ШҚО әкімі шенеунікке: “Айтар ақпараттарыңыз бұқараға түсінікті қарапайым тілде болсын!”
Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының Ардақ Мәдиевтің баяндамасы тыңдалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Басқарма басшысы облыста шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасын іске асыру туралы ақпарат беріп, бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтеді.
Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес, мемлекеттік гранттар «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері болып табылатын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне өтеусіз негізде беріледі. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурсты ағымдағы жылдың қараша айында өткізу жоспарланыпты.
Белгілі болғандай, 2023 жылы жоғарыда аталған мемлекеттік қолдау шараларын алған облыс кәсіпкерлері жалпы сомасы 73,7 миллиард теңгенің салығын төлеген екен. Бұған қоса облыста 958,6 миллиард теңгенің өнімі шығарылып,
6 975 жұмыс орны сақталғанын, 240 жаңа жұмыс орны құрылғаны белгілі болды. Дегенмен былтырғымен салыстырғанда облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі екі пайызға азайған. Бұған бірнеше объективті фактор себеп болды, дейді құзырлы басқарма басшылығы.
Мәслихат сессиясына қатысқан облыс әкімі Ермек Көшербаев жалпы алғанда атқарылып жатқан жұмыс көңіл көншітетінін, алайда бұл туралы ақпаратты халыққа дұрыс жеткізу жағы ақсап тұрғанын айтты.