KZ
Өскемен
+13°
небольшая облачность жел 5 м/с, ОШ
447.89 476.78 4.79

ШҚО-да армрестлингтің танымалдығы хоккейден кем емес

Фото: Ғ. Сабитов

27.03.2024, 10:46 352 Айжанат Бақытқызы

Шығыс Қазақстанда қол күресі спорты жақсы дамып келеді. Оның танымалдығы жеңіл атлетика мен шайбалы хоккейден еш кем емес. Облыстың ғана емес, бүкіл еліміздің атын әлемге әйгілеп жүрген Әлижан Мұратов, Ораз Басаров қатарлы жерлестеріміздің жетістіктері бұл сөзімізге дәлел.

Қазір өңірде спорттағы дарынды балаларды қолдау үшін армрестлингті насихаттау бағдарламасы қолға алынған. Атап айтсақ, Риддер қаласы, Алтай, Зайсан, Күршім, Ұлан, Глубокое, Тарбағатай аудандарында жас спортшыларды қол күресіне баулу дұрыс жолға қойылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

- Армрестлинг бойынша жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар облыс орталығында ғана тәрбиеленбейді. Мәселен, бүгінде бұл спорт түрі Риддер қаласында, Алтай, Зайсан, Күршім, Ұлан, Глубокое, Тарбағатай аудандарында жақсы жолға қойылған, - деп атап өтті ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасының өкілі.

Мамандардың айтуынша, балалардың қол күресіне деген қабілет-қарымын көріп, талантын ұштай түсу үшін облыста түрлі сайыстар ұйымдастырылып, іріктеу жарыстары тұрақты өткізіліп тұрады. Соның нәтижесінде топ жарып, қатарынан үздік шыққандар облыс құрамасына алынады.

Бүгінде өңірімізде армрестлингпен 7144 адам шұғылданады, оның ішінде 23 жасқа дейінгі спортшылар саны 4 мыңнан асады. Сондай-ақ елуден астам мүмкіндігі шектеулі спортшы жаттығатын бөлімшелер бар. Балалармен 26 жаттықтырушы-оқытушы жұмыс істейді. Қаладағы мектептерден және облыс орталығына жақын маңдағы аудандардың білім ошақтарынан армрестлингке бейімі бар, қарым-қабілеті жеткілікті оқушыларды секцияға іріктеу жұмысы ұдайы жүргізіліп тұрады.

- Биыл біз балаларды спорт секцияларына іріктеуді сапалы жүргізуді көздеп отырмыз. Республикалық және халықаралық жарыстарда облыс құрамасындағы спортшыларды жақсы нәтиже көрсетуге дайындап, үздіктерді ел құрамасының резервіне шығарамыз. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен әдіскерлерді біліктілігін арттыру курстарынан өткізуді ұйымдастырамыз, - деді ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасында.

Қазір өңірде I дәрежелі спортшылар саны 300-ден астам болса, спорт шеберіне кандидат дәрежесін 250 спортшы алған, спорт шебері атағы 35 саңлаққа берілген. Сол сияқты 20 адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанса, үш спортшы еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие. Жыл басынан бері шығысқазақстандық спортшылар 300-ден астам медаль жеңіп алған.

Айта кету керек, армрестлинг олимпиадалық спорт бағдарламасына енгізілмегенмен, миллиондаған жанкүйері бар, танымал спорт түрлерінің қатарынан саналады. Ол 1960 жылдары АҚШ-та қайта жанданған көне спорт түрі.

1962 жылы қыркүйекте Калифорния штатындағы Петалума қаласында ристрестлингтен (білек күресі) алғашқы Әлем чемпионаты өтті. Ал Қазақстанда бұл спорт түрі 1990 жылдан кең тарала бастады. 

Тарихқа көз жүгіртсек, 1989 жылы елімізде КСРО-АҚШ-Канада спортшыларының матчтық кездесуі өткен. КСРО-дан шыққан алғашқы әлем чемпиондарының бірі деп Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем және Еуропа чемпионы Вячеслав Чиванинді атауға болады.

Азия және Әлем чемпионаттарындағы тұрақты жеңістерінің арқасында Қазақстан осы спорт түрінен көшбасшылық орнын нықтай түсті. Облыс спортшыларының арасында армрестлингтен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ораз Басаров пен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әуесқойлар арасында ғана емес, сонымен қатар әлемдік деңгейдегі кәсіпқойлар арасында да өнер көрсететін әлемнің абсолютті чемпионы Әлижан Мұратов сияқты көрнекті тұлғаларымызды мақтан тұтамыз.

Алматы қаласында армрестлингтен өткен кейінгі Әлем чемпионатында да біздің спортшылар жеңіс тұғырының ең биігінен көріне білді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив