Ақбауырдың ақиқаты: Тылсымға толы тарих
Қазақ сахарасының ұлан-байтақ алқапты алып жатқан аумағын, оның асты мен үстіндегі ен байлығын айтпағанда, адамзат баласын өзінің тылсымдығымен таңғалдырып, археолог-ғалымдардың өзін әуре-сарсаңға салып қойған киелі де, қасиетті жерлері өте көп.
Солардың бірі (б.з.д. III–II мыңж). Өскемен қаласынан оңтүстікке қарай 38 шақырым, Өскемен–Самар тасжолының шығысында екі шақырым жерде, Бестерек пен Сағыр ауылдарының арасында орналасқан Ақбауыр (ШҚО, Ұлан ауданы) тарихи-археологиялық кешені.
Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені туралы азын-аулақ естеліктер мен мәліметтер ХIХ–ХХ ғ.ғ. басында там-тұмдап ғана берілген көрінеді. Ал, 1980 жылдан бастап жоспарлы түрде зерттеу басталған. Бірінші болып Сағыр ауылының аумағын және Ақбауыр үңгірін кеңінен зерттеген, сол елдің тумасы, тарих ғылымдарының докторы, археолог – Зейнолла Самашев.
Үңгірлерге үңілсең – көне жазба сыр шертер
Ғалым әр түрлі тарихи кезеңнің көптеген жартасқа салынған суреттерінің сырын ашып, олардың сипаттамасын жасап, ғылыми түсіндірме берген. Айталық, жартастардың бірінде жасанды тесік бар. Егер олардың біреуіне су құйса, онда көктемгі күн мен түннің теңелуінде күн сәулесі көрініп, жоғарғы тесікке түседі. Жартастың жанында үлкен тас тұр. Онда да бильярд шарларына арналғандай тесік бар. Мұнда тас ұңғыларының пішінін қайталайтын руда құймалары, шатқал аумағында үлкенді-кішілі домна пештерінің қалдықтары табылған. Осы жерден жергілікті жануарлар – марал, сібір тауешкілері – теке, арқарларды бейнелейтін петроглифтертер де табылған.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, «Ақбауыр» кешені энергетикалық және ақпараттық генератор болып табылады. Бұл бірегей орынға 22 наурыз және 22 қыркүйекте барған қолайлы. Бұл – көктем мен күзгі күн теңелуінің уақыты. Жартастағы киіз үйдің аумағындай тас үңгірде жазу-сызулары бар мұндай кешен әлемде екеу ғана екен.
Бір ғажабы, үңгірдің төбесінде күндіз жарық түсетін, түнде жұлдыздар көрінетіндей ауқымды тесік бар. Осы археологиялық нысандардың ішінде Ақбауырдың алар орны маңызды. Толық зерттелмегендіктен Ақбауыр жұмбағы хақында болжамдар да аз емес және сан алуан.
«Тастан тұрғызылған құрылысы күрделі ескерткіш-гротерте дүниедегі аспан әлемін бағамдайтын обсерватория емес пе екен?» дейтіндер де бар. Өйткені ата-балаларымыз жұлдыздардың қозғалысы арқылы уақыт есебін жүргізіп, түрлі табиғат құбылыстарының алдын алып отырған.
Ақбауыр жөнінде Бестерек ауылының ақсақалдарының сөзіне сенсек, күннің үңгірдің дәл ортасына түскен сәулесі арқылы Наурыздың келгенін анықтаған екен. Демек, Жаңа жылды тойлау жоралғысы осы арада өткен. Бұл бір болжам ғана. Ал Ақбауыр болса, өз сырын ішіне әлі күнге бүгіп жатыр. Алайда, бұл жұмбақтың ашылар сәті алыс емес секілді.
Жақында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлы даланың элиталық ескерткіштері» деп аталатын ШҚО археологиялық зерттеулердің нәтижелері бойынша ғылыми-практикалық семинар өтті. Оған археология, тарих саласының ғалымдары мен С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері қатысып, соңғы жылдардың жаз айларында Ақбауыр шатқалында жүргізілген практикалық жұмыстары жайында жан-жақты мәліметтер берді.
Жас ғалымдар жаңалықтың жаршысы
Бабаларымыздың әуелден отырықшы өмір салтын ұстанғандарының бұлтартпас дәлелдерінің бірін тарихи-археология саласын зерттеуге талпынып жүрген студенттер Дәулет Дәулетхановтың, Дулат Қайырғазының, сондай-ақ, Құралай Рымханованың семинарда жасаған баяндамаларынан байқауға болады.
- Ақбауыр елді мекендерінің археологиялық ескерткіштерінен табылған жануарлардың сүйек қалдықтарын археозоологиялық тұрғыдан зерттеудің арқасында Шығыс Қазақстан аумағындағы ерте темір дәуірі халқының шаруашылық қызметін түсіну үшін маңызды көкжиектер ашылды, – деген Дәулет, археозоолог М.С.Шағырбаевтың зерттеулеріне сүйене келе Ақбауырдан табылған материалдарға қатысты келесідей ақпараттарды көлденең тартады. - Айталық, Ақбауырда табылған сүйек қалдықтарының көп бөлігі (97,8%) үй жануарларына жататындығы анықталған. Бұл дегеніміз, осы саладағы отырықшы мал шаруашылығының дамуының жоғары деңгейін көрсетеді. Ірі қара малдың сүйектерінің (42,7), содан кейін ұсақ малдың (33) және жылқының (22,1) пайыз қалдықтарының басым болуы бұл жануарлардың экономикалық қызметтегі маңызды рөлін көрсетеді. Үй тұяқтылары арасында негізінен ірі қара малдардың болуы мал шаруашылығында олардың етімен ғана емес, сонымен қатар сүт, жүн немесе мініс көлігі ретінде пайдаланғандарын көрсетеді.
Болашақ тарихшы-археолог Дулат Қайырғазы өз баяндамасында төмендегідей зерттеу қорытындыларымен таныстырып өтті.
2019 жылдан бері «Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешенінде жүргізілген зерттеулер Шығыс Қазақстан халқының ерте темір дәуіріндегі өмірін түсіну үшін жаңа көкжиектер ашты. Ескерткішті қазу әр түрлі формадағы тұрғын үйлер мен жартылай ашық шеберханаларды ғана емес, сонымен қатар ежелгі тұрғындардың экономикалық қызметінің әртүрлілігін көрсететін тас құралдарының кең спектрін анықтауға мүмкіндік берді, – дейді болашақ археолог Дәулет Қадырбекұлы.
Жалпы «Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешені жайында көп мағлұматтар тауып, жаза беруге болады. Ол болашақтың еншісіндегі парызымыз болсын.
«Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешенінде биылғы жазда қандай зерттеулер жүргізіліп, нендей тарихи құнды олжалар табылды, олар қазір қай жерде сақтаулы деген сауалдарға жауап алу үшін облыстық тарихи-өлкетану музейіне хабарласқанбыз.
- 2024 жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қоржынбай тауының айналасында сақтардың алты қонысы бары анықталды. Биыл соның ішінде №1 қонысқа зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта керамика ыдыстар мен заттардың 1400-ге жуық қалдығы табылды. Олардың арасында өрнектелген ыдыстардың да сынықтары бар.
Ал 300-ге жуық құрал-сайман сынығы да мұражай жәдігерінің қорына түсті. Олардың ішінде тастан жасалған кетпен сынықтары, балта мен балға сынықтары және өзге де құрал-саймандар бар. Мамандар барлығын тізімге алып, зерттеуге дайындап жатыр. Бұл бар болғаны бір жарым ай ішінде қолға түскен құнды олжа. Биылғы маусымдық жұмыс аяқталғанға дейін жәдігерлер саны екі есеге арта түседі деп сенеміз. Ендігі мәселе, осы қоныстардың үстін шыны саркофагпен жабу болып отыр. Себебі, қоныстарды жаңбыр суы шайып, ежелгі келбетін өзгертіп, уақыт өткен сайын тоздырып барады. Біздің мақсат байырғы мәдени құндылықтарды өз қалпында сақтап қалу.
Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев Ақбауыр тарихи-археологиялық кешеніндегі қазба жұмыстары нәтижесінде табылған тарихи жәдігерлерді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің мұражайына табыстады.
С.Аманжолов атындағы университеттің практик-оқытушысы Максим Половцевтің айтуынша, мұражайға қойылған жәдігерлер топтамасында тас балғалар, кетпендер мен керамикалық дискілер бар.
«Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Ләззат Жаманбаеваның мәліметінше, жоғары оқу орнының студенттері екі апталық археологиялық іс-тәжірибеден өткен. Оқытушылар мен студенттер археолог Зейнолла Самашевпен және тарихи-өлкетану мұражайымен 2012 жылдан бері әріптестік байланысын жалғастыруда. Содан бері Шілікті, Берел, Ақбауыр археологиялық кешеніндегі қазба жұмыстарына белсене қатысып келе жатыр.
Шара барысында Зейнолла Самашұлы гуманитарлық ғылымдар жоғарғы мектебі «Тарих» білім беру бағдарламасының студенттеріне «Қазақстанның шығысындағы соңғы археологиялық ашылулар: Тарих және мәдениет мәселелері контекстінде» тақырыбында дәріс оқыды.
Шығыс Қазақстан облысындағы «Ақбауыр» археологиялық кешенінде зерттеу жұмыстары 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қорық аумағынан сақтардың 6 қонысы анықталып, билы №1 қоныста қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда аталған қоныстан 2 мыңға жуық қыш ыдыстар мен құрал-сайман қалдықтары табылған. Мамандар ендігі мәселе, ерте замандағы сақтардың қонысының үстіне шыны саркафог салудың қажеттілігі туындап отырғанын айтты.
Қазіргі таңда ерте темір дәуірінде бұл өлкені мекендеген сақ тайпаларының бірнеше жүз ескерткіштері және алты бірдей қонысы анықталып отыр. Олардың біразына қазба жұмыстары жүргізіліп, ерте замандық өркениеттің қалдықтары, қыш ыдыстардың сынықтары мен құрал-саймандар табылған.
Археологиялық қазба жұмыстарына мамандар мен бірге осы саланың студенттері де келіп қатысып жатыр. Олар жаз бойын жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап қайтпақ.
Ақбауыр археологиялық кешені ескерткіштеріндегі жұмыстар ерте көшпенділердің мәдениетіне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Қорық аумағында әр түрлі уақыттағы ескерткіштер бар, олардың арасында халық егіншілікпен, мал шаруашылығымен және металлургиямен айналысқан ерте темір дәуіріндегі әртүрлі елді мекендер үлкен маңызға ие. Археологиялық ескерткіштерді зерделеу нәтижесінде Қазақстанның ежелгі, ортағасырлық тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысы бар көптеген құнды деректер жинақталмақ.
Жалпы еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері елдің әр түкпірінде археологиялық зерттеулер үздіксіз жүргізіліп келеді. Археологтар тапқан жәдігерлер осылай мемлекетіміздің рухани дамуына үлкен үлес қосуда.
Серік Құсанбаев