Ісмердің ісі «Ауыл аманатымен» іске асуда
Мемлекеттің қолдауымен ұйымдастырылған түрлі қайтарымсыз гранттар талай азаматқа кәсіп бастап, нәпақасын табуға себеп болды. Шемонаиха ауданының тұрғыны Айым Қабылбаева «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіп ашып, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсібін кеңейтіп отыр.
Шемонаиха кентінің тұрғыны Айым Қабылбаева іс тіккенді ұнатады. Бос уақытында маталарды пішіп, өзіне, балаларына киім-кешек тігіп жүрді. Іс тігу, тоқыма тоқу сынды ептілікті, икемділікті қажет ететін тігіншілік өнер қазіргі заманда көп әйелдің бойынан табыла бермейді. Сондықтан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жеке әлеуметтік санаттарға жататын жас кәсіпкерлерге өз бизнесін жүргізу үшін бастапқы білім мен дағдылар үйретілетінін естіген Айым ханым қолынан келетін істі кәсібіне айналдырып көргісі келді.
Қайтарымсыз гранттың қаражатына болашақ кәсіп иесі кесте тігетін, өндірістік тігін және мата торлауға арналған машиналарын сатып алды. Бірақ кәсіп бастау ол үшін бірден оңай болмады. Өйткені Айым бірінші кезекте асыл ана, аяулы жар еді. Алдына мақсат қойған адамға ешнәрсе кедергі болмас. Қолында 1,5 жасар және 3 айлық балалары барына қарамастан, кәсіп бастауға деген арманымен Айым күндіз шаңырақтың анасы болып, түнде тігін тігетін.
Осындай ұйқысыз түндердің арқасында Айым ханым өз ательесін ашты. Қазір ол киімдердің үстіне торлап, кестелеп жазу да жазып, сурет те салып бере алады. Тапсырысқа киім-кешек тігеді. Кез келген затты пішіп береді. Бастысы – ауданда оған бәсекелес болатын ешкім жоқ.
Айым Қабылбаева мамыр айында кәсібін кеңейтіп, ателье ашып, тұрғындарды қосымша жұмыс орындарымен қамтыды.
Енді кәсібін әрмен қарай табысты ету үшін, түскен тапсырыстарын уақытылы әрі сапалы орындау үшін Айым ханымға торлап тігетін, кестелеп тігетін өндірістік машиналар керек. Бұл қажеттілігін өтеуге оған тағы мемлекеттік бағдарлама қолдау болды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы 5 жылға 2,5 пайызбен несие берді. Оның үстіне кәсіпкердің кәсібі табысқа шығу үшін несиенің алғашқы жылы ешқандай төлемдер жасамауға болады.
Бұдан бөлек, кәсіпкер киімге арнайы жазу жазуға, сурет жапсыруға арналған 3D принтерде қоғамның сұранысын қанағаттандырады деген пікірде. Сондықтан мұндай таптырмас дүние, ательесінің бір бұрышынан орын тапса дейді.
Ақерке Рағызбаева