Шемонаиха ән-жырдан шашу шашты
Шығыс Қазақстан облысындағы барлық аудандардың атсалысуымен жүзеге асырылып жатқан «ТУҒАН ЖЕР - АЛТЫН БЕСІГІМ» жобасы өз жалғасын табуда, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жолғы кезек Шемонаиха ауданына тиген екен. Шемонаихалық өнерпаздардың көрмесі мен гала-концертін облыс әкімі Ермек Көшербаев тамашалап қайтты. Әкім өзінің алғысын білдіріп, осындай жобалардың өңір мәдениетін дамытудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.
Фестиваль Ертіс концерт залындағы фойеде өткен көрмеден басталды. Көрмеде өнеркәсіптік кәсіпорындардың жетістіктері, туристік маршруттар мен жергілікті шеберлердің қолөнер туындылары көпшіліктің назарына ұсынылды. Экспозицияның алуан түрлілігі жиналған қонақтарды тәнті етті.
Көрме аяқталған соң, Шемонаиха ауданының өнерпаздары әзірлеген гала-концерт басталды. Концерт бағдарламасында әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармаларымен қатар халық әндері шырқалып, қазақтың күйлері шалқыды. Мың бұрала билеген биші балалар қазақ және орыс ұлтының ұлттық билерімен көрермен көңілін көтерді.
Серік ҚҰСАНБАЕВ