KZ
Өскемен
-3°
плотный туман жел 2 м/с, СБ
485.04 525.98 5.04

Шемонаихада Гребенщиков оқулары өтті

30.09.2024, 11:00 107 Айна Ескенқызы

Шемонаиха тарихи-өлкетану музейінде осымен 31 рет «Гребенщиков оқулары» өтті. Оған Мәскеуден, Мәскеу маңынан, Дзержинск қаласынан жазушының немересі Людмила Гребенщикова, шөбересі Николай Шмитько, шөпшегі Георгий Гребенщиков және шөбере жиені Александр Шрамко арнайы келді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жазушының қазақтар туралы жазған шығармаларын қазақ тіліне аударып, тұңғыш рет «Батырбектің хандығы» деген атпен кітап етіп жарыққа шығарған, осы жиынға арнайы шақырылған жерлес жазушы, журналист Айтмұхамбет Қасымов былай дейді:

– Қазақстандық орыс жазушылары арасында қазақтар жайлы, көшпенділер өмірінен көбірек қалам тартқан жазушының бірі де бірегейі – жерлесіміз, 1883 жылы Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданындағы Каменевка селосында дүниеге келген, туғанына 140 жыл толған Георгий Гребенщиков. Қазақ ауылы жайлы «Жақсы жігіт» пьесасын (1907), «Батырбектің хандығы» повесін (1912), «Бөлекей өлген», «Дала тыныштығы», «Дала қарғалары», «Ертісте», «Қызылтас», «Сайлау», «Рахман қайнарлары» сияқты көптеген әңгіме, очерктер жазған. 

Сонау Америкада жатып Г. Гребенщиков өзінің жерлестерінің, қазақтың ауыр ахуалын, жағдайын бір сәт те есінен шығармаған. Даланың тағдыры, оның күрмеуі қиын мәселелеріне үнемі үн қосып отырды. Құрама Штаттардан, 1933 жылы ол қазақтар туралы тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйінін, қара сөзбен жазылған өлең түрінде қағаз бетіне былайша түсіреді:

«О, қырғыз, қырғыз (қазақ)! Үстіңнен төңкерілген, сайын даланың аспанының астында жатқан сені әлем әлі білмейді. Туғаннан ат құлағында ойнайтын, бесіктен белі шықпай батыр болған, жыршы атанған, қуғын мен шапқыншылықта өктем де өжет, тұтқында басын имес, қонақта ибалы, қолы ашық қожайын, тіпті жауына да қонақжай, ешкімнің қорлығын кешірмейтін кекшіл. Сен, қырғыз, серілік махаббатта опасыздықты білмейсің. Жаратылыстан бері сен үшін әйел – күң болғанымен, сол әйел сен үшін – құдірет те, жердегі тұрмыс қуанышының қасиетті нәрі, о дүниелік болмысқа қол жеткізудің тетігі. Сүйіктілеріне деген кіршіксіз адалдықтарымен ғана қырғыздың батырлары өздерін жеңімпаздық пен мәңгілік даңққа бөледі».

Айтмұхамбет Қасымов сол себепті ол кісінің шығармашылығы біз үшін өте құнды екенін айтады.

Сонымен қатар ауданның, облыстың ақын-жазушыларының өкілдері, әдебиет сүйер қауымы қатысқан тағлымы мол жиында облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері О.М. Тарлыкова баяндама жасап, жазушының соңғы мекені болған Америкадағы Чураевкаға екі мәрте барып келген А.С. Шрамко естеліктерімен бөлісті. Басқа да сөз алғандар Гребенщиковтың өмірі мен шығармашылығының қиын да қызықты қырларына тоқталып, Выдриха орта мектебінің оқушылары жазушы шығармаларынан қойылымдар қойып, жиынның мәнін әрлеп отырды.

 

 Суреттерде: Жазушының немересі Л.Гребенщикова, шөбересі Н.Шмитько, шөпшегі Г.Гребенщиков, шөбере жиені А.Шрамко.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив