KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Еңбегі елеулі азамат

5.12.2024, 17:15 32 Гульжан Мусина

Аудандағы спорт саласы қарқынды дамуда. Оған кейінгі буын өкілдерінің қосқан үлесі зор. Солардың бірі – Ерасыл Маратұлы. Ол жас спортшыларды дайындап, шыңдап жүрген шебер жаттықтырушылардың бірі.

Ерасыл Маратұлының спортта жеткен жетістіктері аз емес. Сондықтан болар, жас маманды өзге аудандар мен қалаларға жұмысқа шақырушылардың қатары көп. Десе де, ол туған жерінің дамуына үлес қосып, жерлестерінен мықты спортшыларды тәрбиелеп, есімдерін әлемге танытуды армандайды.

- Волейболдан аудан, облыс және республиканың бірнеше дүркін чемпионы атандым. 2016 жылдың желтоқсанында «Волейболдан спорт шеберіне үміткер» атағын алдым, – деді Ерасыл Маратұлы.

Әдетте спортқа жақын жандар мектеп бағдарламасындағы басқа пәндерді жақсы көре бермейді. Ал бұл кейіпкеріміз мектепті үздік тәмамдаған. Талантты спортшы тек спорттан ғана емес, жан-жақты қабілетті екендігімен ұстаздарының есінде ерекше сақталған.

Жас спортшы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алған. Университетте оқып жүрген кезінен-ақ Ерасыл волейбол ойындарында төрешелік еткен. Кейіннен жоғары, Ұлттық лигаларда, Азия чемпионатында төреші ретінде жұмыс атқара бастайды. Бүгінде ол волейболдан Республика чемпионаттарына төреші болу үшін еліміздің әр аймақтарына іссапармен барып тұрады екен.

Ол университетті үздік бітіріп, туған ауылына оралып, еңбек жолын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мен жаттықтырушысы ретінде бастайды. Сол жылы мектепте «педагог модератор» біліктілік санатын алады. 2020 жылы Омбы гуманитарлық академиясына педагогика мамандығы бойынша магистратураға түсіп, 2023 жылдың ақпан айында бітіреді. Осылайша, жұмысын қатар ала жүріп «педагогика магистрі» атанады. Жас та болса, талайға үлгі болып жүрген Ерасыл Маратұлының атқарып жүрген қызметі айтарлықтай орасан зор.   

Осыдан екі жыл бұрын Ерасыл «Қазақстан Республикасының волейболдан Ұлттық судьясы» атағын алды. Сонымен қатар «волейболдан біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушы» біліктілік санатын иеленді.

Ерасыл Маратұлының тәрбиелеген шәкірттері өткен жылы волейболдан «Шұбар доп» мектеп лигасының облыстық кезеңінде 3-орынға ие болды. Сондай-ақ осы жылдың қазан айында облыстың күзгі чемпионатында 2-орынға ие болған. Екі оқушысы облыстың құрама командасында ойнап жүр. Өткен жылы Хромтау қаласында өткен халықаралық турнирде облыстық құрамдағы оқушылары 3-орын иеленген. Ал биыл оқушысы Камила Тютенева Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасының жазғы чемпионатында жеңіске жетіп, МСК нормативін орындап отыр. Сондай-ақ маусым айында «Шұбар доп» ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңіне 5-6 сынып қыздары арасында волейболдан команда дайындап апарып, 3-орынмен оралған. Ерасыл Маратұлының оқушыларының жеткен жетістіктері жоғары екендігін осыдан-ақ байқауға болады.

– Өзімнен кейінгі спортқа құмар жастарға «тәртіп, оқу және спорт – жетістікке жетелейді» дер едім, – деп жастарға кеңес береді жаттықтырушы.

Айта кетейік, Ерасыл өзі де волейболдан ауданның құрама командасында ойнайды. Көктемгі облыс чемпионатында күміс жүлдегерлер атанған. Ағымдағы жылы өткен Ұлттық ойындар сайысында 2-орын иеленген.

Айта кетейік, Ерасыл Маратұлы ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап «Самар ауданының білім бөлімі» ММ-де әдіскер болып жұмыс істейді. Бүгінде ауданның білім беру ұйымдарындағы спорт үйірмелерінің, дене шынықтыру сабақтарының сапалы өткізілуін, мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуларын қамтамасыз ететін іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуына бағыт-бағдар беріп жүрген білікті маман. Атап айтқанда, аудандық спорт бөлімімен бірлесіп 2023 жылдың желтоқсанында волейболдан облыстық турнир, «volley Mix» аудандық турнирі және тағы басқа көптеген іс-шаралардың өтуіне мұрындық болған.

– Самар ауданы облыстық, республикалық сайыстарда үздік спортшыларымен үнемі көзге түсіп жүр. Бүгінде ұлттық мектеп лигасында, облыстық, республикалық турнирлар мен чемпионаттарда волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, футбол, бес асық, күрес сынды спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болып жүрген оқушыларымыз көп. Бұл өз кезегінде аудан спортының қарқынды дамып келе жатқанының көрсеткіші, – деді ол.

Айта кетейік, ауданның спорт саласын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген Ерасылдың жан жары да мұғалім екен. Екеуі де білім саласында еңбек етеді. 

Қанағат Қасымұлы

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу