Біз білмейтін Барақ батыр өткелі
Қарсы алдында тұрған қара айғырдың айбарынан сескеніп жирен қасқа жалт бұрылды. Жалт бұрыла бергенде бір қолында қылышын, екінші қолында қалқанын икемдеп келе жатқан қалмақ батыры ерден түсіп қала жаздап, еңкейе бере ат жалынан шап берді. Оның оң қолына қыса ұстаған қылышы жерге суси түсе берді. Осы сәтте Есбол ат жалына жабыса еңкейген қалмақтың қара құсын көздеп, тақымындағы шоқпарын екі аяқты үзеңгіге тірей сілтеп қалды. Болат дулығаға тиген қарағай шоқпардың дыбысы Есболдың құлағына ызың-дай жетті. Артына бұрылып қарады. Топырақтың шаңын бұрқ еткізе құлаған жоңғар батырын байқады. Іле-шала дәл қасынан иесіз бос тізгінін сүйретіп шыға берген жирен қасқаның шылбырын іліп алып, Есбол өз қосынына қарай ызғыта жөнелді. Оның қалқан ұстаған оң жақ қапталы аман болғанымен найзаның ұшы қадалған сол жақ иығы мен қара саны жаралы еді. Бірақ Есбол жарасын елейтін түрі жоқ. Түменбасының алдына келіп ақсия күліп:
– Барақ батыр, батаңыз қабыл болды, – деді. Түменбасы Есболдың үсті-басы қан басқан түрін көріп, дереу арттағы бақауыл тобына жөнелтті де қарсы жақтан жекпе-жекке шығам деген белгі болмаған соң жедел дабыл қақтырып, жаппай ұрысқа белгі берді.
Көп ұзамай-ақ, айнала айғай-сүреңге ұласып кете барды. Дүрбіттер атының басын шығысқа қарай бұрып жосылып берді.
Арада екі-үш күн өте Есбол мәңгілік мекеніне аттанды. Өлгендерді жерлеп, жеңісті тойлап, бір түмен қол Шар
бойында біраз аялдап, қазақ қолы шығысты бетке алды.
Жеті көкжарлының қаратай бұтағы-нан тараған құратайдың қос бөрісінің бірі жүзбасы Есбол батырдың қырық серкенің майы мен жылқының қылы қосылып өрілген мазары әлі күнге дейін Шар өзінің құбыласындағы ескі қорымдардың ішінде ерекше еңселі биік қалпында менмұндалап тұр.
Алда Бұқтырма өзенінің Ертіске құяр айлағының түстігінен Құзғындының теріскей тұсынан бастау алып Сарымойнақ өткеліндегі жазықта қазақ қосындарын үлкен айқас күтіп тұрды. Бір түмен қолды шығысқа бастап бара жатқан Барақ батырдың көзі жеткені – екі ғасырға жуық «Ұлы жоңғар хандығы» атанған ойрат әулетінің күні батуға айналғаны.
Алға озыңқырап кеткен бура Ақпантай батырдың мыңдығы Ертістің бойындағы Қалбатаудың шығысқа жантая сұлаған жоталарының кезеңшесіне таяу тұсынан өтетін аңғарына жеткенде қалың қалмақпен қоянқолтық ұстаса кетті. Олар осылайша сіресіп тұрғанда бесін мезгілінде Барақтың негізгі қолы келіп ошарылды. Қаптама ұрыспен шабуылдайын десе, қалмақтар тұрған Ертістің жағасы қалың ағаш болғанымен бергі қазақ қолы келіп тірелген қапталы тыр жалаңаш. Өзеннің жайылмалау таяз тұсынан өте шығайын десе, ағаш ішіне жасырынған мергендер мылтық пен садақтан оқ жаудырып, қия бастырмайды. Ертістің арғы жағасындағы биік тұрғылар мен оңтайлы тұстарының барлығына жоңғар жасақтары бекініп алыпты. Барақ жауға қарсы еш айла-тәсіл ойластырмай тұрған Ақпантай батырға ренжи:
– Қаншама уақытты босқа өткізіп, қалмаққа қарсы қарап тұра бергенше бір амал таппадыңдар ма?!
– Қалмақтар бізді дәл осы жерде күтіп алуға дайындалғаны белгілі. Өзеннің арғы жағында құрылған тұзақ та болуы мүмкін. Бір жағынан өздеріңді күттік, келісіп пішкен тон келте болмайды, – деді Ақпантай батыр.
– Жарайды, бәріміз бірігіп бір амалын іздейік. Барлық мыңбасы, жүзбасы батырлары жорық шатырыма жиналсын! – деді де атының басын шұғыл бұрып жүріп кетті.
Бір шай қайнатым уақытта Барақтың алты қанат жорық шатыры құрылып болды. Мыңбасы, жүзбасы батырлар да жиналып қалған еді.
Көкжал Барақ жорық шатырының қақ төрінде қабылан терісінің үстінде қалың ой үстінде отыр.
Балдырған 4-5 жасынан әкесінен айырылып, әкесінің ағасы Шонаның тәрбиесін алды. Сығыр жасына (14-15) жетер-жетпестен қолына найза алып, кісесіне алмас қылыш байлаған. Бозбала жасына жеткеннен бері көк сүңгі мен қайқы қылышты серік етті. Содан бері еліне тиген жауды жапырып келеді.
Көкжал Барақ ауыр күрсінді. Осы мезетте алыстан құлағына Шеген жырау домбырасының үні жеткендей болды. Алдағы ұлы шайқасқа дем бергендей шайырдың жыры айналасына алапат күш берген тәрізді. Жалды батыр Шеген жыраумен өткен Шыңғыстау, Шаған шайқастарында бірге болды. Қарап отырса жарты ғасырға жуық жерін қорғаған екен. Осы өткен өмірінде әйгілі Аңырақай шайқасынан бастап Бұланты, Шыңғыстау, Шаған, алда болатын ұлы Шорға шайқасының сыбағасы да оны күтіп тұр. Тіпті осыған дейін болған қытай-сібе соғыстарының да басы-қасында болыпты.
– Қас қарайғанша жер жағдайымен танысып шолып қайтайық. Қосынның соңы әлі келе қоймаған болуы керек, оларды дұшпанның көзіне шалдырмай тоқтатып қойғанымыз жөн. Осы жерге жетіп үлгерген жасақтар бізден хабар жеткенше орындарынан тапжылмасын. Жорық шатырын әдейі құрғыздым. Өзеннің арғы бетіндегі жау қосындары біз осы жерде біразға дейін дамылдайды деген ойда болсын, – деді түменбасы. Жорық шатырындағы батырлар Барақтың шешімін мақұлдады.
Түменбасының бұл болжауы дұрыс еді.
Барақ сол күні екінді мезгілінде алдыңғы топтың соңын ала келген қолды жау көзіне түсірмей, соңынан ертіп, Ертіс бойын жағалап өткел іздеп жүріп кетті.
Ай аспан төріне көтеріле өзеннің таяз тұсын іздеп қалың қосын жылжып келеді. Әзірге буырқанған Ертіс өткел берер емес. Өзеннің кей тұстары тіпті терең екен.
Таң қылаң бере Барақтың қолы негізгі жасақтан ат шаптырым жерге ұзап барып, таяздап қалған Шибастау өзенін кешіп өтіп, Терісайрықтың Ертіске құяр айлағына жете ат басын ірікті. Біраз уақыт өте жан-жаққа барлау тобын жіберіп алған соң өздері аттарының алапат жол аяңына басты. Тарбағатай тауынан бастау алған Терісайрық өзенінің жағалай жайғасқан құз шатқалдарын аралай аласара жатаған тартып, дегелең төбелерге айналып, Ертіске жетіп ұртын толтырады. Осы толтырған арнасын ұлы өзенге сарқа салатын тұсында бірін-бірі қуа жарысқан сары құм шағылдар бар.
Осы Терісайрық өзенінің дамылсыз аққан суы, кешегі фәниден бақилыққа кеткен Өтей әулеті аруақтарының соңынан қалғысы келмей, асыға да ашына ағады. Жоңғардан алар өшін, бүгінгі ұрпаққа айтар өкпесін жағадағы құм шағылдарынан алғысы келгендей толқындарымен аяусыз ұрғылайды.
Алтайды сонау ерте кезден бері тоғыз таңбалы найман елінің ергенекті тармағынан тарайтын Сүгіршіден өрбіген жеті көкжарлы жұрты мекен еткен. Ергенектінің ұрпақтары қөкжарлы, саржомарт, бура үш ағайынды болып тарамдалған. Осы көкжарлы ұрпағы Шыңғысхан заманынан бері Алтайдан үш рет ауып, үш рет оралған деседі. Көкжарлыдан тараған жеті ұлдан өсіп-өнген халықтың саны сол кездің өзінде Алтайдың қойны-қонышын бірге жайлап бес дуан елге айналған. Алтайдың күнгейі жеті көкжарлыдан тараған Өтей жұртының ата қонысы болған. Бүгінде де солай.
Барақ сол күні таң шапағы рауандай бастағанда қарсы беттегі қалмақ қосындарына бетпе-бет келіп аңдысып тұрған қазақ жасақтарын сол орнынан қозғамай-ақ үш-төрт мыңның айналасындағы шағын қолмен Ертістің Сарымойнақ өткелінен өте шықты. Бұл өткелді түменбасы бала кезінен білетін. Терісайрықтың Ертіске құяр айлағының осы бір қысаңдау таяз тұсының Сарымойнақ аталуы өзен жағасын көмкерген сары құм шағылдарымен байланыстыратын өзінің Өтей жұрты.
Сол күні күн көтеріле бере өзеннің оң жағасында самсап тұрған жоңғар әскеріне қарай қазақ қосындары жақындап келе жатты.
Осы жолы жоңғарларды Барақтың түмендері ойламаған жерден шапты. Қалмақтар өзен бойына жағалай қозы көш аймақты күзеткенмен алыстан орағытып келіп сол қанат әскері күтпеген жерден артқы шептен келіп тиді. Түменбасы әйгілі найман, керей батырларына қалмақтың бірде-бір жауынгері тірі қалмасын деп жарлық айтты. Осы кезде Барақтың ақжал атын атқосшыларының бірі алдына көлде-нең тарта берген еді. Кенет «Аруақ!», «Қаптағай!», «Жәнібек!» «Ақсопы!» деген айбарлы ұрандар естілді. Жоңғар қосындары сасып қалды. Артқы жақтан айналып кеп соққан Барақ батыр бастаған сол қанат түменінің негізгі қолы еді. Құйындатып келе жатқан болат сауытты батырды көргенде жоңғарлар «Көкжарлы көкжал Барақ?!» деп шу ете түсті. Бұл кезде Барақ бастаған қалың қол қалмақ түземіне жетпей-ақ жаудың шет жағы сетіней берген еді.
Сарымойнақ өткелінен қозы көш жерде болған шайқас қазақ әскерінің жеңісімен аяқталды. Осы шайқас үстінде Көкжал Барақ жекпе-жекте қалмақтың бас батыры торғауыттан шыққан Балдынза ноянды өлтіріп, қазақ қосындарына жол ашты. Сол кезде Алтайдың терістігі мен күнгейін, түстігін төрт ойраттың тайпалары басып жатқан болатын. Өз әскерінің жеңілісін ести сала, жайлауда отырған қалың жоңғар жұрты шығысқа үрке көшті. Бір бөлігі Қарғыба, Хабарсу арқылы Тарбағатай жеріндегі Маңыраққа бет алса, бір бөлігі Құзғынды асуы арқылы Білезік, Алқабек өзендерінің бойымен Өр Алтайдағы Тәңіртауға тартыпты. Жеңістің буына масаттанған қалың қолдың алдыңғы тобы оларды өкшелей қуып торғауыт пен ұраңқай көшінің жартысын басып қалды. Ал ертерек қимылдағандары Алтай асып, Ұзынжота, Қарайрық, Өскелеңді басып өтіп, орыс еліндегі Алтай жеріне қарай жосылды. Қуғыншы жүздіктер оларды орыс жеріне дейін қуып, кері қайтты.
Содан бері Сарымойнақ «Барақ өткелі» аталып кеткен еді. Ертіс бойындағы осы «Барақ өткелі» сол оқиғадан кейін бір жарым ғасырға жуық өз атауымен ел есінде қалған.
Арада бірнеше күн өткенде қал-мақтың тағы бір батыры Күршім ноян-ның басы жекпе-жекте Барақ батыр-дың қанжығасында кетті.
Ел сол жылғы шайқастың соңы Тарбағатай жеріндегі Шорға маңын-дағы қазақ әскерінің жеңісімен аяқ-талған еді деседі.
Араға қаншама жылдар салып орыс патшасының қазақ жерін отарлауы басталғаннан бері өткелдің атауы жойылды. Іле «Казнаковская переправа» деген мәні жоқ атауға ие болды.
Ұлан-ғайыр жеріміз – тұнып тұрған шежіре. Қазақ жерінің әр атауын халықтың өзі қойған. Бүгінге жеткен жер-су атауының өз тарихы, сыры, мәні бар.
Әр заманның өз жырау-жыршысы бар. Осы Барақ өткелінің дәл қасында биыл қазанның соңында Бұқтырма су қоймасын қақ жарған көпір салынып бітті.
Талай жыл сағындырған арман көпір,
Құшағын бар халыққа жайған көпір.
Халыққа игілікпен қызмет етер,
Құтты болсын ең үлкен Найман көпір, – деген өлең жолдары ел аузында жатталып қалды.
Кім айтса да, кім шығарса да, дәл тауып айтылған сөз дегенді осы өңірді жайлаған қалың ел айтады.
Тоқтар Мағзұмов,
жазушы