Қазақстанның біртұтас уақыт белдеуі: Қытай тәжірибесі және ықтимал артықшылықтар
pexels.com
Қазақстан географиялық тұрғыдан төрт уақыт белдеуінде орналасқанымен, 9 ай бұрын бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешім қабылдады. Мұндай реформаны көршілес Қытай елі 75 жыл бұрын жүзеге асырған еді.
Жер көлемі бойынша әлемде үшінші орында тұрған Қытай 1949 жылы бес уақыт белдеуін біртұтас Пекин уақытына біріктірді. Бұл шешім сол кездегі билеуші Мао Цзэдунның елді біріктіру және ұлттық бірлікті арттыру мақсатында қабылданды. Нәтижесінде, Қытайда бірегей уақыт тәртібі көлік жүйесін, сауда процестерін және мемлекеттік басқару механизмдерін оңтайландыруға ықпал етті.
Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне көшуі де ұқсас артықшылықтарға алып келеді. Ең бастысы, еліміздің негізгі сауда серіктесі Қытаймен уақыт айырмашылығының азаюы халықаралық келіссөздерді жеңілдетіп, іскерлік байланысты нығайтуға әрі сауда-саттық көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. Мысалы, үлкен территориясы бар Ресейде 11 уақыт белдеуі қолданыста. Бұл бизнес пен көліктік инфрақұрылым саласында қиындықтар туғызады. Осыған байланысты бұл елде уақыт белдеулерін қысқарту мәселесі ара-тұра талқыланып отырады.
Қазақстанда теміржол, әуе және автокөлік қатынастарының кестелерін құру бірыңғай уақытқа бейімделгенде, шатасулар азайды. Елдің әртүрлі өңірлеріндегі тұрғындар үшін уақыт айырмашылығының болмауы туыстарымен байланыс орнатуды жеңілдетеді. Бұдан бөлек, бұл өзгеріс бизнес процестері мен мемлекеттік қызметтерді де оңтайландырады. Ірі қазақстандық компаниялар, мысалы, мұнай-газ немесе логистика саласындағы кәсіпорындар, Қытай немесе Еуропа нарығымен жұмыс істегенде келіссөздер мен келісімшарттарды үйлестіру үшін уақыт белдеулерін ескеруі қажет. Біртұтас уақыт белдеуі келіссөздер кестесін жеңілдетеді, нәтижесінде өнімділік артады.
Біртұтас уақыт белдеуі – ұлттың бірлігі мен ел экономикасын дамытуға бағытталған стратегиялық шешім. Қазақстан осы бағытта Қытайдың тәжірибесінен үлгі ала отырып, уақыт белдеулерін реформалау арқылы жаһандық деңгейде тиімді әріптестік орнатуға жаңа мүмкіндік ашып отыр.