Осинов өткеліндегі жол құрылысы келер жылы аяқталады
Фото: Евгений Домашев
Еліміздегі ең ұзын, ең тар әрі ең көркем асудың Шығыс Қазақстанда екенін білесіз бе? Ол – Өскеменнен Рахман қайнарына дейінгі күре жолдың бойындағы әйгілі Осинов (Тереңсай) асуы. Он алты шақырымға созылып жатқан осы тау ішіндегі ирелең жол осыдан сексен үш жыл бұрын қара халықтың күшімен салынған болатын. Қазіргі уақытта асуды айналып өтетін төте әрі қауіпсіз трасса құрылысы қызу жүріп жатыр. Ол пайдалануға берілген соң Осинов асуы тек айрықша туристік нысан ретінде қолданылатын болады.
Айналма жолдың құрылысы қашан бітеді?
Жалпыұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық стандарттарға барынша жақын автожол желісін жеделдетіп қалыптастыру қажеттілігі туралы айтып, қазіргі жай-күйіне ерекше назар аударған еді. Бұл тұрғыда республика өңірлері мен көрші мемлекеттер арасындағы байланыстырушы буын саналатын Шығыс Қазақстанның рөлі айрықша маңызға ие. Осыған орай, 2024 жыл облысымызда «Жол жылы» болып жарияланған-ды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, биыл 600-ден астам шақырым жол мен көше жөнделеді. Аталмыш мақсатқа 28,5 миллиард теңге қарастырылған. 600 шақырым жолдың 375 шақырымы орташа жөндеу көретін болады. Оның 222 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар болса, 153 шақырымы – қалалық және аудандық маңыздағы жолдар. Сол сияқты, ауыл-қалалардағы көшелердің 108 шақырымы қалпына келтірілмек. 88 шақырым жол «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, ал 29 шақырым жол аудан-қала әкімдіктерінің қаражаты есебінен жөнделетін болады.
Әлбетте, республикалық маңызға ие трассалар да назардан тыс қалмақ емес. Шығыс Қазақстанда мұндай маңызы бар жолдардың кем дегенде 200 шақырымын қалпына келтіру жоспарлануда.
Атап айтсақ, Өскеменнен Шемонаиха, Риддер, Алтай мен Семей қалаларына апаратын жолдарды жөндеу мәселесі қарастырылуда. Бұған қоса, осы жылы Қалбатау – Майқапшағай, Талдықорған – Өскемен жолдарын, сонымен қатар Өскемен мен Рахман қайнарын жалғайтын трассаның Осинов асуы тұсындағы бөлігін жөндеу жалғасады.
Бұл ретте Осинов асуындағы жолдың сапасы сын көтермей тұрғаны жасырын емес. Осыған байланысты бұл жолды жөндеу жұмыстарын жылдамдатып бастап кеткен дұрыс болар еді. Алайда дәл қазіргі ауа райы бұл жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік бермей тұр.
Ал енді Осинов асуын айналып өтетін төте жолдың құрылысына келер болсақ, 2023 жылдың қазан айынан бері учаскелердің бірінде жаңадан жалданған мердігер ұйым жер жұмыстарын қызу жүргізуде. Қазіргі уақытта бұл мақсатқа 2023-2024 жылдарға жоспарланған 3,9 миллиард теңге қаражаттың 2,9 миллиарды игеріліп қойған. Айналма жолдың құрылысы тек келер жылы аяқталады деп күтілуде. Оған жол бойында бой көтеруге тиіс үлкен көпірдің құрылысы себеп болуда екен.
Жоспар бойынша, айналма жол Өскемен – Алтай трассасының 53-ші шақырымынан басталып, 71-ші шақырымында қосылатын болады. Жаңа жол алты шақырымға қысқарады әрі жазық, қауіпсіз болады. Қар алатын және көшкін түсетін учаскелеріне екі километрдей темір-бетонды қалқан тұрғызылады. Жол бойында демалуға арналған алаң, көпір салынып, ол жерлерге шамдалдар орнатылады.
Жетпіс екі күн ішінде салынған
Шығыс Қазақстан өңірі өзінің көзтартар табиғатымен ерекшеленетіні белгілі. Аймағымызда Катонқарағай ұлттық паркі, Мұзтау шыңы, Рахман қайнары және Бұқтырма су қоймасы сынды атағы жер жарған көрікті жерлер орналасқан. Бір қызығы, дәл сол аумаққа жету үшін нақ осы Осинов асуымен жүріп өтуіңіз керек. Біз бұл ретте асу жолының қалай салынғанын және онымен алғаш жүргенде адамдар қандай ұмытылмас әсер алатынын баяндап кетелік.
Осинов асуы «Шығыс айналма жолы» деп аталған автокөлік жолының 56-шы және 72-шы шақырымы аралығын алып жатыр. Жол бойында тіке өрлермен және ылдилармен қатар, 180 градустық шұғыл бұрылыстар өте көп. Бұрылыстар аса қауіпті, десек те қоршаған табиғаттың сұлу көрінісі саяхатшының бойындағы қорқыныш сезімін де сейілтіп жіберуге қауқарлы.
Бұл жол Кеңес өкіметі тұсындағы көптеген жобалар секілді ұрандатқан, жалаулатқан қара халықтың күшімен салынды. Әрине, жолдың қауіпсіз болуын ол кезде ешкім ойластырған емес. Өндірісті өлкені дамыту үшін көлік байланысын орнату басты міндет еді. Есесіне, саяхатшыларға ұмытылмас әсер сыйлайтын ерекше жолдардың бірі пайда болды.
Атап өтерлігі, өткен ғасырдың басында облысымызда автокөлік жолдары тым аз болатын. Жүктердің басым бөлігі Ертіс өзені арқылы баржалармен тасымалданып жүрді. Өндірістің дамуы, әсіресе Ертістің оң жағалауында жатқан Зырян кенішінің және кен-байыту фабрикасының іске қосылуы автомобиль жолдарына деген сұранысты одан сайын арттыра түсті. Сол себепті 30-шы жылдары Шығыс өңірінде күре жолдар салу жұмыстары қарқынды түрде басталып кетті.
Бұл жобаға кеңес өкіметі «Восточное кольцо», яғни «Шығыс айналма жолы» деген атау берген-ді. Осы ауқымды бастама аясында төселген іргелі жолдардың бірі – облыс орталығы – Өскеменнен Жаңа Бұқтырма кентіне, одан әрі кенді Алтай шаһарына қатынайтын трасса.
Жол құрылысының жобасы атқарушы органдар тарапынан әзірленді. Онда бәрі де егжей-тегжейлі ескерілді, тек қазынадан тиісті қаржы ғана бөлінген жоқ. Бұған жауап ретінде 1940 жылдың 29 қаңтарында жергілікті халық «Қызыл партизан» ауылшаруашылық серіктестігінде үлкен жиналыс өткізіп, жолды өз күшімізбен-ақ саламыз деп шешім қабылдады. Бұл батыл үндеу маңайдағы барлық колхоздарға таратылды.
Сол жылдың жазына қарай алып құрылысқа Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған адам жиналды. Олар күн сайын берілген жоспарды екі жүз, тіпті үш жүз пайызға асыра орындап отырды. Бір қызығы, құрылысқа қажет арнайы техника мұнда болған емес. Тіпті қарапайым күрек пен қайланың өзі тапшы болғанын қайтерсіз?! Әйтеуір, кейін күректер Ресейдегі Төменгі Тагиль қаласынан, ал балта-қайла секілді құралдар Алматы облысынан жеткізілді. Құрылысқа со кездегі Кеңес одағының үздік деген инженерлері жетекшілік етті.
Жұмыс аса ауыр, машақатты болды. Жартастарды динамитпен, көп жағдайда қол қайламен қопарып, зілдей тастарды ат-арбаларға салып тасуға тура келген. Жұмыскерлер іске таңғы сағат төрттен тұрып кірісетін. Оның үстіне құрылыс барысы қаһарлы НКВД жендеттерінің жіті бақылауымен жүргізілді. 72 күн ішінде 1940 жылдың 16 шілдесіне қарай жол құрылысы толығымен аяқталды.
«Шығыс айналма жолын» салу кезінде жұмысшылар 2 миллион текше метр қиыршық тас төсеп, ондаған мың текше метр жартасты қопарды.
Осылайша Осинов асуындағы жол пайдалануға берілді.
Аустра Бирзе: аңыз әлде ақиқат
Ел арасында нақ осы жолдың құрылысы кезінде таудан құлаған үлкен тастың астында қалып, мерт болған қыз туралы аңыз бар.
Құрылыс кезінде жарылыс бригадасының құрамында ленинградтық Аустра Бирзе атты жас қыз жұмыс істейді. Ол өз ісіне жауапты әрі тындырымды болыпты. Кезекті жарылыстардың бірінде жартастың бір бөлігі қопарылып түсіп, қыз соның астында қалады. Жұмысшылар қанша талпынғанмен тасты қозғалта алмапты. Сөйтіп, қыздың сүйегі сол қара тастың астында мәңгіге қалыпты-мыс. Кейін жұмысшылар бригадасының көркемдік жетекшісі Григорий Бадажков деген кісі жол шетіндегі әлгі жартастың төбесіне бесжұлдыз, ал оның ішіне қайла мен күрек салыпты.
Десек те, мұрағат құжаттарынан бұл дерек еш расталмаған. Жарылыс кезінде жұмысшылар қауіпті аумақтан шығарылып отырған екен.
Асуды көру үшін келетіндер көп
Асу жолы көлік қозғалысы үшін өте қауіпті саналады, әсіресе қыс кезіндегі көктайғақтан келер қатер мол. Сексен жыл ішінде бұл аумақта көптеген көлік апаттары орын алып, қаншама жолаушының өмірін қиды. Қаншама автобус аударылып, қаншама мәшін жолдан ұшты, тіпті қар тазалайтын техниканың да құлаған жағдайлары болыпты. Сондықтан бұл трасса еліміздегі «өлім жолдарының» бірі саналады. Апаттар санын азайтуға сеп болсын деген ниетте 2011 жылы жергілікті халық осы маңға «Спаси и сохрани» деген жазуы бар православ крестін қойған.
Соңғы жылдары көлік жүргізушілеріне жеңіл болу үшін мұндағы шұғыл бұрылыстарға сфералық айналар орнатылды. Олар алдағы бұрылыста көліктің бар-жоғын көруге мүмкіндік береді. Әрине, аталмыш айналар қауіпсіздікті біраз болсын арттырды. Сондай-ақ саяхатшылар олардың қасында суретке түскенді ұнатады.
Айталық, алматылық Сергей өткен жазда Катонқарағай ұлттық паркінде болыпты. Серпантинмен өткен. Оның айтуынша, асу жолы тым тар, демалыс күндері тіпті көлік кептелістері де пайда болады.
Қауіптен толық арылу үшін облыс басшылығы бүгінгі таңда асуды жанай өтетін айналма күре жол құрылысын жүргізіп жатыр. Ол біткен соң бұл жол тек туристік нысан ретінде қолданылатын болады.
Қазірдің өзінде серпантин арқылы өту үшін арнайы Шығысқа ат басын бұратын туристер баршылық, себебі Осинов асуы кім-кімге болсын ерекше сезім сыйлайды.
Әзірлеген – Ержан Әбіш