KZ
Өскемен
-25°
плотный туман Штиль
514.93 536.04 5.18

Жеті ауданды жайнатуымыз керек

Фото: pexels.com

4.12.2024, 16:30 35 Гульжан Мусина

Агроөнеркәсіп кешені саласындағы ең ірі қоғамдық бірлестіктердің бірі Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы елдегі  60 мыңнан астам ұсақ, орта және ірі тауар өндірушілердің мүддесін қорғап отыр. Қазақстан фермерлері қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Самат Қыдырмолда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейін бекітілген тұжырымдамасына сай облыста, әсіресе, өңірдің оңтүстігіндегі аудандардың ресурстық әлеуетін барынша пайдаланып, жеделдете өркендетуіміз қажет деп санайды.

Әр өңірдің өз ерекшелігі бар

- Біз мол мүмкіндігі бола тұра Ұлан, Алтай, Глубокое,  Шемонаиха сияқты ауыл шаруашылығы қарқынды дамып жатқан  аудандардан  артта қалып отырған оңтүстіктегі жеті ауданның: Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Марқакөл, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Самар аудандарындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының  өсіп-өркендеуіне баса мән беруіміз керек, - дейді Қазақстан фермерелері  қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Самат Қыдырмолда.

- Самат Қыдырмолдаұлы, ауыл шаруашылығының ертеңін бағдарлап отырған АӨК-нің дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының негізгі бағыттары қандай?

- Бекітілген тұжырымдама бойынша енді ауыл шаруашылығының өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарын  әртараптандыру бойынша жұмыс күшейтіледі, қожалықтар, шаруашылықтар рентабельді дақылдарға көшеді және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайтады.

Осы құжатта көрсетілгендей, су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің ауданын жылына 150 мың гектарға дейін ұлғайту жөніндегі жұмыстарды күшейту көзделініп отыр. Ол үшін суармалы техниканы қаржыландырудың арнайы бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында «Жасыл Даму» қаражатынан отандық ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға 20 млрд теңге бөлінді. Тағы 20 млрд теңге жем-шөп дайындау техникасы мен ұтқыр суару жүйелерін қаржыландыруға жұмсалады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жасап отырған  кешенді жоспары аясында жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу өндірістері жаңғыртылып,  жаңадан құрылады.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингінің жыл сайынғы көлемі 170 млрд теңгені құрамақ. Министрлік тарапынан жеңілдетілген лизинг және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды субсидиялау мақсатында қаржыландыруды ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысының тапсырып отырғанындай 2029 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе өндіре отырып, қайта өңдеу саласын 60 пайызға өсіру жоспарланып отыр.  Осы тапсырмалардың негізінде біздің Қазақстан фермерлері, шаруа қожалықтарының қауымдастығы, оның ішінде біздің облыстық филиал бірнеше ұсыныстар мен шешімдерді қамтып отырған жобаларды әзірлеп отыр.

- Аймақта, аудандарда ауыл шаруашылығын дамытудың болашағы осы тұжырымдамаға сай құрылатыны белгілі. Жергілікті жерде жобаларды әзірлеуде қандай жағдайларға мән беріп отырсыздар ?

- Жобаларды облыс бойынша емес, әр аудан бойынша жасап отырмыз. «Әр ауданның ауыл шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасы» деп аталады. Бәрі біледі, біздің облыстағы  төрт солтүстік аудан өте жақсы дамыған, себебі, жерлерінде ылғал мол, егін егуге, майлы, дәнді дақылдарды өсіруге аса қолайлы. Кадрлары да бар. Аудандардың даму тұжырымдамасында негізінен, артта қалып отырған жеті ауданды қамтып отырмыз, ол жақта ауыл шаруашылығының әлеуеті бар болғанымен  даму қарқыны бәсеңдеу. Әр аудан әкімінің ауыл шаруашылығын қадағалайтын  орынбасарымен, ауыл шаруашылығы бөлімдерімен, ауылдық округ әкімдерімен, ірі шаруа қожалықтарының иелерімен ғана жұмыс істеп жатқан жоқпыз, бұл шараға елге, жерге жанашыр аудан азаматтарын да тартып отырмыз.

Бұрын ауыл шаруашылығына  тапсырмалар, жоспарлар жоғары жақтан келетін, «осыншама несие алуы керек, осындай бағдарламаны жүзеге асыру керек» деп. Әр ауданның өзінің даму ерекшелігі бар. Жобалар осыны ескеріле жасалып жатыр. Мысалы, Тарбағатай мал шаруашылығы бағытында дамып келе жатқан өңір. Зайсан, Күршім, Марқакөл аудандарында да кеңестік заманда мал шаруашылығы қатты дамыған еді. Бұл шекаралық аудандарда  егін, майлы дақылдар шаруашылығын дамытудың мүмкіндігін қарастырып, мал өнімдерінің кластерін: ет, сүт, балық, астық, қой жүні өнімдері кластерін құруды көздеп отырмыз. Ол ең алдымен шекара шебінде халықтың тұрақтануына, жұмыс табуына, өркендеуіне жол ашады.  Күршім, Самар, Тарбағатай аудандарында балық шаруашылығын дамытуға  мүмкіндік мол. Табиғатына, климаттық жағдайына қарай дамытуға ден қойып отырмыз. Жұмыс топтары әр аудандағы кадрлық мәселелерді де назарға алып отыр.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы министрлігімен  11 түрлі қаржыландыру жүйесі анықталып, бекітілді. Келер жылдан бастап осы қаржыландыру жүйесі арқылы қайта өңдеу, сүт тауарлы фермаларын салу, мал бордақылау, ет комбинаттарын салу сияқты бағыттарға қаржы бөлінеді. Төрт жылда ауыл шаруашылығының өнімін  екі есеге арттыру керек. Жаңадан келген кадрлар бұрыңғы кадрлардың көмегіне жүгініп, олардың кеңестерін алуға мән беруі керек.

Аудан басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелері енді сол қаржыны табыс әкелетін салаға тарта алуы тиіс. Қауымдастықтың облыстық филиалының   мүшелері жазда барлық аудандарға барып,  диқандармен, малшылармен, салалық бөлімдермен, аудан басшыларымен кездесіп, ауданды өркендете алады деген негізгі  бағыттарды талдап, бекіттік. Бұл шаралар әлі де жалғастырылып жатыр.

 Самардың сәні егін еді

 - «Жері байдың – елі бай» деген, біздің барлық аудандарымыз құнарлы, сулы, нулы жерде орналасқан ғой. Ендеше неге өзіңіз айтып отырған бірнеше аудан көш соңында келеді?

 

- Бұл аудандарда ауыл шаруашылығын жүргізудің дұрыс жүйесі құрылмаған. Екіншіден, суғару жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Оған қоса оңтүстік аудандардағы шаруашылықтардың дені ұсақ. Оларды өзара біріктіріп ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың жолдары да қарастырылып жатыр.

Тарбағатай ауданында алдағы жылдарда Қандысу су қоймасы жөнделіп іске қосылады. Су қоймасы жермен айналысуға, егін түрлерін көбейтуге жаңа мүмкіндіктер тудырады. Мәселе, барды бағалап, тиімді  пайдалана алмай отыруда.

Мысалы, Самар ауданында қазіргі пайдаланылып жатқан алқапқа  қосымша 10-15 мың гектар суармалы жер қоры бар, бұл үлкен резерв. Судың көзі мол ол ауданда. Бұқтырма су қоймасы, бірнеше өзен бар. Самар ауданы кеңестік заманда облыстағы ең мықты ауданның бірі болатын. Аталған ауданда егіншілік, мал шаруашылығы, оған қажетті мал азығындық дақылдар егіншілігі қарқынды дамығаны елдің есінде. Бұл өңірде егінді  тоғандар арқылы, суғару технологиялары арқылы суғаруға жағдай мол. Жалпы, болашақта облыстың ауыл шаруашылығын суармалы жүйеге көшірмесек, өңірде, Қазақстанда бұл сала тұралайды. Өйткені жаһандық климаттық өзгеріс келе жатыр.

Күршім ауданында да су көлемінің көзі көп. Бұл ауданда суғару технологиялары енді ғана қолға алынып жатыр. Ауданда мал өсіретін ірі шаруашылық бірсыпыра үлкен аумаққа суғару технологияларын орнатып, мал азығындық дақылдар өсіріп отыр. Бірақ мұндай технологияға жетіп отырған шаруашылықтар аз.

Себебі, көрсетіліп жатыр делініп жүрген мемлекеттік қолдауды, көмекті барлық шаруашылық құрылымдары алып отырған жоқ. Суғару технологияларын орнатуға 80 пайыз көлемінде субсидия беріледі.  Мысалы, суғару технологиясына кеткен 100 млн теңге шығынның 80 млн теңгесі субсидиямен қайтарылып беріледі. Қалған 20 миллионы бес, жеті жыл көлемінде қайтарылады. Бірақ, суғармалы технологияларды шаруа қожалықтарының бәрі орната алмайды, көп болса 100 шаруашылықтың 5 пайызының ғана орнатуға мүмкіндігі бар. Өйткені, мемлекеттік  қаржыландыру тетіктерінде бірқатар кемшіліктер бар. Суландыру жүйелерін орнату үшін  алдымен оның жобасын жасап, электр энергиясымен жабдықтап, құбырлар тартып, тоған, бөгеттер жасау керек. Бұл шаралардың бәрі    «Агронесие корпорациясы» арқылы атқарылып отыр. Бұл корпорация несие беру үшін шаруадан алдымен кепілдік сұрайды. Ауылда 100-300 млн теңгенің қандай дүниесі, кепілдігі бар болуы мүмкін? Ал, кепілдік болмаса, шаруаға суландыру жүйесін орнатуға несие берілмейді. Бар ауданда, соның ішінде жері қуаң  Тарбағатай, Зайсан ауданында да  суару технологиясын енгізуді жоспарлап отырғандар баршылық. Кепілдігі болмағандықтан бұл несиелерді ірі шаруашылықтар ғана алып, солар ғана суғару машиналарын орнатып жатыр.

- Кепілдік қою мәселесін қалай шешуге болады? 

- Біздің облыста бүкіл еліміздегі су қорының 40 пайызы бар. Қазіргі күні фермерлер қауымдастығының филиалы   шаруа қожалықтарын қаржыландырудың қолайлы жолдарын қарастырып, ұсынып отыр. Облыс әкімдігімен, облыстағы «Ертіс» ӘКК басшыларымен бірлесе  пилоттық бағдарламаның тетіктерін ойластырып, шаруа қожалықтарына суландыру жүйелерін орнатудың тиімді жолдарын қарастырып жатырмыз. Осы жобаны парламентке, министрлікке ұсынамыз.  Облыстағы «Ертіс» ӘКК   мемлекеттен суғару жүйелерін орнатуға бөлінетін қаржыландыру көлемін 12 млрд. теңгеге дейін арттыруға орай өтінім беріп отыр. Қаржыландыру жолы мынадай:  «Ертіс» ӘКК-не Үкіметтен қаржы келетін болса,  шаруа қожалықтары корпорацияға өзінің қарамағындағы жерін кепілдікке салады. Осы құжаттар бойынша аталған корпорация жаңбырлатып, тамшылатып суғару сияқты суландыру машиналарын шығаратын отандық кәсіпорынмен үш жақты келісім-шарт жасап, қаржыны суландыру құрылғыларын өндіретін кәсіпорынның есепшотына тікелей аударады. Ақша қожалық иесінің қолына түспейді. ӘКК ақшаның қолданылуына бақылау жасап отырады, қожалыққа құрылғылар беріліп, оларды орнату жұмыстары ұйымдастырылады. Бұл несиенің мақсатты жолмен жұмсалуына, жұмысты қадағалауға мүмкіндік береді. Суғару машиналары орнатылып  біткен соң мемлекеттің 50/30 (80 пайыздық) пайыздық субсидиясы «Ертіс» ӘКК на түсіп несиені жабады. Сонда шаруа қожалығы қалған 20 пайызын бес-алты жылда төлеп шығады. Бұл тек біздің облыста ғана қолға алынып жатыр.

- Аудандарда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға тұсау болып тұрған  тағы қандай кедергілер бар? Былтыр Самар ауданындағы «Мәмбет» қожалығының басшысы «маманды қойып, мөшек көтеретін адам таппай отырмыз» деген еді...

- Ауыл шаруашылығын аяқтан шалып отырған кедергінің бірі - кадр мәселесі. Ескіні көксегендей болмайық, алайда, кеңес дәуірінде еңбек адамына: малшыларға, механизаторларға, бақташыларға көп жағдай, қамқорлық жасалды. Қазіргі күні ауыл шаруашылығында кадр жетпейді. Отар-отар мал баққанды қойып, қой кезегін бағатын адам әрең табылады. Механизаторлар да аз. Малшының жоқтығынан, жем-шөп қорының аздығынан шаруашылықтар қой басын көбейтпей, керісінше шақтап қана ұстайтын болып барады. Біз облыстық білім  басқармасымен келісіп,  малшылар, ветеринар, механизатаор дайындайтын курстар ашудың мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Аудандарда оларды қысқа оқыту курстарында оқытып, қолдарына  сертификат берсе, ол қолындағы сертификатымен шаруашылық иесімен келісім -шартқа отырып,  заңды түрде сол шаруашылыққа маман болып тіркеледі. Құжатта еңбекақысы көрсетіледі. Осылайша, мал сатып алуға, суландыруға тағы басқаға төлеп жатқан субсидияны адамға, кадрға да төлейтін болсақ, маман тапшылығы азаяды. Яғни, малшының қожалық иесінен алып отырған еңбекақысының үстіне мемлекеттен субсидия түрінде белгілі бір мөлшерде қосымша қаржы төленеді. Сонда төрт мезгіл бойы таңнан кешке дейін мал соңында жүретін малшы  өзіне көрсетіліп отырған қамқорлықты шынайы сезінеді.

«Ауыл – ел бесігі» дейміз. Ал сол бесікте еңбек етіп жатқан ауыл халқына, шаруаларға неге жағдай дұрыс жасалмайды? Ауылдан бірер күнге қыдырып барғандардың өзі ыстық суы жоқ, дәретхана далада деп қалаға қашатыны рас. Зиянды цехтарда істейтіндер қазір зейнетке 55 жастан шығып жатыр. Ауыл шаруашылығындағылар жыл он екі ай аяз бен аптапта  малдың соңында жүреді.  Неге осы жеңілдіктерді ауыл шаруашылығының зиянды салаларында жұмыс істеп жүргендерге бермеске? Сонда қызығушылық туар еді. Шекаралық аймақтардан үй беру, тағы да басқа осы сияқты ауылда, ауыл шаруашылығында  жұмыс істеуге қызығушылық тудыратын көмек түрлерін, жолдарын ойластырып, оларды заң шығарушы органдарға ұсынып жатырмыз.

Комбайны жоқ аудандар  бар

- «Аймақта бір  комбайны жоқ аудандар бар»  дедіңіз облыста өткен бір шара үстінде. Комбайнға деген қажеттілік жоқ па, мүмкіндік жоқ па?

 

- Оның екі жағы бар: комбайн болуы үшін егіні, жақсы жері  болуы керек. Ол жоқ болса техниканың да қажеті жоқ.  Солтүстік ауданарды қарасақ, олардың ірі шаруашылықтарында 20-40 мың гектардан жер бар. Сол солтүстіктегі ірі шаруа қожалықтарынан оңтүстіктегі аудандар басшылары, шаруа қожалықтарының иелері  үйренуі керек. Тіпті құжаттарды қалай жасауға дейін үйренуі керек, минералды тыңайтқышты қалай сатып алып, субсидияны қалай алу керектігін, бәрін. Аудандардың даму тұжырымдамасын жасап жатқан жұмыс тобының мүшелеріне алдымен осыны ұғындырып  келеміз. Өзге жақтың емес, осы өзіміздегі озық аудандардың ауыл шаруашылығы қалай өркендеп жатқанын көріп, үйренуімз қажет.

Сол жақсының бәрін әр аудандағы жер ерекшелігін, климаттық ерекшелікті ескере отырып, жасауымыз керек.  «Осыны қалай өзімізде жасауға болады?» деп олар өздері есік қағып тұрулары керек.

Шөл даладағы Израйль халқы ақылдарының, ғылымының  арқасында   дамып, ауыл шаруашылығы өнімдерін толассыз барлық елге экспорттап жатыр. Голландия да солай, кіп -кішкентай мемлекет болғанымен ауыл шаруашылығы бойынша екінші орында тұр. Ал, біздің  ауыл шаруашылығындағы әлеуетіміз  олардан сан мың есе артық. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек.

- Ақылмен атқарылған іс қана баянды болып, нәтижесін, жемісін береді. Дегенмен, әлеуеті ашылмай жатыр деп отырған аудандарымыз қам-қарекетсіз де емес.

- Әрине, әр ауданда мемлекеттік бағдарламалар, жобалар  жүзеге асырылып жатыр.  Соның бірі ретінде  даму жолына түсіп келе жатқан Зайсан ауданын атап айтуға болады. Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов  білікті, іскер басшы. Бұл ауданның егін шаруашылығына  былтырдан бері суғармалы технологиялар енгізіліп жатыр. Биылғы жылы аудандағы Шілікті ауылы жақтан 400 басқа арналған  тауарлы сүт фермасын ашуға қаржы қарастырылып жатыр.

Күршім ауданындағы  кәсіпкерлік және  ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Искаков ауданды, шаруашылықтарды дамытуға қатысты тың қадамдарды, жоспарларды  тиімді ұйымдастыра отырып, ісіміздің ілгері басуына ықпал етуде. Бұл ауданда  ет өңдеу, суландыру жүйелерін құру бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Марат Қызовтың бастамасымен ауданның ауыл шаруашылығын алға бастыруда  айтарлықтай игі істер атқарылып жатыр.

Марқакөл ауданында да қозғалыс бар. Жаңа ауданға кадрлар келіп жатыр. Марқакөл аудандық  кәсіпкерлік және  ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Саят Мәденовтың қолға алуымен жер жаннатына баланып отырған бұл ауданды  өркендетудің жоба, жоспарлары жасалынып жатыр. Марқакөлдің  әлеуеті Тарбағатай ауданынан асып түспесе, кем емес.  Аталған ауданды өркендетудің екі басты бағытының бірі-туризм, екіншісі-суғармалы алқаптар арқылы егін  шаруашылығын дамытып, мал азығының мол қорын жасау.  Осы мақсатта Қытайдан  Марқа өңіріне инвестиция тартып жатырмыз.

Өсіру  емес,  сату қиын

- Өзіңіз ауыз толтыра айтып жатқан әңігімеңізді тыңдай отырып, бұл маңызды шаралар, шаруалар бұған дейін неге жасалмады екен деген сұрақ туындап отыр.

- Мен өзім қырдың адамымын, осы саланың маманымын. Сондықтан мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы – бұл менің өмірім. Жалпы, он дипломнан, өмірдің дипломы артық.

Филиалға басшылыққа былтырғы қараша айында келдім. Осы уақытқа дейін төрт тұжырымданы бекітіп, заң қабылдаушы органдарға жолдадық. 1-әр ауданның даму тұжырымдамасы, 2-жаңбырлатып суғару жүйелерін орнатудың тиімді тетіктері. 3-кадр мәселесі, ауылдағы мамандардың мәртебесін көтеру. 4- күзде малды өткізетін мал қабылдау пункттерін, ет комбинаттарын ашу. Біле білсек, мұның өзі үлкен жұмыс. Бұрын да болған біздің облыста фермерлер қауымдастығының филиалы. Бірақ оның бар екенін ауыл шаруашылығындағылардың өзі білмей келді. Елім деген азаматтардың тәжірибесіне, біліміне сүйеніп қолға алған шрауаларды ширата береміз.

Қазір міне, күзде ауыл тұрғындары ала жаздай баққан малын қайда өткізерін білмей отыр. Оңтүстіктен, аннан –мұннан келгендерге  амалының жоқтығынан сұраған бағасына бере салуда. Малды өсіреді, өткізе алмайды.  4-тұжырымдама бойынша, алдағы уақытта әр ауданда 5000-10000 басқа дейін мал бордақылау алаңдарын салуды жоспарлап отырмыз. Мал етін өткізудің австриялық, америкалық жолы бар, біз америкалық жолды таңдадық. Ауыл адамдары малын ауылдағы бордақылау алаңына өткізеді, малы сонда тіркеліп, оларға субсидия   төленуі керек. Егер бір келі етке 200 теңге субсидия бөліну керек болса, қазір  ауыл тұрғыны, қарапайым шаруа 300 келілік бір малдан 60 -80 мың теңге субсидия  жоғалтып отыр. Бұл мемлекеттен төленіп отырған қаржылай қолдау ауыл еңбеккеріне тиіп жатқан жоқ қазір, себебі, субсидия бордақылауында 3000 басы бар ірі шаруашылыққа ғана төленеді. Субсидияның қызығын тағы да сол тек ірі шаруашылықтар ғана  көріп жатыр. Енді аудандағы мал бордақылау алаңына ауыл тұрғынының, ұсақ шаруаның етке өткізетін малын тіркеп, өткізу арқылы осы жерден субсидия алуды ұйымдастырмақпыз.

Бұрын кеңестер одағында дайындау конторы болды, «Загот. контора» деген. Ауыл адамдары малды өсіріп, ары қарай қайда сатам деп бас қатырған жоқ. Қазір қалай өсірем деп емес, қайда сатам деп уайымдайды. Сондықтан мал басын арттыруға қызығушылық төмен. Мықты мал азығы қоры болмаса малды да бағу қиын.  2023 жылы көктемде бір ғана Шілікті деген ауылда 1500 жылқы, 1200 сиыр өлді. Қуаңшылық болған  2020-2023 жылдары облыстың оңтүстік аудандарында  көктемде малдың 30 пайызы қырылып қалды.

Біздің фермерлер қауымдастығының мақсаты - сынау емес, ұйымдастыру.  Мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына, орынбасарларына, аудан әкімдеріне, ауыл шаруашылығына қатысы барлардың бәріне: «Менімен дос болыңыздар» деймін. Халықпен де, депутаттармен де 24/7 байланыстамыз.

Көктемде шекаралық аймақтарға таяу жатқан жерлерді әскерилерге қайтару, (2018 жылы шыққан статья) шекаралық аймаққа дейінгі 2 шақырым жерді шаруалардан алып алу туралы заң, малшылардың иелігіндегі шекараға жақын жердің бәрін алу керек деген шешім шықты. Фермерлер қауымдастығы дабыл қағып,  сол статьяны өзгерту арқылы шаруалардың жерлерін өздеріне қалдыру туралы Парламентке хат жолдадық. Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров та  өтінішімізге құлақ асты.  Қазіргі күні Премьер-министрдің орынбасары Серік  Жұманғариннің басқаруымен жұмыс тобы құрылып, осы мәселемен айналысып жатыр. Мәселе шешілсе, Марқакөл, Зайсан, Үржар, Күршім, Катонқарағай аудандарындағы шекараға таяу жатқан жерлер енді шаруа қожалықтарынан қайтарылып алынбайды.

Ендігі бір түйткілді мәселе – ауылдағылар, шаруалар малын жайып, қайырып жүрген мотоциклдерді заңдастыру, легализациялау. Бүгінгі күннің күш көлігі мотоцикл болды. Бензинмен жүргенімен  қытайлық мотоциклдер жанармайды өте аз жағады. Алайда, ауылдағылардың бәрінің дерлік теуіп жүрген мотоциклдерінің құжаттары жоқ. Алыпсатарлардың кесірінен мотоциклдер ауылдағыларға құжатсыз сатылған. Біраз жыл бұрын бұл көлік түрі көп мөлшерде кірді. Ауыл шаруашылығындағылар, қарапайым мал баққан, жан баққан ауыл тұрғындары енді осы құжаты жоқ көліктерін тіркете алмай әуре болып жүр. Күнде хабарласады. Қазіргі міндет сол  мотоциклдерді тіркеуден өткізу керек. Тіркелген соң олардан салық түседі. Жергілікті мемлекеттік кіріс органдарына  көмек болады, осы жұмысты жылдың аяғына дейін бітіріп, желтоқсаннан кейін фирмаларға құжатсыз мотоцикл сатуға тиым салуымыз керек. Құжатсыз мотоцикл сатып алуға тиым салуды заңды түрде бекісек дейміз.  Қазір осы мақсатта  заң шығарушы органдарға құжаттар дайындап жатырмыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан: Жанаргүл Мұқатай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу