Шығыс өңірінің дамуы: Бұқтырма көпірі және жаңа өндіріс мүмкіндіктері
Шығыс Қазақстан облысы табиғи байлықтары мен өндірістік әлеуеті мол өңір ретінде еліміздің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Әсіресе, фармацевтикалық шөп дәрілер мен кең ауқымды өндіріс үшін қолайлы жағдайлары бар аймақтың болашағы зор. Бұл жерде алдағы уақытта жаңа кәсіпорындардың ашылуы мүмкін, әсіресе Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің ашылуымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтеріледі.
Ертістің екі жағындағы елді бір-бірімен жалғайтын бұл өткелдің құрылысы бүгінде аяқталды. Президенттің тікелей тапсырысымен қолға алынған бұл жобаның шекаралық аудандардағы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң әсер етері анық.
Өзінде бар орасан зор аграрлық әлеуетті тиімді пайдалануды көздеген Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығының өнімдерін жан-жақты өңдеу ісіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Әлбетте, өнімді шикізат күйінде емес, барынша өңдеп, халықаралық стандарттарға сай әрі сапалы түпкі тұтыну тауары ретінде саудалаған, экспортқа шығарған анағұрлым тиімді екені анық. Осы ретте де өңірде бірқатар ірі жобалар қолға алынған, оның қатарында өндірістік бал шығаратын фабрика салу, өсімдік майынан сұйық және құрғақ лецитин өндіру сынды ауқымды бастамалар да бар.
Бұқтырма көпірі барлық салаға серпін берді
Бұқтырма көпірі – Шығыс өңірінің жұртшылығы жарты ғасырдан астам уақыт сарыла күткен ерекше нысан. Осы уақытқа дейін облыстағы Күршім және Марқакөл аудандарының тұрғындары аймақ орталығына жаз кезінде пароммен, ал қыста мұз үстімен қатынап жүрген еді. Көпір салу қажеттілігі көп жылдан бері айтылып келген-ді.
2019 жылдың 19 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Твиттердегі парақшасында Үкіметке Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу үшін қаражат бөлуді тапсырғанын мәлімдеді. Аталмыш жаңалықты өңір халқы үлкен қуанышпен қарсы алды.
Тиісті қаржы бөлініп, 2021 жылдың ақпанында нысан құрылысы басталып та кетті. Бұл жобаның бастапқы құны 30,2 млрд теңге көлемінде есептелді. Кейінірек, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты 2022 жылдың тамызында жобалық-сметалық құжаттама түзетіліп, құны 61,4 млрд теңге болды.
Екі жолақты автомобиль көпірі Қазақстандағы ең ұзын көпірдің бірі болды, ұзындығы – 1316 метр, ені – 12,2 метр, ал өткізу қабілеті – тәулігіне 80 мың автомобильге дейін.
Көпірдің тағы бір ерекшелігі сол, ол кеме қозғалысына кедергі жасамайды. Сондай-ақ екі жағынан да мұзкескіштер орнату қарастырылған. Сең жүргенде мұздар сонда қопарылып, көпір тіректеріне тимейтін болады.
Құрылыс жұмыстарына Алматы қаласынан, еліміздің түрлі өңірлерінен келген инженерлер тартылған, ал негізгі жұмыстарды жергілікті білікті мамандар мен еңбеккерлер атқарды. Осы жобаның арқасында облыста бірегей көпір құрылысшыларының бүтін бір шоғыры қалыптасты. Көпір құрылысы барысында 500 кәсіби жұмысшы жұмылдырылған, оның ішінде 30 инженер-ғалымдар қазақстандық мамандар.
Көпірдің ашылуы Шығыс Қазақстан облысының ішкі өнімінің өсуіне мультипликативті әсерін тигізеді. Алдағы 3-5 жылда ішкі өнімнің 6-7% өсуі ықтимал. Бұл Қазақстанның географиялық транзиттік әлеуетін арттырып, Ресей мен Қытай арасындағы ең қысқа жол болып табылады. Жол қашықтығы 500 км-ге қысқарады, нәтижесінде өнім көлемі де артады.
Қазіргі заманның экономикасы – логистика мен инфрақұрылымдық жобаларға негізделген. Жол бойында пайда болатын мекемелер, кәсіпорындар, мал бордақылау орталықтары, жанармай құю бекеттері, мейманханалар, әсіресе туризмнің дамуына ықпал етеді. Катонқарағай секілді туристік аймақтарға келетін автокөліктердің саны жазда тәулігіне 20 мыңға дейін жетеді.
2023 жылы Шығыс Қазақстанға 370 мың турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 400 мыңға жетті. Ал көпір арқылы келетін туристер саны 485 мыңға жетеді деп жоспарлануда. Бұл жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ашады әрі өңірдің дамуына серпін берері хақ.
Көпір құрылысы Күршім және жаңадан құрылған Марқакөл аудандарының экономикасына өзінің оң әсерін тигізбек. Көлік қатынасы қарқын алған соң осы өңірдегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, сауда салалары соны серпін алады. Қазірдің өзінде кен орындарын игеру, тауарлы сүт фермаларын салу, Марқакөл көлінің жағалауына демалушыларға арналған қонақ үйлер тұрғызу сынды жобалар қолға алынған.