KZ
Өскемен
-1°
пасмурно Штиль
494.87 520.65 4.91

Автоерікті болу – игілікті іс

depositphotos.com

14.11.2024, 13:00 85 Гульжан Мусина

Қазіргі таңда жүріп-тұруы қиын, мүгедектігі бар жандарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаумен қатар басқа да түрлі әлеуметтік жобалар бар. Солардың бірі – «Өскемен-Асар» автоеріктілер жобасы, деп хабарлайды  Altainews.kz.

Облыс орталығындағы «Инватакси» қызметі көмекке мұқтаж жандардың барлығына үлгермейтін кездер көп. Соған байланысты «Өскемен-Асар» автоеріктілер жобасы қолға алынған болатын. Аталмыш жоба 2018 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының және қала басшылығының қолдауымен жүзеге асуда. Мұндай қызмет түрі арбаға таңулы адамдарға ауадай қажет екенін, мүмкіндігі шектеулі жандардың көбі қоғамдық көлікпен жүре алмайтынын алға тартып, мәселе көтерген І топ мүгедектігі бар Екатерина Федоренко мен Анна Мазаева еді. Жобаның мақсаты – қаладағы жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы отбасылар мен жарымжан балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға көмектесу.

Қайырымды автомобильшілер әлеуметтік аз қамтылған немесе мүгедектігі бар жандарды аурухана, емханалар мен базарға, сондай-ақ, қоғамдық орындар мен саябақтарға қажетінше тегін жеткізіп тастайды.

«Өскемен-Асар» автоеріктілер ұйымындағы жоба авторларының айтуынша, жыл өткен сайын сервис қызметіне жүгініп, көмек сұрап келетіндердің саны көбеюде. Сондықтан әрбір өтінім мен әр шақыртуды жауапсыз қалдырмай, сенімге селкеу түсірмей, жедел әрекет ету міндет. Бастысы, игі іске атсалысып, қолдау танытатындардың қатары артып келе жатқаны да қуантады. Аталған сервисті пайдалану не болмаса көмек көрсетушілер қатарына қосылуға арналған WhatsApp мессенджерінде арнайы топ бар. Оны жүргізіп отырған диспетчер Татьяна Дементьева бірлескен автоеріктілер тобы биыл қаңтар-қазан айлары аралығында 805 шақырту алып, тиісті қызмет көрсетілгенін алға тартты.

Мұндай қызмет түрін пайдаланушылардың қатарында Айман Арманқызы (аты-жөні өзгертілді) да бар. Ол – І топтағы мүгедек. Айтуынша, өзіне қолайлы болса да, ұйым мүшелерін қайта-қайта мазалауға ыңғайсызданады. Сондықтан тек шұғыл қажеттілік туындаған жағдайда, не болмаса, қалалық такси қызметін шақыруға қаражаты болмаған кезде ғана автоеріктілерге жүгінуге тырысады. Көп ретте азық-түлік, тағы да басқа керек-жарақтарын сатып алу үшін ЖМК ауданынан орталық базарға бару қиындық туғызады. Ал қалалық такси жүргізушілерінің кейбірі арбаға таңулы адамға жөндеп қызмет көрсете алмаса, енді бірі көлігі арнайы жарақтандырылмағандықтан кейістік те білдіретін кездер болады екен.

Аса ауыр диагнозы бар 11 жастағы Василисаның анасы Юлия Ченің айтуынша, баланы аптасына екі рет емдеу орнына апарып-әкелуде автоеріктілердің қызметіне жүгіну – таптырмас көмек.

– Жергілікті емдеу шараларына барынша жүгініп жүрміз. Біз оңалтудың барлық түріне барамыз. Жасыратыны жоқ, қолайсыз ауа-райы күндері, әсіресе, жер тайғақ болып, әрі жолдар тазаланбай жатса, баланы ары-бері алып жүру қиындайды. Күндіз әйтеуір бірдеңе етіп автобусқа отырамыз ғой, ал кешке бассейннен, мектептен алып қайтқан кезде қиналамын. Меніңше, бұл проблема жалғыз бізде ғана емес, ерекше күтімді қажет ететін баласы бар әр ата-ана мен үйлерінде жасы үлкен адамдары бар отбасылардың барлығының басында бар, – деді Юлия Че.

Тағдыр тәлкегіне ұшырап, қимыл-қозғалыстары шектелген адамдарға қол ұшын созып, көмектесемін деушілер әртүрлі салада жұмыс істейтін азаматтар. Олардың арасында жеке кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі – Серік Сембинов. Ол екі жыл бұрын «Өскемен-Асар» автоеріктілерінің ұйымына мүше болып кірген. Содан бері тек мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана емес, қарияларды, көпбалалы отбасыларды да керек жерлеріне еш ақысыз жеткізіп тастауды қалыпты әрекетке айналдырған. Серік Кеңесұлы осындай өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсету қызметі әрдайым сұраныста болатынына сенімді. Өйткені мұндай адамдарды апарып-алып келу оңай емес.

Тағы да бір мейірімді жан – Елена Шёлковая. Ол төрт жылдан бері автоеріктілер ұйымының белсенді мүшесі. Елена адамның адами қасиеттерінің бірі – өзгеге қолдан келгенше жақсылық жасап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білу деп біледі. Сондықтан өмірде қиын жағдайға тап болғандарға бей-жай қараған емес.

Жоғарыда атап өткеніміздей, осымен алты жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан ұйымда бүгінгі таңда 100-ден аса автоерікті бар. Осы орайда жоба жетекшілері ұйым жайлы ел-жұртқа естірту үшін көптеген бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілерге жариялау оң ықпал еткенін алға тартады.

Бүгінде көмекке мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап, жүрек жылуын беріп қана қоймай, нақты іспен көмек қолын соза білген ұйым мүшелері ел алғысына бөленіп жүр. Автоеріктілердің әрқайсы игі іске өз үлестерін қосып, көпшіліктің разылығын алуда.

WhatsApp тобын жүргізуші, диспетчер Татьяна Дементьеваның айтуынша, аталған сервиске мұқтаж жандар немесе керісінше, көмек көрсетемін деген белсенді азаматтар 8-747-911-00-11 немесе 8-777-734-60-67 нөмірлері бойынша байланысқа шығып, хабарласа алады.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», - дейді дана халқымыз. Адамзат бойындағы ізгі қасиет нақты істер арқылы көрініс тауып, жақсылық жасайтындар қатары толығуы – қоғамның рухани өсуінің айғағы десек артық болмас.


Арайлым Нығметоллақызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу