтарында жылдағы көрініс қайтадан қайталанып жатыр. Көмір алуға келіп жатқан жүк көліктерінің санында есеп жоқ, деп хабарлайды Altainews kz сайтының тілшісі.

Алтайдың қысы 6 айға созылады. Аудандардағы, қаладағы көмір тұйықтарында  дәл бүгінгідей көмір кезегі болмас үшін, көмірді ерте бастан сатып алу қажеттігін облыстық Энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығының басшылары маусым айынан бастап елге әлденеше рет ескерткен еді.

-    Жаз айларында аудандардан мүлдем кісі келген жоқ,  сол себепті жұмыс істеген жоқпыз. Тамыз айы бойы біздің көмір тұйығына күніне көп дегенде 20 көлік қана келіп тұрды. Жаз бойы тұйықта 4000 тонна көмір жатты. Қыркүйек айы келіп, суық түскен соң халық енді қамданып, енді оянып жатыр. Бар жұмыстарын бітіріп болған соң  енді келіп жатыр. қысқа керек отынды ерте бастан алып қойса, мұндай дүрбелең болмас еді. Көмірді қаладан, қалаға жақын аудандардан ғана емес, тіпті алыстағы аудандардан келіп алып жатқандар да бар. Кейбіреулер қалаға жүк әкеліп, қайтарда бос қайтпай көмір ала кетіп жатыр.  Болашақта бұл жағдай  реттеледі деп ойлаймын, –дейді  Өскемендегі «Топливная компания Терминал» ЖШС директоры Мансұр Бекбауов.

Көмір тұйығы директорының айтуынша «Терминал» тұйығында таңертең 700 тонна көмір қоры болған. Күн сайын келіп жатқан 100 ден астам көліктің бәріне жету үшін көмір әр көлікке үш тоннадан ғана босатылып жатыр. Отынды осылай шектеп бермесе, көліктердің біразы бос қайтады немесе келесі күнге қалады. Тұйықтың сыйымдылығына қарай   мұнда  күн сайын 10 вагон көлемінде  көмір түсіріледі. Қазір келесі вагондарды күтіп отыр.
 
Биыл облыста көмірдің бағасы өзгерген жоқ.  Тұйық басында әлеуметтік көмірдің тоннасы 15 300 теңгеден босатылып жатыр, ал, коммерциялық көмір 15 800 теңгеден сатылуда.  

Көлігімен кезек күтіп тұрған жүргізуші Ұлан ауданының Асубұлақ кентінен келіпті.


-Жаз жауын-шашынды болып, ауа райының да кедергісі болды.  Көмір алу үшін ақша керек, мал семірмей ақша қайдан, малын сатқан ел көмірді енді алып жатыр. Осылай  қаракүзге қалдырып отыр, өйтпеске амалдары жоқ қой,-дейді сарғая кезек күтуден шаршаған жүргізуші.
Әр күз сайын көмір қысы ұзақ шығыс қазақстандықтардың ең өзекті мәселесіне айналады. Мамандар сол үшін көмірді жазда,  ертерек алып алу қажеттігін қайта -қайта айтқанымен жауап жоғарыдағыдай. 


Өңірде осы көмір үшін таластан болған оқыс оқиғалар да жиі тіркеліп келеді. Бірнеше жыл бұрын Қаражыра кенішінде көмір кезегін реттемек болған спортшы төбелестен қайтыс болды, екі –үш жыл бұрын Өскеменде бірнеше күн бойы көмір кезегінде тұрған ер адам соңғы қадамға барып, өзін - өзі өртеп жібермекші болып, полицейлердің араласуымен аман қалған болатын.

                                                                                                                                               Жанаргүл Көкенайқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу