KZ
Өскемен
-25°
плотный туман Штиль
514.93 536.04 5.18

Өңірде жол мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде

Фото: pexels.com

4.12.2024, 16:45 76 Гульжан Мусина

Биыл Шығыс Қазақстанда Жол жылы болып жарияланған болатын. Соған сәйкес облыста атқарылатын жол жөндеу жұмыстарының көлемі де, бөлінетін қаржысы да былтырғымен салыстырғанда екі есе артты. Барлығы жүзден астам жоба іске асырылды.

Шығыс Қазақстандағы жол инфрақұрылымы жақсарып, шұрық-тесік жолдардың біраз бөлігі жамалып, көлік жүргізушілері үшін жағдай айтарлықтай жеңілдеді. Бұл жұмыстар облыстың экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз, өйткені өңірдің көлік жүйесінің жақсаруы жүк және жолаушылар тасымалын оңтайландырып, халықаралық деңгейде бизнес пен сауданың дамуына жағдай жасайды.

Мамандардың пікірінше, жол сапасының жақсаруы, әсіресе Шығыс Қазақстанның көршілес Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясымен шектесетін аумағында туризмнің дамуына да айтарлықтай әсер етеді. Жақсартылған жолдар мен көлік қатынасы шетелдік туристердің ағымын арттырып, өңірдің табиғи және мәдени байлықтарына қызығушылықты оятуы мүмкін. Шығыс Қазақстанның әсем табиғатын, тарихи ескерткіштерін және ұлттық мәдениетін таныту үшін бұл өте маңызды қадам.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда халықаралық сапа стандарттарына сай автокөлік жолдарының желісін қалыптастырудың қажеттілігіне ерекше тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Оның айтуынша, жақсы жолдар көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, сауда және туризм салаларын да дамытудың негізгі факторы болып табылады.

– Жол салу және оны жөндеу жұмыстары да экономиканың дамуына тың серпін береді. Мұндай шаралар кемінде 12 мың шақырым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәтижесінде елді мекендерге көлікпен қатынау едәуір жеңілдейді. Азаматтардың барыс-келісі жанданып, бизнестің белсенділігі артады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстандағы Күршім көпірінің ашылуы да маңызды оқиға болды. Бұл көпір аймақтағы жол инфрақұрылымының дамуына қосқан үлкен үлес болып табылады және көлік қозғалысын айтарлықтай жеңілдетеді. Жаңа көпірдің іске қосылуы, әсіресе ірі көлік дәліздеріне жақын орналасқан өңір үшін, жүк тасымалы мен туристер үшін үлкен қолайлық тудырады.

Белгілі бір өңірдің ғана емес, тұтастай мемлекеттің дамуы жол-көлік инфрақұрылымына тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Жұрттың «Жол жылынан» күткен үміті ақталып келеді. Облыстың жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл аймақта  (жөнделетін барлық жолдар мен олардың аяқталу мерзімі нақтылы көрсетілген)  бес жылдық жоспар жасалынды.

«Жол жылы» деп жарияланған биылғы 2024 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу көлемі екі есеге ұлғайып,  қаржыландыру 31,5 млрд. теңгеге (2023 ж. – 20,4 млрд. теңге) дейін жеткізілді. Жол жылы аясында облыстық маңыздағы 222 км, аудандық маңызға ие 378 км жол, барлығы 600 км жол ( 31,5 млрд. теңгеге) жөнделіп, көшелер ретке келтіріледі. Дәл бүгінгі күнге дейін оның 420 км жөнделіп бітті. 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша, соның ішінде биыл облыстағы жолдар мен көпірлерді салуға және қайта жаңартуға – 3 млрд.теңге бөлінді. Өскемен қаласының Сәтпаев пен Жібек Жолы даңғылдарының қиылысындағы көлік айрығын салу жұмыстары жалғасып жатыр. Алматы тас жолына шығатын Жібек Жолы және Базовая көшелерін қайта жаңарту аяқталды.

Облыс орталығындағы Қазақстан көшесі, Жеңіс және Славский даңғылының тұсында Ертіс көпірінен түсуде айрық жолдар салу, сондай-ақ Виноградов көшесінің тұсында Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы желісі 5265 км құрайды, оның ішінде: республикалық маңызы бар жолдар - 1238 км, облыстық маңыздағы жолдар - 1587 км, аудандық маңызы жолдар -  2440 км.

Осы жолдардағы орташа жөндеу жұмыстары негізінен елді мекендер мен туристік аймақтарға (1,1 тыс. км.)  жақын жатқан жолдарда жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» аясында және аудандардың өз қаражаты есебінен де біраз жол қалпына келтіріліп жатыр. Биылғы жылы  ауылдардың ішіндегі көше жолдарын жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Ағымдағы жылы облысымыздағы елді мекендердің жолдары мен көшелерін орташа жөндеуге 22,3 млрд. теңге бөлінді (РБ – 7,7 млрд. теңге, ҰҚ – 2,4 млрд. теңге, ОБ – 7,3 млрд. теңге, ЖБ – 4,9 млрд. теңге), оның ішінде:

600 км жолдар мен көшелерді орташа жөндеу бойынша 110 жоба іске асырылып жатыр. Олардың  11 – өтпелі (11%), 99 - жаңа жоба.

Облыстық маңызы бар жолдарда 15 нысан, 6-ы ауыспалы,  9-ы жаңа нысан іске асырылуда. Олар: «Шілікті –Зайсан» (0-12) автомобиль жолының 12 шақырымы, «Ақжар-Омбы-Майқапшағай» (106-124 км) жолының 18 шақырымы, «Үлкен Нарын –Күршім» (23-38 км) жолының 15 шақырымы.

30 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары аяқталуда: «Васильевка-Бозанбай» жолының 15 шақырымы (Сібе көлдеріне апаратын), «Күршім-Қалжыр» 15 шақырымы (91-106 км).

100 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде: «Өскемен-Тарғын-Самар» жолының 12 шақырымы (133-145 км), «Шілікті-Ақжар» жолының 30 шақырымы (78-93, 93-108 км), «Күршім–Қалжыр-Бурабай» жолының 15 шақырымы, «Октябрь өткелі-Алтайка-Новохайрузовка» жолының 27 шақырымы (км 10-25, 25-36,4), «Новотроицкое ауылына кіреберіс» жолының (км 6-22) 16 шақырымына жөндеу жұмыстары басталды.

Санынан  бұрын сапасы маңызды

Аудандық маңызы бар жолдар мен көшелер бойынша 380 шақырым жолдар мен көшелерді орташа жөндеу бойынша 95 жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде 5 ауыспалы және 90 жаңа жоба.

Жобалар жетерлік, алайда, олардың санынан, ұзындығынан бұрын сапасы  маңызды. Себебі, жөнделгенімен, келер жылы -ақ қайтадан қиыр- шиыр қалпына түсіп жататын жолдар көп.

– Бар мәселе сапада болып тұр. Келер жылы бұл проблемамен тағы бетпе-бет келмеу үшін биыл жөндеу жұмыстарын барынша сапалы жүргізу қажет. Жол патрульдерімен тығыз жұмыс істеу керек. Жолдың тозуына көптеген фактор әсер етеді. Оның ішінде сапасыз атқарылған жұмыс, жер бедері мен климат та бар. Жалпы, құрылыс технологияларын өзгерту жайында да ойланатын кез келді. Ал бақылау жұмыстарына құзырлы басқарма мен Ұлттық сапа орталығы ғана емес, қарапайым адамдар да қатыса алады. Бұл іске қоғам белсенділерін тартыңыздар. Кез келген адам жөндеу жұмыстарын қайда және қашан жүргізілетінін білуі үшін басқарманың сайтында жолдардың толық тізімін жариялау қажет, – деп тапсырма берген болатын облыс әкімі Ермек Көшербаев салынған, жөнделген жолдың ұзындығына емес, сапасына назар аудартып.

Салынып, жөнделіп жатқан жолдардың,  құрылыс материалдарының сапасын бақылауды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК (бұдан әрі-Ұлттық сапа орталығы) жүзеге асыруда. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жол сапасын қадағалауға орай орталық филиалымен 80 млн. теңге сомасына шарт жасасқан.

Аудандарда, қалаларда салынып жатқан жолдарды тізбектей кетсек, биыл Өскемен қаласының әкімдігімен 35 шақырым жол жөндеу бойынша 38 жоба  іске асырылуда. 

«Өскемен - Алтай - Үлкен Нарын - Катонқарағай - Рахман қайнарлары» бағытындағы Осинов асуының жолын салу жалғастырылып жатыр. Бірер аптадан соң көптен күткен Бұқтырма су қоймасының үстіне салынып жатқан көпір құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салуға қаражат бөлуді тапсырғанда тек күршімдіктер ғана емес, бүкіл өңір халқы сенер-сенбесін білмей, қатты қуанды. Енді міне, «Жол жылында» ғасыр құрылысы мәресіне жетіп, аймақ жұрты абыр-дабыр болып, бір бірінен сүйінші сұрасып, әлеуметтік желілерде қуанышты хабарлар желдей есіп, Күршім халқы тойға қамдануда. Шығысқазақстандықтар жаңа көпірді көруге асығуда!                  

Жолдың нашарлығы аудандарда азық- түліктің қымбаттауына, жанармай, көмір бағасының өсуіне себепші болып, халықтың әлеуметтік жағдайына өз әсерін тигізіп келді. Сол тозығы жеткен жолдар жөнделіп, жаңарған соң елдің де көзі ашылды. Биыл Самар ауданында 9 жоба, Зайсан ауданында 26 км жөндеу бойынша 5 жоба, Алтай ауданында 14 км жөндеу бойынша 8 жоба іске асырылуда.

Тарбағатай ауданында 54 км жөндеу бойынша 12 жоба, Катонқарағай ауданында 23 км жөндеу бойынша 7 жоба, Күршім ауданында 10 шақырым жөндеу бойынша 9 жоба іске асырылуда.

Глубокое ауданыда 28 шақырым жөндеу бойынша 11 жоба және Шемонаиха ауданында 28 км жөндеу бойынша 10 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Ұлан ауданында 32 шақырым жөндеу бойынша 10 жоба жүзеге асырылуда. Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарында 3 жобадан жүзеге асырылып жатыр.

Шемонаиха қаласындағы Уба өзені арқылы өтетін апатты көпірді қайта жаңарту жобасы әзірленуде. Аталған көпір 1962 жылы салынған, көпірдің ЖСҚ әзірлеуге 194 млн. теңге бөлініп отыр, жобалаушы «ТЕКА-Проект» ЖШС.

Рекордтық көлем

Биыл «Талдықорған - Қалбатау - Өскемен» республикалық тас жолының  60 шақырым бөлігі қайта жаңғыртылып, пайдалануға беріледі.

«Калбатау - Майқапшағай» тас жолындағы ұзындығы 181 шақырымдық жол бөлігі де биыл пайдалануға берілмек.

Облыстағы республикалық маңыздағы жолдардың 392 шақырымына орта жөндеу жүргізілмек.  2024-2025 жылдарда 17 жол нысанын жөндеуге 37 млдр. теңге қарастырылып отыр:

- 152 км  «Өскемен – Алтай - Үлкен Нарын - Катонқарагай – Рахман қайнарлары» бағытында,

- 105 км  «Өскемен-Риддер- РФ шекарасы» бағытында,

- 24 км  «Омск-Майқапшағай – Қалжыр - Марқакөл» бағытында,

- 18 км  «Өскемен- Семей» бағытында,

- 93 км  «Өскемен - Шемонаиха -  РФ шекарасы» бағытында.

Биыл барлығы 110 км жолға орта жөндеу жүргізіледі, жобалар 2025 толық аяқталады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалының мамандары облыстағы  республикалық маңыздағы 392 км жолдың орта жөндеумен қамтылып отырғаны   рекордтық көлем екенін айтуда. Жоғарыдағы жолдар бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып біткен соң облыстағы республикалық маңызға ие сапасыз жолдардың барлығының жағдайы жақсарады.

Жүк көліктеріне бақылау жүргізілмек

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары жолдардың сақталуын қамтамасыз ету жол қозғалысы қауіпсіздігінде маңызды рөл атқаратынын айтады. Салмағы габариттік параметрлерді бұза отырып, кен тасымалдап жатқан жүк көліктерінің бақылаусыз қозғалысы жол жабындысының құрылымын бұзуға, қауіпсіздікке қауіп төндіретін ақаулардың пайда болуына әкеліп жатыр. Бұзылған жолды қалпына келтіру үшін кем дегенде орташа жөндеу жүргізу қажет екен. Көлік Министрлігінің тапсырмасына сәйкес облыстық маңызы бар жолдарда жүк көлік құралдарының салмақтық параметрлерін өлшеудің автоматты жүйесін орнату мәселесі пысықталуда.

Күршім ауданында пайдалы қазбалардың көптеген кен орындары бар. Кен орындарында комбинаттардың болмауына байланысты кен Алтай ауданына, облыстық маңызы бар «Күршім-Қалжыр» (131 км) және «Үлкен Нарын-Күршім» (135 км) автомобиль жолдарымен тасымалданады. 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бұл жолдарға шамамен 5,8 млрд. теңге салынып, 192 км жөнделген.

Аталған жол бағытында салмақтық бақылау кешенін орнатуға 130 млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Жанаргүл Көкенайқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу