KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Соңғы жылдары АИТВ (ВИЧ) жыныстық жолмен жиі жұғуда (видео)

29.11.2024, 11:00 58 Гульжан Мусина

Биыл Шығыс Қазақстан облысында АИТВ (ВИЧ) жұқтырған 305 жағдай тіркелді. Олардың 60%-ы ер адамдардан, 40%-ы әйелдерден анықталды, деп хабарлайды  Altainews.kz  тілшісі.

1 желтоқсан - Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні. Осыған орай, ШҚО ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі орталығы тұрғындар арасында ақпараттық кездесулер өткізіп, бұл емі жоқ қауіпті індеттің алдын алу бойынша насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуде.

– Қазіргі таңда облыстық диспансерлік есепте 3200 адам тіркелген. Оның 3000-ы ғана ем-дом қабылдап жатыр. Қалғандары ем алудан бас тартқан. Көпшілігі АИТВ-ны нашақорлықпен байланыстырады, бірақ қазіргі жағдай өзгеше. Қазір аурудың 60%-ы жыныстық жолмен жұғады, – деп атап өтті ШҚО ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі орталығының бас дәрігері Салтанат Фатихова.

Орталық мамандарының айтуынша, бұрын бұл ауру нашақорлардың ортақ ине қолдануынан таралса, соңғы 3-4 жылда көбіне жыныстық жолмен жұғу жиілеп отыр. Сондықтан өңірдің әр 200-ші тұрғыны осы ауруды жұқтыру қаупіне ұшырауы мүмкін.

– Бұл – біздің қоғамда қабылдау қиын тақырыптардың бірі. Ауру көбінесе кездейсоқ анықталады, мысалы, ота алдындағы анализдер немесе жүкті әйелдердің тексерісінен өткен кезде, – деп түсіндірді Салтанат Фатихова.

Егер жүкті әйелден АИТВ анықталса, болашақ ана уақытылы ем қабылдауы тиіс. Дұрыс және дер кезінде жүргізілген терапия сау баланың дүниеге келу ықтималдығын арттырады.

– Жүкті әйелден АИТВ анықталған жағдайда біз оны ретровирустық терапиямен емдеуді бастаймыз. Егер дәрі-дәрмекті дұрыс қабылдаса, бала сау болып туылады. Биыл 9 жүкті әйелден АИТВ анықталып, барлығы аман-сау нәресте дүниеге әкелді. Бірақ ананың бала емізуіне тыйым салынады, – деп түсіндірді ШҚО ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі орталығының бөлім меңгерушісі Сауле Кениспекова.

АИТВ ауруының нақты емі болмаса да, оңалту шаралары арқылы науқастар толыққанды өмір сүре алады.

– Қазір базистік терапия хаттамалары бойынша жұмыс істейміз. Бұрын науқастар бірден 4-5 дәрі қабылдаса, қазір олардың бәрі бір таблеткаға біріктірілген. Бұл емді жеңілдетіп, жанама әсерлерін азайтады, – деді Салтанат Фатихова.

Айта кетейік, Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай, 29 қарашада Буров көшесі, 21/1 мекенжайында орналасқан ШҚО ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі орталығында сағат 8:00-ден 15:30-ға дейін тұрғындар АИТВ жұқпасына тегін тест тапсыра алады. Тест анонимді және ашық түрде жүргізіледі.

Ақерке Рағызбаева
Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу